Спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың үшінші мегаполисте іске асырылуы туралы біз Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Бауыржан Қалмұхамедұлы, өзіңіз жетекшілік ететін басқарманың басымдығы ретінде қандай міндеттер айқындалып, оларға қол жеткізуде қандай жоспарлы көрсеткіштер мақсат етіп қойылған?
– Спорт саласында біз айқындаған басымдық ең алдымен Шымкент қаласының республикалық дәрежедегі қала санатындағы мәртебесіне сай қала тұрғындарының спортпен айналысуы үшін, оның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолжетімді болуы ескеріле отырып, тұрғылықты жері бойынша және көпшілік демалатын орындарда спорттық инфрақұрылымды қалыптастыруды көздейді. Бұл бағытта қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасы бұқаралық спортпен айналысуға арналған спорттық жабдықтардың қауіпсіз пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырып, республикалық немесе жергілікті аккредиттелген спорт федерацияларымен бірлесе отырып, түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарды, оның ішінде ардагер спортшылар арасында спорттық сайыстар өткізеді.
Спорт түрлерi бойынша республикалық маңызы бар қалалық құрама командаларды даярлауды және олардың республикалық және халықаралық спорттық жарыстарда өнер көрсетуiн қамтамасыз етедi. Шымкент қаласының аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды жүзеге асырады. Қала аумағында дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiріп, спортшыларға, спорт төрешiлеріне біліктілік санаттарын беруді іске асырады, біліктілік санаттарынан айырады. Аккредиттелген өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорттық-бұқаралық iс-шаралардың бірыңғай өңірлік күнтiзбесін бекiтедi және оның iске асырылуын қамтамасыз етеді. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын пайдалануды үйлестіреді, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің жұмысын ұйымдастырады. Мемлекеттік спорттық тапсырыстың көрсетілетін қызметтерін берушілердің меншік нысанына, олардың ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларында мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыруды қамтамасыз етеді.
Осы міндеттерді іске асыруда Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлар тізбесінде 4 бағыт бойынша спорт саласының даму көрсеткіштері белгіленді. Олардың қатарында дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың елу пайызына дейін жеткізу, халықтың әрбір мың адамға шаққандағы көрсеткіштер бойынша арнайы спорттық инфрақұрылыммен қамтылуын үйлестіру, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын, онымен тұрақты шұғылдануға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі адамдар қатарындағы ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесін арттыру, жастар санатындағы қала тұрғындарын спортпен қамту нысаналы көрсеткіштері белгіленген.
Жұмыс көрсеткіштерінің орындалуы туралы нақты деректерді келтіретін болсақ, былтырғы жылдың қорытындысымен Шымкент қаласындағы дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушы азаматтар саны 498 852 адамды құрап, ол жалпы қала тұрғындарының 42 пайызына жетіп отыр.
Халықтың әрбір мың адамға шаққандағы көрсеткіштер бойынша арнайы спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі бүгінгі таңда 59,9 пайызды құрап, Шымшаһардағы спорт инфрақұрылымының жалпы көлемі 45 566 м2 жетті. Биылдың өзінде қаламызда 4 жаңа спорт нысаны іске қосылды.
Қала аумағында дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 15 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұратын болса, оның ішінде 2036 азамат дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданады. 2021 жылмен салыстырғанда спортпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 13 пайызға артты.
Жастар санатындағы азаматтардың спортпен қамтылуы бойынша бүгінгі таңда 14-18 жас аралығындағы спортпен тұрақты шұғылданушы азаматтардың саны 45 940 адамды құрайды. Оның ішінде 151 жалпы білім беру мекемелерінде спортпен шұғылданушылар саны 33 107 адам болса, 24 орта арнаулы білім беру мекемелерінде спорттық секцияларға қамтылған жастар саны 5 728 адамды құрайды. Ал қаладағы 7 жоғары оқу орнында 7 105 студент спортпен тұрақты шұғылданушылар санатында.
– Құпия болмаса, Шымкент қаласының спорт саласына жыл сайын қанша қаржы бөлінеді? Жылдық бюджет қаржысы қанша спорттық ұйымға қаралады?
– Құпия емес, қаралатын қаржы ашық түрде бекітіледі. Жылдық бюджетіміз биыл 24 000,6 млн теңге болып бекітілді. Оның ішінде айлық жалақы қоры, 266 спортшыға қаралған ай сайынғы төлемдер, спортты жан басына қаржыландыру спорттық инвентарлар сатып алу, коммуналдық шығындар, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру шығындары, тағы басқа шығындар бар.
Жылдық бюджет Шымкент қаласында әрекет ететін 33 спорттық ұйымның жұмысын ұйымдастыруға арналады. Осы спорттық ұйымдарға 18 мыңнан астам адам қамтылып, спорттың 74 түрі бойынша дайындық жүргізіледі. Оның ішінде 37-сі олимпиадалық спорт түрлері болса, 28-і олимпиадалық емес және 9-ы – ұлттық спорт түрлеріне жатады.
– Шымкент қаласында 33 спорттық ұйым бар дедіңіз. Осы ұйымдардың қызмет мазмұнын айтып өтсеңіз...
– Қаламызда дене шынықтыру және спортты дамытудың 3 негізгі бағыты бойынша жұмыстар жүргізіледі. Олар бұқаралық спорт, спорттық инфрақұрылым, жоғары спорт шеберлігі бағыттары.
Бұқаралық спорт бойынша бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу, спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасын іске асыру міндеттері іске асырылады.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту санатында спорт залдарын, спорт алаңшаларын салу және спорт ғимараттарын жөндеу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылады.
Ал жоғары спорт шеберлігі бойынша спорт түрлерінен шеберлікті арттыру және спорт резервін дайындау, спортшылардың жарыстарда жоғары көрсеткіштерге жетуін ұйымдастыру, ұлттық құрама командаларының мүшелерін дайындау міндеттері іске асырылады.
Қаладағы спорт ұйымдарының әлеуетімен биыл бірқатар маңызды спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді. Атап айтқанда, Шымкент қаласының заманауи атшабарының ашылуына және Наурыз мерекесіне орай қазақ күресі, бәйге, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, асық ату, теңге ілу, аударыспақ және тоғызқұмалақ сынды 9 спорт түрінен GREAT QAZAQ GAMES ұлттық ойындары өткізілді. Ұлттық ойындарға еліміздің өңірлерінен және шет елдерден жалпы 1000-нан аса спортшылар қатысты.
Қала мектептері арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат сынды спорт түрлерінен қалалық жастар лигасы ойындары өткізілді. Спорттық жарыстарға қаладағы 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 500-ден астам команда жасақталып, алты мыңға жуық бала қатысты.
Қала күні мерекесіне орай «Брусья FEST» спорттық бұқаралық фестивалі ұйымдастырылып, оған 400-ден астам тұрғындар қатысты.
Соңғы жылдары қаламызда көптеп салынған аулаішілік спорт алаңшаларының тиімді пайдаланылуын ұйымдастыруда «Аула чемпионаттары» бұқаралық спорт жарыстарын өткізу қолға алынды. Биыл алғаш рет өткен іс-шараның 23 айналымына 1 600-ге жуық балалар қатысты.
– Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтсеңіз...
– Қаламызда дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың үлесін арттыруда спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын іске асыруға 2023 жылға 2 323,0 млн теңге қаржы бағытталды.
Бүгінде мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасында 115 кәсіпкер біліктілік іріктеуіден өтіп, спорттың 20 түрі бойынша оның ішінде баскетбол, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, волейбол, көркем гимнастика, дзюдо, каратэ, таеквандо, жеңіл атлетика, жүзу, үлкен теннис, үстел теннисі, футбол, қазақ күресі, футзал, шахмат, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге арналған үстел теннисі, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге арналған тұрып ойнайтын волейбол, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге арналған футбол спорт түрлері бойынша 213 спорттық секцияға барлығы 13 828 балаға ваучер берілді.
Жоба аясында 338 жаттықтырушы мен 200-ге жуық басқа да қосымша персонал жұмыспен қамтылды. Қазір қаланың Абай ауданында 36 спорт секциясы жұмыс істесе, Әл-Фараби ауданында 33 спорт секциясы ашылған. Еңбекші ауданында 39 спорт секция ашылған болса, Қаратау ауданында 58 спорт секциясы жұмысын бастады. Жаңадан құрылған Тұран ауданында ашылған спорт секциялары 47 бірлік болып отыр.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 2024 жылы 23 мың баланы спорттық секциялармен қамту көзделген. 2021-2022 жылдары және 2023 жылдың мамыр айына дейін мемлекеттік спорттық тапсырыс жүзеге асыру artsport.edu.kz (SoftDeCo ЖШС) платформасы арқылы жүзеге асырылды.
Биылғы жылдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асыру платформасын анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы жарияланып, мамыр айында шыққан конкурстың нәтижесінде DamuBala (QazTiQet ЖШС) платформасы жеңімпаз болып анықталды. Қазір осы платформаға мәліметтерді енгізу жұмыстары атқарылуда.
– Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымды қалыптастыруда қандай жұмыстар атқарылып отыр?
– Бұқаралық спорттың ахуалы мен даму белесі қажетті спорттық инфрақұрылымның болуымен байланысты екені белгілі. Статистикалық деректер бойынша Шымкент қаласындағы спорттық нысандағы объектілердің саны 1 079 бірлікті құрайды. Оның ішінде дене шынықтыру және спорттық мәндегі нысандар саны 521 болса, қаладағы білім мекемелеріндегі спорттық объектілер 503 бірлік болып отыр. Ал спорт мекемелеріндегі спорттық объектілер саны 55 бірлікті құрайды. Қаладағы бар мыңнан аса объектілердің 149-ы – жеке меншіктің иелігінде.
Биылғы жылдың сегіз айында үстел теннисі спорт кешені, атшабар кешені іске қосылып, жөндеуден өткен «Металлург» стадионы мен №20 спорт мектебінің спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қосымша 2 спорт кешенінің құрылысы аяқталмақ. Оған қосымша алдағы уақытта тағы 6 спорт нысанының құрылысы қолға алынбақ.
Шымкент сити шағын ауданында көпфункционалды «Шымкент арена» спорт кешенін салу, Қажымұқан атындағы орталық стадионды реконструкциялау, жаңа футбол стадионының құрылысын жүргізу, 5 ауданда заманауи спорттық кешендерін салу сынды ірі жобалар бойынша құжат әзірлеу жұмыстары қолға алынып отыр.
– Шымкент қаласы ірі спорттық байрақты бәсекелерді өткізетін орталыққа айналып келеді. Енді жергілікті спортшылардың жетістіктері жөнінде айтып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, Шымкент қаласының республикалық маңызға ие қала болуымен бізде беделді спорттық жарыстарды өз деңгейінде ұйымдастырып, өткізуге мүмкіндік туды. Қаламызда 23 спорт түрінен Қазақстан Республикасының кубоктары мен турнирлері өткізіліп, оларға 6 мыңнан астам спортшы қатысты. Халықаралық жарыстар санатында 11 спорт түрінен сайыстар өткізіліп, оларда әлем елдерінен келген 1 200-ден астам спортшы бақ сынады. Сондай-ақ қаламызда 27 бұқаралық спорттық іс-шаралар санатындағы жарыстар өтіп, оларда барлығы 17 мыңнан астам азамат физикалық дайындығы мен жеке спорттық шеберліктері бойынша сайысқа түсті.
Жоғары спорттық жетістіктер бойынша спортшыларымыздың биылғы жылдағы нәтижелері туралы айтар болсақ, қала спортшылары жекелеген спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 504 – алтын, 401 – күміс, 465 – қола медаль жеңіп алды.
Азия чемпионаттарында қала спортшылары 77 – алтын, 61 – күміс және 49 – қола медальға ие болды. Осы кезең ішінде шымкенттік спортшылар әлем чемпионаттарында 18 – алтын, 20 – күміс, 17 – қола медальды жеңіп алса, Әлем кубогында 22 – алтын, 12 – күміс, 12 – қола медальға ие болды.
Минскте өткен II-ші ТМД елдерінің ойындарында Шымкент қаласы спортшыларының жетістіктері 1 – алтын, 2 – күміс және 6 – қола медаль болса, Қытайда өткен 31-ші Дүниежүзілік Универсиада ойындарында шымкенттік спортшылар 5 – күміс, 3 – қола медальға қол жеткізді.
Биылғы жылы қаладағы спорттық ұйымдар 2 – ҚР еңбегі сіңген спорт шеберін, 18 – халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 80 – Қазақстан Республикасының спорт шеберін, 255 – спорт шеберіне үміткер спортшыларды дайындады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапына ересектер құрамасына 427, жастар құрамасына 353, жасөспірімдер құрамасына 331 спортшымыз енген. Жалпы 1111 шымкенттік спортшы Ұлттық құрама сапында еліміздің намысын қорғайды.
2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазан аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) ХІХ жазғы Азия ойындары өтеді. Азия ойындарына Қазақстан Республикасының құрамасы сапында Шымкент қаласынан спорттың 24 түрінен 64 спортшы қатысады.
Сонымен қатар Ханчжоу қаласында (Қытай) IV Азия Паралимпиада ойындары 2023 жылдың 10-28 қазан аралығында өтеді. Қазақстан Республикасы құрамасының сапында Шымкент қаласынан спорт түрлерінен 5 спортшымыз қатысады. Олар: жүзуден: Дубинина Алина, Кулкаев Айсұлтан, Ибрашев Мансурбек, садақ атудан: Кішен Жасұлан, байдарка және каноэ есуден: Богатырев Максим.
– Шымкент қаласының спорттағы жұмыстары мен жетістікері туралы мазмұнды сұхбат бергеніңізге алғысымды айтамын. Спортшылардың бағындырған белестері мен табыстары молая берсін!
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы