Премьер-Министрге «МАЭК» ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншалиев кәсіпорынның қазіргі дайындығы және оны одан әрі жаңғырту жоспары туралы баяндап берді.
МАЭК – біртұтас энергетикалық және су өндіруші кешен. Оның негізгі міндеті – Маңғыстау және Атырау (ішінара) облыстарын электр энергиясымен, ал Ақтау қаласын жылу энергиясымен, ауызсумен, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз ету. Мекемедегі төтенше жағдайларға тап қылып отырған жағдай – негізгі құрал-жабдықтардың тозуы, ол 80%-дан асып кетіп отыр.
Биыл кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әбден тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыру үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша, жаңа жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға Үкіметтің резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді. Қазір жабдықтарды жеткізушілермен келісімшарттар жасалды, олар осы жылдың қараша-желтоқсан айларында жеткізіледі.
Әлихан Смайыловқа ЖЭО жабдығының едәуір тозуына байланысты 2024 жылы №3 энергоблокты ішінара жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланғаны туралы айтылды. Сондай-ақ 2025 жылы №2 энергоблокты және 2026 жылы №1 энергоблокты толық жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Жылу электр орталығының бас ғимаратындағы аяқталмаған құрылыс алаңында №4 энергоблок салу жоспарланып отыр. Құрылыс алаңына барлық қажетті инженерлік коммуникация тартылған. Іске асыру мерзімі – 2027 жылдың 4-тоқсаны. Жалпы, қолданыстағы энергоблоктарды жаңғырту және жаңаларын салу есебінен генерация тұтастай алғанда 420 МВт-қа артады деп күтілуде. Бұл ретте екі су жылыту қазандығының құрылысы мен 1-ЖЭО-дегі №7 қазандық агрегатын, сондай-ақ №10 қазандық агрегатын жаңғырту және 2-ЖЭО-дағы №7 турбоагрегатты конденсаторлық турбинаға ауыстыра отырып қайта жаңарту сынды жобалар бойынша қазір техникалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Премьер-Министр апатты жағдайдағы жабдықты ауыстыру комбинаттың техникалық жағдайын жақсартып, жұмыс қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Яғни, генерациялық қуат көздерінің өшіп қалуы және тұтынушылар үшін шектеулерді енгізу сияқты тәуекелдер барынша азаяды. «Облыс әкімдігі жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет», – деді ол.
Бұдан әрі Үкімет басшысына «Каспий» су тұшыту зауыты» ЖШС директоры Нұрлыбай Аққұлов зауыт өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу жұмыстары туралы мәлімет берді. Нысанды жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттен 12 млрд теңгеден астам, ал Үкімет резервінен – қосымша 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, қазір жоба бойынша құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды. Сондай-ақ зауытта жаңа сорғы қондырғылары, суды алдын ала тазарту сүзгілері, суды минералдандыруға арналған сүзгі-кондиционерлер, араластыру камералары, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансалар орнатылған.
Әлихан Смайылов Мұнайлы және Қарақия аудандарының елді мекендері үшін ауызсудың негізгі көзі дәл осы зауыт болып отырғанын атап өтті. Қазір оның қуаты тәулігіне 20 мың текше метрді құрайды. Ол 180 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етеді. «Халықтың жыл сайынғы өсімін, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауында туристік кластердің дамуын ескере отырып, ауызсу өндірісін ұлғайту мәселесі аса өзекті. Осыған байланысты Президент «Каспий» су тұшыту зауытын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасын іске асыруды тапсырды. Үкімет тарапынан қажетті қаржылық қолдау көрсетілді. Облыс әкімдігіне осы жобаны жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін тағы да еске саламын, жаңа жылдан бастап халық сумен қажетті көлемде қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Премьер-Министр.
ЖАҢА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНА 5 МЫҢ БАЛА БАРАДЫ
Өлкеге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ақтау қаласының 17-шағынауданында салынған жаңа Оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Жаңа нысан жақын арада өзінің алғашқы оқушыларын қабылдайды.
Ол облыс орталығында, сондай-ақ жақын маңдағы Мұнайлы және Түпқараған аудандарында тұратын 5 000-нан астам баланы тегін қосымша біліммен қамтуға мүмкіндік береді. Мұнда көркем, ғылыми-техникалық және жалпы гуманитарлық бағыттағы үйірмелер, сондай-ақ спорт секциялары жұмыс істейтін болады. Оқушылар сарайында xop, оркестр және музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін жеке сабақтар қарастырылған, хореографиялық студия, авиамодельдеу бөлмелері, компьютерлік сынып, әмбебап спорт залы, спорттық жүзу бойынша жаттығу бассейндері, йога және аэробика залдары бар.
Сонымен қатар ғимаратта дизайн және бейнелеу өнері студиясы, қолөнер және материалдарды көркем өңдеу шеберханалары, әдеби-драма студиясы, кітапхана, коуоркинг-кеңістік және IT технологиялар зертханасы бар. Оқушылар арасында шахматты кеңінен насихаттау мақсатында гроссмейстер, шахматтан әлем және Азия чемпионы Бибісара Асаубаеваның шахмат шеберлігі мектебі ашылады.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін кемінде 100 ірі нысан салуды тапсырғанын еске салды. Оқушылар сарайы – солардың бірі. «Оқушылар сарайының ашылуы ай сайын 5 000-нан астам баланың үйірмелер мен секцияларға тегін баруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар 165 маман жұмысқа орналасады», – деді Әлихан Смайылов.
ОТАНДЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ақтауда Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің 300-ден астам туристік бизнес өкілінің қатысуымен өткен Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумда сөз сөйледі. Іс-шараға ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, ірі қазақстандық және шетелдік туроператорлар, әуекомпаниялар желілерінің басшылары, сондай-ақ инвесторлар, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Премьер-Министр өз сөзінде мемлекеттің туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда жариялаған халыққа Жолдауында бұл салада серпінді жобаларды іске асыруды тапсырды. «Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анықтадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл – ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған», – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, туристік турларды ұйымдастыру және биологиялық әркелкілікті сақтау үшін инвесторлар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жаңа нысандар мен жобалар жасауға белсенді түрде тартылып отыр. «Мұндай күш-жігердің жарқын мысалы – Іле-Алатауы, Шарын және Алтын-Емел сияқты орындарда визит-орталықтары мен эко-қонақүйлердің пайда болуы. Экологиялық тұрақтылық негіздерін басшылыққа ала отырып, біз туристердің санынан гөрі олардың саяхатының сапасын арттыруға көшу жолында жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан халықаралық туристік нарықта бәсекеге түсе алатын бірегей турларды ұсына алады. Мәселен, Ұлы Жібек жолы мен Каспий теңізі бойынша кешенді саяхаттар, Байқоңыр мен Бурабай, сондай-ақ Алматыдағы «4 маусым» туры сияқты жерлерге бару туристердің арасында қызығушылық тудырып отыр.
Премьер-Министр бүгінде Қазақстанда азаматтары визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артқанын еске салды. Сонымен қатар халықаралық әуеқатынасының географиясы кеңейіп келеді. «Былтырдан бері мемлекеттік қолдау шаралары бойынша туризм нысандарын салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік автобустар сатып алу жобалары қамтылды. Шетелдік туристерді тарту үшін мемлекет туроператорларға да субсидия береді. Сондай-ақ ел ішінде саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үшін балалардың әуебилеттері субсидияланады», – деді Әлихан Смайылов. Оның айтуынша, соңғы үш жылда салаға $4 млрд көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туристік нысан салынған. Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақүй желілері есігін айқара ашты. «Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақмерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы отандық туризмнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру аясында Қазақстанның шетелдегі имиджін көтеру бойынша ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын күшейту маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты елдің туристік брендін әзірлеп, халықаралық ақпарат кеңістігіндегі танымал ету жұмыстарын күшейту керек. «Визалық және көші-қон режимін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау, виза алу рәсімдері мен әуежайларда бақылаудан өтуді де жеңілдету қажет», — деді Премьер-Министр.
Инвестициялық белсенділікті арттыру үшін туризм жобаларына жеңілдікпен несие беру мерзімдерін ұзартуды пысықтау және туризм нысандарына инфрақұрылым жүргізу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын күшейту талап етіледі. «Түрлі туристік бағытты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үлкен маңызға ие екенін көріп отырмыз. Бұл мәселені кәсіпкерлер де ұдайы көтеріп келеді», – деді Үкімет басшысы.
БІЗ ҚОЛДАУДЫҢ БАРЛЫҚ ТҮРІН АРТТЫРУҒА НИЕТТІМІЗ
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жол бойындағы сервистік нысандарды пайдалану сапасы мәселелерін шешіп, агротуризмді дамыту шараларын әзірлеу қажеттігін де айтты.
«Ауыл тұрғындары, шаруалар мен бағбандар өз шаруашылықтарында туристерді қабылдау арқылы қосымша табыс таба алады. Ол үшін біз заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуіміз керек. Community based tourism – әлемдік тренд, одан қалыс қалмау керек», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр Туризм және спорт индустриясын қолдау корпоративтік қорының мәселелерін оған спорт саласының ғана емес, туризм саласының да жобаларын қаржыландыру құқығын бере отырып шешу маңызды екенін атап өтті. Әлихан Смайылов саланың даму әлеуеті зор екенін және қосымша жұмыспен қамтып, азаматтардың табысын арттыра алатынын айтты.
«Сервис пен қызметтердің сапасын арттыру аясында саланы цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Туристердің, әсіресе олардың таулы жерлердегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау маңызды. Одан бөлек, қонақүйлерді классификациялау жүйесін реформалау және стандарттарды халықаралық деңгейге дейін көтеру бойынша жұмысты бастау қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Премьер-Министр форумға қатысушыларды келесі жылы еліміздің бас қаласында өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға шақырды. «Бұл ауқымды іс-шарада қонақтар көшпелі халықтардың ерекше мәдениетімен танысып, бірегей ойынға куә болатынына сенімдімін», – деді Үкімет басшысы.
Форум қорытындысы бойынша туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
Сағындық РЗАХМЕТОВ,
Маңғыстау облысы