Бұл – қазақ халқының аңсаған «алтыны», көп күткен жеңісі. Осылайша, ол әлем чемпионатында еркін күрестен алтын медаль алған тұңғыш әрі ең жас қазақ балуаны атанды. Біз Туризм және спорт министрлігі, Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің атсалысуымен әлі елге оралмаған Ризабекке хабарласып, сұхбаттастық.
– Еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ спортшысы атануыңызбен құттықтаймыз! Жалпы, жеңіске жеткендегі әсер қандай болды? Жарыста қай балуанмен күресу қиынға соқты?
– Құттықтап жатқандарыңызға рақмет! Әлем чемпионы болу үшін 9 жыл еңбек еттім. 2019 жылы астанамызда әлем чемпионаты өткенде волонтер болғанмын. Ол кезде 15 жаста едім. Арада 4 жыл өткеннен кейін әлем чемпионатына қатысып, Алланың қалауымен әлем чемпионы атандым. Жарыста мажарстандық Балаш Юхаш пен түркиялық Фейзулла Ақтүрікпен және осы салмақтағы қазіргі әлемдік рейтингтің көшбасшысы, грузиялық Мириани Майсураздемен, әзербайжан спортшысы Осман Нурмагомедовпен белдестім. Әлем чемпионатында маған ең қиынға соққаны ақтық белдесу болды. Қарсыласым да оңай болған жоқ. Бірақ артылған жауапкершілікті ақтауға барымды салдым.
– Өзіңіз спортқа қалай келдіңіз? Балалық шағыңыз туралы айтып беріңізші?
– Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Кішкенекөл деген ауылда дүниеге келдім. Отбасымызда өзімнен кейін бес бауырым бар. Еркін күреске 10 жасымда інім екеумізді әкем қолымнан жетектеп, қинап әкелді. Әкемнің есімі – Қанат Жолдасбаев. Осылайша, менің алғашқы жаттықтырушым әкем болды. Ал анам мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Әкем: «Олимпиада, әлем чемпионы болуға тырысыңдар, соған талпыныңдар. Мақсаттарыңа жету үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасаңдар» деп үнемі айтатын. Сол сенім мен мақсаттың арқасында бүгінгі күнге жеттік. 2018 жылы Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне оқуға түстім. Осы жерде жаттықтырушымыз Самат Жақыпов өз қарамағына алды. Ал 2019 жылы 10-сыныпта оқып жүріп, Алматыдағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылдандым. Ағайынды Еркебұлан, Роллан Кешубаевтардың қарамағында жаттыға бастадым.
– Спортта үлгі тұтар ұстазыңыз болды ма?
– Әр спортшының үлгі тұтатын кумирі болады. Мен де кішкентайымнан ұстаздарым мен бапкерлеріме еліктеп өстім. Солардың бірі – ирандық балуан, Олимпиада чемпионы Хасан Яздани, екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев, үш дүркін Олимпиада чемпионы Бувайсар Сайтиев сынды балуандар менің кумирлерім. Бұйырса, солар сияқты нәтижеге жеткім келеді.
– Бұл алтынды Қазақстан 25 жыл бойы күтті деп кешеден бері БАҚ жарыса жазып жатыр. Неге әлем чемпионы атағы елімізге ұзақ күттіріп бұйырды?
– Иә, 25 жыл бойы қазақ елі бұл жеңісті асыға күтті. Біздің балуандар ақтық белдесуге дейін бірнеше мәрте жетті. Бірақ жауапкершілік жүгінің ауыр болғаны соншалық, балуандарымызға бақ пен сәттілік серік болмады. Мұндай сәтте әр балуан кілемге шығып, қолынан келгенін жасауы керек. Ал жауапкершілік пен сенімді кілем үстінде емес, белдесуден кейін ойлауы керек.
– Ендігі мақсатыңыз қандай?
– Осы жолғы әлем чемпионаты менің 92 келі салмақтағы соңғы жарысым болды. Келесі бәсекеден бастап олимпиада бағдарламасына кіретін 97 келіге дейінгі салмаққа ауысамын. Сөйтіп, олимпиадаға лицензия алуды жоспарлап отырмын. Келесі жылы және болашақта олимпиада чемпионы атану – менің мақсатым.
– Ал еркін күрестен ұлттық құраманың Олимпиада ойындарына дайындығы қай деңгейде? Сіздерде арнайы спорт дәрігерлері бар ма?
– Иә, еркін күрестен ұлттық құрама Олимпиада ойындарына дайындықты бастап кеткен. Қоржынымызда олимпиадаға бір лицензия бар. Қалған бес лицензияны Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде аламыз деп ойлаймын. Ұлттық құрамада Андрей Клепин атты мықты спорт дәрігері мен массаж маманы бар. Тікелей сол мамандардың арқасында біз жеңіс пен нәтижеге қол жеткіздік. Олар әрқашан біздің денсаулығымызды бақылауда ұстап, дәрумендер тағайындап отырады.
– Болашақ спортшыларға қандай кеңес бересіз?
– Еңбек әрқашан ақталады. Жас спортшыларға айтарым – ешқашан кері шегінбеңдер. Аянбай тер төге беріңдер. Ұтылып жатсаң: «мен әлі жаспын ғой» деген сылтауды ойдан алып таста. Кішкентай кезден бастап, жеңіске ұмтылу керек. Сонда 19-20 жасыңда әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы атанасың!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН