Күні кеше газ тасымалдау компаниясы өз есебінен ауылдық жердегі 50 пәтерлі тұрғын үйді газға қосып, бұл жұмыстарға 2,5 млн теңге жұмсады.
Көксу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мәди Кәрібаевтың айтуынша, жалпы аудан бойынша жеті елді мекен газдандырылған. Алдағы кезде Мұсабек ауылы да табиғи отынға қосылады. Ал Балпық би ауылындағы шағын ауданда 200 пәтерлік көпқабатты 5 жаңа үйдің төртеуінің тұрғындары 2019 жылдан 2023 жылға дейін бюджет есебінен газға кезең-кезеңімен қол жеткізді. Енді көгілдір отын 5-ші көпқабатты үйге тартылды. Бұл үйлердің тұрғындарына газ қостыру әр пәтерге шамамен 35 мың теңге көлемінде айналған болатын. Дегенмен жеке компания оны өз есебінен тегін қосып беруге ниет білдіріпті.
– Көпқабатты үй тұрғындарының басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, сондықтан облыс басшылығының тапсырмасы бойынша біз инвесторлардан көмек сұрадық. Жергілікті BSP-Group Ltd ЖШС газ тасымалдау компаниясы қолдау білдіріп, 2,5 млн теңге жеке қаржысын салды. Тиісті жұмыстар толықтай жүргізіліп, көптен күткен көгілдір отын пәтерлеріңізге беріліп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздерге тағы бір қуанышты жаңалықты жеткізейін. Келесі жылдан бастап Балпық би ауылы орталықтандырылған ыстық суға қосылады. Қазір тиісті жобаларын дайындап жатырмыз, – деді аудан әкімі Мәрлен Көлбаев.Көппәтерлі үй тұрғындары да қуанышын жасырмады.
– Біз осы сәтті 7 жыл күттік. Қалай болғанда да көрші көпқабатты үйлер газға тегін қосылды ғой. Сол себепті біздің үйді де тегін қостыруын сұрап, осы мәселемен облыс әкіміне, аудан басшылығына жүгіндік. Тиісті көмекті жасады. Газға қостыруға қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлерімізге тұрғындардың атынан алғыс білдіремін. Сондай-ақ біз тұратын пәтерлерді заңдастыру мәселесі де шешілді, – дейді тұрғын Айман Тойшыбекова.
Көпқабатты үйдің тағы бір тұрғыны, зейнеткер, өмірінің көп бөлігін қант қызылшасы алқаптарында өткізген еңбек ардагері С.Тәнтібаева да ризашылығын жеткізді.
Жалпы, Көксу ауданында 34 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Қазір Балпық би, Теректі, Мұқыры, Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет, Амангелді ауылдары газдандырылды. Мұсабек, Еңбекшіқазақ ауылдарын, Көксу стансасын көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауданның барлық елді мекені 2025 жылға дейін газдандырылады деп жоспарланған.
Жетісу облысында барлығы 22 елді мекен газдандырылып, 288 мың адам газға қол жеткізді. Биыл жалпы сомасы 22,9 млрд теңгеге газ тарату желілерін салу бойынша 22 жоба іске асырылуда, соның нәтижесінде 1 061 шақырым желі салынады. Оның ішінде жыл соңына дейін 20 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарланыпты.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы