Өткен қыс біраз әбігерге салған болатын. Екібастұз жылусыз қалса, Теміртауда да тұрғындар жаурады. Биыл қалай болады? Алдағы қысқы сынға дайынбыз ба? Осы тақырыпты талқылау үшін Қарағанды облысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиевтің төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Жиынға Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин, онлайн басқа облыстың әкімдері, басқарма басшылары, сондай-ақ «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы бейінді өңірлік кеңестердің мүшелері қатысты.
Отырыс барысында жылу желілерінің ағымдағы жағдайы, бұрын анықталған ескертулерді жою бойынша жүргізілген жұмыстар туралы ақпарат айтылды, сонымен қатар ЖЭО-ны одан әрі жаңғырту бойынша ұсынымдар әзірленді.
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов энергетикалық кәсіпорындардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, жүйелік оператор бекіткен электр станцияларын жөндеу кестесіне сәйкес 2023 жылы 10 энергетикалық блокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 5 энергетикалық блокта, 23 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде. 4 энергетикалық блокта, 17 қазандықта және 13 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған.
Жандос Нұрмағанбетов әр облыс, қалалардағы шешімін тауып жатқан мәселелерге тоқталды. Мысалы, Павлодар облысы бойынша Екібастұз ЖЭО-сының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету аясында алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 7 қазандықта жұмыс жүргізілуде.
Жезқазған қаласындағы ЖЭО-да №4 қазандықты жөндеуді жеделдету, сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмысының орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Ал Маңғыстау облысы бойынша «МАЭК» ЖШС-ның жылу электр станциясында №3 энергетикалық блокты жоспарланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылған.
«Арқалық ОЭК» МКК ЖЭО бойынша мазутта жұмыс істейтін бу және су жылыту қазандықтары химиялық су дайындау жүйесін реконструкциялау аяқталған жағдайда жылу жүктемесін көтеруге дайындығы айтылды. «Жаңа ЖЭО бойынша іске қосу жөндеу жұмыстарын жүргізуді жеделдету қажет. Осымен 2 жылға созылып бара жатыр», – деді спикер.
Энергетика вице-министрінің айтуынша, барлық ЖЭО-да отын қоры нормаға сәйкес жинақталған.
Арнайы келген кеңес мүшелері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-ні аралап шықты. Кездесі барысында кеңес төрағасы Берік Бейсенғалиев қосымша жетінші қазандық салу есебінен кәсіпорын қуатын ұлғайту болжамдары туралы проблемалық мәселені көтерді:
– Инвестордың белгілі бір міндеттемелері бар, сіз сол тараптан болып жатқан қолдауға қанағаттанасыз ба? Қаржыландыру жетінші қазандықты аяқтауға, жөндеуге, сондай-ақ қалған қазандықтарды қалпына келтіруге жеткілікті ме? Бізде қаражат жеткілікті екеніне және осы жылыту маусымында желілерде апаттар болмайтынына сенімдіміз, өйткені сізде осы алты қазандықтың төртеуі апатты жағдайда болды, – деді.
– Жалпы, биыл бұл жұмыстарға жетінші қазандықсыз шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Бұған бірінші, төртінші және бесінші қазандықтарды қалпына келтіру жұмыстары кіреді. Бұл сома жұмыстарды аяқтауға және оларды толық көлемде іске қосуға жеткілікті деп сеніммен айта аламын, – деп жауап берді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО директоры Сергей Кривов.
Өйткені, жетінші қазандықтың құрылысы келесі жылға шегерілген болатын.
Сонымен қатар, жиында Теміртау қаласында былтыр халықтың тонуына бірден-бір себеп 2-ші ЖЭО сапасыз көмірдің сатып алуында екендігі де айтылды. Сергей Кривов болса «Биыл ондай жағдай қайталанбайды, сапалы көмір алынды», – деп сендірді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ