Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің қолдауымен «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысты. Жобаны «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастырды.
Ерлан Қошанов өз сөзінде ШЫҰ-ға мүше және байқаушы мемлекеттердің алдында тұрған міндеттерді іске асырудағы жастардың рөліне тоқталды.
«Қазіргі заманда барлық елдің тең құқықтық негіздегі өзара іс-қимылы үшін жағдай жасау аса маңызды. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы барысында «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол ШЫҰ мен оның кеңістігінің одан әрі даму бағдарын айқындайды. Бұл жұмысқа ШЫҰ-ға кіретін барлық ел жастарының белсенді араласуы маңызды», – деді ол.
«AMANAT» Төрағасы әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 30%-ы және әлемдік сауданың 15%-дан астамы ШЫҰ-ға мүше елдердің еншісіне тиетінін атап өтті. Сонымен қатар, ШЫҰ кеңістігінде 3,5 миллиардқа жуық адам тұрса, олардың жартысы – жастар.
«Бұл тұрғыда ШЫҰ – әлемдегі ең «жас» халықаралық ұйымдардың бірі. Сіздер, жастар, Ұйымның бүгінгі күшін айқындап, оның алдағы ондаған жылдық болашағын бекітесіздер. Мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері жастарының ең өршіл де мақсатшыл, болашаққа бей-жай қарамайтын өкілдері қатысып отыр. Алдағы уақытта біздің лагерьдің делегаттары өз елдерінің саяси элитасы болатынына сенімдімін», – деді ол.
Бұдан соң Ерлан Қошанов Қазақстандағы саяси реформалар мен елдің жаңа экономикалық моделін құру жөніндегі жұмысы туралы айтып берді. Ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жастар саясатының маңызды тұстарына егжей-тегжейлі тоқталды.
Сондай-ақ, Мәжіліс Спикері ШЫҰ-ға төрағалық ету аясында Қазақстан белгілеген бірқатар басымдықты еске салды. Олар экология мәселелері, әсіресе Орталық Азиядағы су тапшылығы, есірткіге қарсы күрес және цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту. Ерлан Қошанов жастарға осы бастамалар бойынша жұмысқа белсенді араласуды, ШЫҰ елдері деңгейінде бірлескен және креативті жобаларға бастамашылық етуді ұсынды.
Іс-шара барысында Қытай Халық Республикасындағы ШЫҰ Жастар кеңесінің Ұлттық бөлімінің мүшесі Ян Цзиньвэй; Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Марат Тағаев; Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің заң шығару палатасы жанындағы Жастар парламентінің мүшесі Гузал Абдуллаева; ШЫҰ Жастар кеңесінің Үнді Ұлттық бөлімінің мүшесі, Халықаралық студенттер одағының президенті Шоукат Хашим; ШЫҰ Жастар кеңесінің Ресей Ұлттық бөлімінің басшысы Алексей Карпенко, Тәжікстан Республикасы Жастар одағы аппаратының басшысы Фаридун Хусензода, Беларусь Республикалық Жастар одағы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Александр Лукьянов сөз сөйледі.
Лагерь жұмысына шетелден және Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, «AMANAT» партиясының Мәжілістегі депутаттары қатысуда. Жастар 20-23 қыркүйек аралығында семинар-тренингтерге қатысып, өз елдерінің тәжірибесімен бөліседі және ШЫҰ елдерінің өзекті мәселелерін шешу бойынша пікірсайыстар жүргізеді.