Өзен жағасынан табылған көне ағаш қиындылары ежелгі адам туралы түсінікті мүлдем өзгертті. Ежелгі адамдар ағашты пайдаланып, күрделі құрылыс салған деген болжам айтылуда. Жасы жарты миллион жыл болатын ағаш қандай мақсатта қолданылған?
Жарты миллион жыл бұрын ағаштан жасалған заттар табылды
1,923
оқылды

Африкада өзен жағасынан көне ағаш қиындылардың табылуы археологтердің ежелгі адам өмірі туралы түсінігін мүлдем өзгертті. BBC News мақаласында ежелгі адамдар ағашты пайдаланып, күрделі құрылыс салуы мүмкін деген ғалымдардың болжамы жазылған. Шамамен жарты миллион жыл бұрын ағаштан өңделген бөренелердің қандай мақсатта қолданылғанын Aikyn.kz британдық басылымның материалына сілтеме жасап түсіндіреді.

Фото BBC News сайтынан алынды. Авторы: Geoff Duller

Nature журналында жарияланған нәтижелер тас дәуіріндегі адамдардың баспанасы болуы мүмкін деген жорамалды растауға көмектесуі мүмкін.

Археолог Ларри Бархэм: «Бұл олжа біздің ертедегі ата-бабаларымыз туралы көзқарасымды өзгертті», – дейді. Ливерпуль университетінің профессоры ежелгі ағаш түрлерін қазып, сараптаған Humanity's Deep Roots зерттеу жобасын басқарады.

Фото nature.com сайтынан алынды

Бұл ғылыми жаңалық ежелгі адамдар қарапайым, көшпелі өмір салтын ұстанған деген қазіргі көзқарасты өзгертуі мүмкін.

«Олар ағаштан жаңа және үлкен нәрсе жасады. Олар өздерінің ақыл-ойын, қиялын және дағдыларын бұрын-соңды болмаған, бұрын білмеген нәрсені жасау үшін пайдаланған», – дейді профессор Бархэм.

Фото BBC News сайтынан алынды. Авторы: Larry Barham

Зерттеушілер ағаштан жасалған көне құралдарды, соның ішінде қазатын таяқтар да тапқан. Бірақ оларды таңғалдырған бір-біріне ойып бекітілген екі ағаш қиындысы болған.

Аберистуита университетінің археолог профессоры Джефф Даллердің айтуынша: «Біреуі бірінің үстінде жатыр және ағаштың екі бөлігінде де ойықтар бар. Бұл ойықтар тас құралдармен қашалғанын анық көруге болады. Бұл екі ағаш қиығын біріктіріп қажетті бұйым жасауға мүмкіндік береді».

Одан әрі талдау бөренелерге шамамен 476 000 жыл болғанын көрсеткен. Осы уақытқа дейін адамның ағашты пайдалануы тек от жағу, қазу таяқтары мен найза сияқты құралдарды жасаумен шектелді деген сенімді пікірі болған. Оңтүстік Африкадан табылған бөрене қиындылары бұл пікірді енді жоққа шығаруы мүмкін.