Алматы облысында соққыға жығылып, жансақтау бөліміне түскен екі дәрігер есін жиған, алайда олардың жағдайы әлі толық оңалмаған. Талғар аудандық орталық ауруханасы зардап шеккен 27 жастағы реаниматологтың сол жақ көзіне ота жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Талғар аудандық орталық ауруханасының мәліметіне сілтеме жасаған телеарна хабарлауынша, таяқ жеген 27 жастағы реаниматолог пен 21 жастағы мейіргер екеуі де бас жарақатын алған. Екіншісінің мұрны сынған.
"Реаниматолог дәрігердің көру қабілеті нашарлаған: сол жақ көзі нашар көреді. Қадағалаймыз, мүмкін көзіне ота жасау керек болар. Тағы бір қызметкердің мұрны сынған. Жағдайы тұрақталғаннан кейін оған жоспар бойынша ота жасалады", - деді Талғар аудандық орталық ауруханасының өкілдері.
Еске салайық, соңы төбелеске ұласқан жанжал өткен сейсенбіде Талғар ауданының орталық ауруханасында болды. 64 жастағы Бақыт Шормановтың өліміне сондағы дәрігерлерді кінәләған жақындары мекемеге баса-көктеп кіріп, кейін үш бірдей медицина қызметкерін соққыға жыққан. Олар марқұмның денесін ұрлап, оны аурухана аумағынан каталкада алып шыққан. Ал ауыр соққыдан есінен танған екі дәрігер жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан еді.