Қыстан қысылмай шығу үшін барлық өңірде жылу беру маусымына дайындық жұмыстары үлкен жауап­кершілікті талап етеді.
Жылу маусымына дайындық қызу
856
оқылды

Соның ішінде жыл сайын жылу қазандықтары мен жылыту құбырларын жөндеу, қал­пы­на келтіру жұмыстары қатаң сұра­лады. Бұл тұрғыда Сыр өңірінде де биылғы жылу беру маусымына да­йындық жұмыстары бекітілген жос­парға сәйкес жүргізілуде. 

Жалпы, Қызылорда облысы бо­йынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 208 шақырымды құрайды. Со­ған орай биыл тозығы жеткен 8,9 ша­қырым жылу желілерін жаңартуға рес­публикалық бюджеттен 8 жоба қарас­тырылып, оған 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазір жаңартуды қажет ететін жылу желілерінің 65 пайызы то­лық ауыстырылды. Бұл жөнінде Қызыл­орда облысының Өңірлік коммуни­кациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масының басшысы Болатбек Ысмағұлов мәлімдеді. 

– Біздің облыста 1 067 әлеуметтік нысан бар болса, оның 532-сі – білім беру, 247-сі – денсаулық сақтау, 288-і – мә­дениет және спорт кешендері. Қазір әлеуметтік ма­ңызы бар 20 нысан­ның қазандықтарына жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Бұл жұ­мыс­тар жылу беру маусымына кедер­гісін келтірмейді. Ал көмір қо­рына тоқталсам, ал­да­­ғы жылу беру маусымына облыс бойынша барлығы 238 мың тонна қатты отын қажет. Оның ішінде облыс халқына 205 мың тонна қатты отын қажет болса, әлеуметтік нысандарға 33 мың тонна көмір керек. Бүгінгі күнге дейін облысқа 80 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір бағасы маркаларына сәйкес, 17 мың теңгеден 22 500 теңге аралығында сатылып жатыр. Сондай-ақ алдағы жылу беру маусымына әлеуметтік нысандарға 17,1 мың тонна дизель отын қажет болса, оның 5,3 мың тоннасы жеткізілді, – деді басқарма басшысы.

Ал «Қызылорда­жылуэлектр-о­рталығы» МКК директоры Медет Усаин жылу беру маусымына байла­нысты дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын алға тартады. Соған орай қыс мезгілінде жайсыздық туындамай­тынына нық сенім білдіреді.

– Кәсіпорында жалпы 24 энергия көзі бар. Сонымен қатар қала бойынша 190 шақырым жылу желілері қамтылған. Жалпы, орталықтандырылған жылу жүйесіне 1 620 нысан қосылған. Кәсіп­орынның негізгі және қосалқы қондыр­ғы­ларын жөндеу үшін арнайы Жол кар­тасы жасалып, Энергетика министр­лігімен бекітілген болатын. Осыған сәйкес, аталмыш жұмыстарға 1,7 млрд тенге қаржы қарастырылды. Қазір жос­парға сәйкес жұмыстардың орындалуы 96 пайыздай, – деді бұл жайында кә­сіпорын директоры. 

Негізінен, кәсіпорында барлығы 24 энергия көзі бар. Сонымен қатар Қы­зыл­орда қаласы бойынша 190 шақырым жылу желілері тартылған. Өңірде орта­лық­тандырылған жылу жүйесіне 1 620 нысан қосылған. Бүгінде осы жылу жү­йе­лерінің 48 пайызының тозығы жетіп тұр. 

Соған байланысты жылу маусымы қарсаңында жөндеу жұмыстарына барлығы 9,8 млрд теңге қаралса, жылу желілерін жаңғыртуға 8,2 млрд теңге бөлініпті. Оған 14 шақырымды құрайтын жылу жүйелері жаңғыртылып, ақаулар қалпына келтіріп жатқаны мәлім болып отыр. 

Алдағы жылу беру маусымына дайын­дық барысы облыс әкімінің де назарынан тыс емес. Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің әзірлігін қатаң бақылауда ұстап, қажетті отын қорын уақытылы жеткізуді тапсырып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы