Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Бра­зилия Федеративтік Республикасы Ұлттық конгресі Сенаты депутаттарының деле­гация­сымен – «Бразилия-Қазақстан» дос­тық тобының мүшелерімен кездесті.
Бразилия Ұлттық конгресінің депутаттарымен кездесті
867
оқылды

Кез­десу барысында тараптар парламентаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселе­лерін талқылады.

Палата Спикері меймандарға ілтипат білдіріп, Бразилия еліміздің Оңтүстік Америкадағы негізгі се­ріктестерінің бірі екенін атап өтті және екі мемле­кет­тің көпжоспарлы ынтымақтастығының маңы­зына назар аударды.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы қос ел арасындағы өзара қарым-қатынастың басым бағыттарының бірі парламентаралық байланыс екенін айтты. Бүгінде аталған байланысты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев елдеріміз арасындағы достық пен өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға баса мән беріп келеді. Келешегі зор экономикалық байланысымыз белсенді саяси ынтымақтастықты нығайта түсетіні анық. Қазақстан Парламентінің екі Палатасында да Бразилиямен достық тобы құрылған. Мұндай қадам біздің екіжақты қарым-қаты­насы­мызға тың серпін беретіні сөзсіз. Сенат өз тарапынан елдеріміз арасындағы байланысты әрі қарай нығай­тып, дамытуға белсенді ықпал етуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселе­лері талқылады. Бұл ретте екі елдің инвестициялық ахуалы ескеріле отырып, бірлескен жобаларды іске асыруға арналған ұсыныстар айтылды.

Сенат Төрағасы Салық кодексіне енгізілген өзге­ріс­терді, Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақ­­станда жүргізіліп жатқан және Жолдауда баян­далған маңызды реформаларды тілге тиек етті.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев орнықты даму мәселелеріне және Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парла­менттік комиссияның қызметіне жеке тоқталды.

Өз кезегінде Бразилия Ұлттық конгресінің депу­таттары Анджело Марио Коронель де Азеведо Мар­ти­нс пен Чико Родригес көпжақты қарым-қатынас­тарды дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, Қазақ­станда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің тиім­ділігіне назар аударды.

Айта кетейік, Қазақстанға сапар аясында Бразилия депутаттары сенаторлармен достық тобы­ның 2-отырысына қатысып, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының және Алматы облысындағы басқа да нысандардың жұмы­сымен танысты.