Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемле­кет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен ең­бек­қорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет.
Еңбегі адал Ержан
822
оқылды

Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деді.

Бүгінде көне Тараз  шаһарының көр­кеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – «Жа­сыл Ел – Тараз» ЖШС-ның тұр­мыс­тық қатты қалдықтар шығару учас­кесінің жүр­гізушісі Ержан Құдайбергенов. Ол 1965 жылы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында дүниеге келген. Мектепте оқып жүріп-ақ темір тұлпар тізгіндеп, техни­ка­ның тілін ерте меңгеріп үлгереді. Сөйтіп, мектепті бітірген соң Түркістан қаласын­дағы техника мамандарын дайындайтын оқу орнында білімін шыңдайды. Оны үздік бітірген соң ауылына оралып, мек­теп­те ұстаздық жолын бастайды. Сол ара­лықта ата жолымен қолына таяқ ұс­тап,  кеңшардың малын бағады.

Тәуелсіздіктің алтын таңымен жеткен азат күнде ауыл шопаны малшылықты қойып, Тараз қаласына табан тірейді. Бала кезден моторлы көлікке жақын өскен ол шаһарда алғаш ашылған «Таза қала» ЖШС-ның қызметкері болып жұмысқа орналасады. Өз ісіне жан-тәні­мен берілген Ержан Тұрсынбайұлы бүгін­де табан аудармастан күректей 20 жыл «Жасыл Ел – Таразда» мекемесінде еңбек етіп келеді.

– Кез келген жұмысқа немқұрайды­лықпен қарау – табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен көлікке жақын өскендік­тен, сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Сон­дықтан  талай жыл бойы тазалық сала­сында қызмет етудемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйрендім. Көктем, жаз мезгілінде қаланың қоқыс­тарын тазаласақ, қыста қарын күрейміз. Өзің тазалығын сақтап, күтіп-баптаған сүйікті қаланың айнадай жарқырап тұрғанын көргенде қиындықтың барлы­ғын ұмытып, марқайып қаласың. Осы­лай­ша, жұмысымыз жалғасын табуда. Қыз­метім өзіме ұнайды. 450 мыңнан аса халық тұратын қаланың тазалағына жауапты болу – мен үшін абырой. Өз ісімен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмы­сына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Ке­йінгі жастарға да үнемі осыны айтып оты­рамын, – дейді тазалық сақшысы. 

Асқар тау әкесінің «Балам қандай жұ­мыс істесең де шын ынтаңмен жаса, еш­қа­шан жалқауланба, себебі ол сенің жей­тін наның» деген өсиет сөзін бойына бой­тұмар еткен ол жұмысына өте жауап­кер­шілікпен қарайды. Әріптестері: «Ер­жан­ның жұмысқа ерте келіп, кеш қайта­тынын күнде көріп жүрміз. Ол сондай ақкөңіл, мінезі жұмсақ жан», – деп тәнті болуда. 

Бір отбасының тірегі, отағасы, төрт баланың әкесі болған Ержан Құдайбер­геновтің еңбегі елеусіз қалған емес. Оның кеудесінде  «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі жарқырап,  облыс, қала басшыларының марапаттары ұсы­нылған. 

Иә, нәпақасын маңдай тер, адал ең­бектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көп­ке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суы­ғына қатар төзіп жүрген еңбек адам­дары қандай құрметке де лайық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы