Алаяқтық әрекеттерге Алматы облысындағы есепшілер мен мектеп мұғалімдері қатысқан. Олар “өмірде жоқ” 13 адамның атына қаражат аудару арқылы 609 миллион теңге алған. Әрбір факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Бухгалтерлердің мұғалімдермен алдын ала сөз байласу арқылы жалақыны көбейту бойынша 4 факті бар. Мұндай заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 81 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күні бір факті бойынша есепші мен 4 мұғалім 3 жылдан 6 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Келтірілген 62 миллион теңге залал толығымен өтелді", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының басшысы Серік Орымбетов.
Сондай-ақ тағы бір қызметкерге қатысты үкім шығарылды. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылып, 81 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеген.
Қалған істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.