Ал Қазақстан спортшылары 30 спорт түрінен 305 медальді сарапқа салады. Айта кету керек, ұлттық құрама Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді.
«Қазақстаннан Ханчжоуға спорттың 30 түрінен 525 спортшы аттанды. Оның 27-сі Олимпиада бағдарламасына енген, қалған үшеуі олимпиадалық емес спорт түрлері. Сондай-ақ алдағы жарыста 8 спорт түрі бойынша Париж Олимпиадасына жолдама сарапқа салынады. Олар: бокс, садақ ату, заманауи бессайыс, жүзу, брейк, допты хоккей, теннис және жеңіл атлетика. Спорттың 4 түрінен рейтингтік ұпайлар ойынына қатысады. Олар: таэквондо, дзюдо, триатлон, бадминтон», – деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Киберспортшылар да қатысады
Бір қызығы, Қазақстанның киберспорт құрама командасы 19-шы Азия ойындарында алғаш рет ел намысын қорғайды. Азия ойындары әлемдегі ең беделді халықаралық спорттық іс-шаралардың бірі. Сондықтан қазақстандық киберспортшылар үшін бұл жауапты кезең. Ұлттық құрамадағы әр спортшы өз саласының кәсіби маманы. Қазақстан киберспорт әлеміне жаңадан аяқ басса да, жеңіс қоржынында жетістіктер аз емес. Бірнеше халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша біздің спортшылар көш басында келеді. Киберспорттың ерекшелігі – қатысушылар белгілі бір құрылғыны қолданып, жарысқа түседі. Телефон, Playstation немесе компьютер арқылы ойнайды. Киберспорт ұғымы 80-жылдары Америкада пайда болса, Қазақстанда 2000 жылдардың ортасында белсенді түрде дамыды. Ал 2018 жылы ресми спорт түрі ретінде танылды.
– Былтыр желтоқсан айында Бали аралында халықаралық жарыс өтті. Қазақстан Джимобайл бойынша алтынмен оралды. Енді олар бізді әрбір чемпионатқа чемпион ретінде шақырады. Елімізде киберспорттың деңгейі айтарлықтай дамыған, – дейді Қазақстанның киберспорт құрамасының жаттықтырушысы Ержан Шакеев.
Спортшыларымыз финалда
Кеше жазғы Азия ойындарында бессайыстан екінші жартылай финал өтті. Қазақстан намысын Григорий Борода-Дудочкин мен Темірлан Әбдраимов қорғады. Әбдраимов бесінші орын алды, ол 1 100 ұпай (285 – жүзуден, 222 – семсерлесуден, 593 – лазер-раннан) жинады. Ал Григорий Борода-Дудочкин 1099 ұпай (292 – жүзуден, 211 – семсерлесуден, 596 – лазер-раннан) ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады. Финалға үздік 9 спортшы шықты. Айта кету керек, бұған дейін финалға қазақстандық Павел Ильяшенко мен Кирилл Стадник шыққан еді.
Ал әйелдер арасында жарысқа қатысушылар саны аз болғандықтан Анастасия Кочеткова, Елена Потапенко, Людмила Яковлева, Кристина Рябовалар іріктеусіз, бірден финалда өнер көрсетеді. Ерлер мен әйелдердің финалдары 24 қыркүйек күні өтеді. ТОП-5 енген спортшылар Олимпиада лицензияларын иеленеді. Бірақ 1 елге 1 жолдама ғана берілетінін ескерте кетуіміз керек.
Боксшыларға артылған үміт үлкен
Әлемдік деңгейдегі додаларда, бірінші кезекте бокшыларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл жолғы Азия ойындарына қатысатын жеті боксшының екеуі – Олимпиада жүлдегері, үшеуі – әлем чемпионы. Сондықтан аталған спорт түріне жанкүйерлер үлкен үмітпен қарайды. Әсіресе, Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген Махмұт Сабырхан мен Асланбек Шымбергеновтен, Нұрбек Оралбайдан «алтын алар» деген үміт көп. Ал қыздар боксында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Карина Ибрагимова, сондай-ақ екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Азия ойындарында топ жарады деген сенімдеміз.
– Спортзалда алғашқы жаттығуымызды бастап кеттік. Шәкірттеріме қарсылас болады-ау деген боксшылардың барлығын білеміз. Кезінде Данияр Елеусінов, Әбілхан Аманқұл, Тұрсынбай Құлахмет секілді мықты боксшыларымызға қарсылас болған филиппиндік Эумир Марсиаль кәсіпқой бокстан әуесқой боксқа қайта оралыпты. Ол бүгінде 80 кило салмақта жұдырықтасады. Нұрбек Оралбайдың – басты қарсыласының бірі. Біздің құрама сары құрлық додасына өте жоғары деңгейде дайындалып келді. Бұйыртса, сол жеті салмақтан берілетін 14 жолдаманың мейлінше көбіне иелік етеміз деп ойлаймын. Бар-лығын ринг көрсетеді. Десе де үш жолдамадан дәмеліміз, – деді бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Иә, Азия ойындары Париж Олимпиадасына жолдама алудың бірден-бір жолы. Сондықтан жанкүйерлер де спортшыларымызға сәттілік тілеп, тақымын қысып отыр.
Кербез ЕСІМ