Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жазушы Әкім Таразиді мерейтойымен құттықтады. Бұл туралы сенатор әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
Мәулен Әшімбаев Әкім Таразиді мерейтойымен құттықтады
930
оқылды

"Қазақта әдебиетсүйер қауымның жүрек төрінен еркін орын алып, қалың оқырманның ықыласына бөленген қаламгерлер аз емес. Солардың бірі де бірегейі биыл торқалы 90 жасқа толып отырған көрнекті жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази екені анық", -  дейді Әшімбаев.

Ол мерейтой аясында ұйымдастырылған «Толғауы 90 Тарази» атты іс-шараға арнайы қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып бергенін атап өтеді.

"Мемлекет басшысы атап өткендей, Әкім Тарази қоғамға сыни көзқараспен қарап, замандастарының кескін-келбетін шынайы суреттеп, барша адамзатты толғандырған мәселелерге жұрт назарын аудара білген жазушы.

Шын мәнінде, Әкім ағаның әр туындысы – әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қымбат қазына. Бұл ретте «Жаза», «Шер», «Қиянат», «Тасжарған» сияқты романдарды ерекше атап өткен жөн. Мұстафа Шоқайдың өмір жолына арналған іргелі туынды да біртуар тұлғаның ұлт тарихындағы орнын жаңа қырынан тануға жол ашты", - деген Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ ол Әкім Таразидің бірегей пьесалары қазақ театрын жаңа белеске шығаруға үлкен үлес қосқанын жеткізді. 

"Жазушының қай шығармасын алып қарасақ та ұлттық рухқа табан тірейтінін аңғарамыз. Елдік мүддені көздейтін мұндай туындылар ешқашан ескірмейді және қай кезеңде де оқырманын жоғалтпайды.

Тоқсанның төріне шығып, ұлт руханиятының абыз ақсақалына айналып отырған ағамызға алдағы уақытта зор денсаулық, отбасына амандық пен бақ-береке тілейміз. Халқымыздың ыстық ықыласына бөленіп, арамызда аман-есен жүре беруіне тілектестігімізді білдіреміз", - дейді Мәулен Сағатханұлы.