Шымкентте сәуір айында автобус басып кеткен 5 адам жол жиегінде қаза тапты.
Шымкенттегі 5 адамның өлімі: автобус жүргізушісінің адвокаты пікір білдірді
1,987
оқылды

Осы оқиғасына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Ал тірі қалған жалғыз қыз ауруханада емделіп жүр. Бұл туралы Aikyn.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.  

Күдікті ретінде 49 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны қамауға алынған. Апатқа кінәлі деп танылған 21-автобус жүргізушісіне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Аталған істі қылмыстық істер бойынша сот судьясы Жанат Мүсірәлі қарайды.

Көлікті қараусыз қалдырған 49 жастағы Хайрулла Юлдашевке қатысты «Абайсызда 2 немесе одан да көп адам өліміне алып келген жол-көлік апатын жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің  5 баласы бар. 

«Менің 5 балам бар. Shymkent Bus компаниясында жұмыс істедім. Бұған дейін құқық бұзып, сотты болмағанмын. Шымкент қаласында тұрамын. Қазір айыптау актісімен танысып жатырмын», – деді 21-автобус жүргізушісі болған Хайрулла Юлдашев.

Оқиғаны прокурорлар 5 айдан аса уақыт зерттеді. Күдікті тергеу изоляторында отыр. Тергеушілер жүргізуші көлікті дұрыс емес орынға қойғанын айтады. Алайда Юлдашевтің туыстары тағылған айыппен келіспей отыр. Олар тек жүргізуші ғана емес, автопарк та жауапқа тартылу керек деп есептейді.

«Біз бірнеше рет терезе арқылы сөйлестік. Соңғы айда кездесе де алмадық. Видеодан көрдік. Балам кафеге кіріп кеткенде автобус орнында тұрған. «Көремізден» де көрсетті ғой 3 минут бойы автобус тұрған. Дәретханаға кіріп шыққанда ғана жүріп кетіп бара жатқанын көріп, артынан жүгірген. Бізді айыптап жатыр. Біз жәбірленушінің бәрінің үйін іздеп жүріп, үйлеріне бардық», – дейді сотталушының анасы Гүлжамал Жүсіпалиева.

Айыпталушының адвокаты күні бойы жолда жүрген көлік қызып кетіп, салдарынан апат болған. Оқиға кезінде тізгінде күдіктінің болмағанын айтқан қорғаушы, барлығы автобустың техникалық ақауынан болуы мүмкін дейді.

«Техникалық ақауы барын автопарк тексеріп шығару керек қой. Сондықтан да қате бір жақтан емес. Айыпталушы қасақана барып соқпаған. Тіпті ішінде болмаған. Автобус тұрған жерінен өзі қозғалып кетіп тұр. Бұл жерде салғырттық деп қарау керек. Сондықтан бұл іс 345-баптың 4-бөлігіне келмейді. Осы тарапта прокуратура дұрыс сараламаған деп есептеймін», – дейді сотталушының заңгері Бақытжан Сатыбалдиев.

Алайда жәбірленушілер оқиғаға автобус жүргізушісі кінәлі деп есептейді. Сондықтан олар күдіктіге қатаң жаза қолдануды сұрайды.