Батыс елдерінде тамақты қолмен жеу үрдісі күшейді. Мамандар қолмен жеудің пайдасын дәлелдеді. Қолмен жеген тағам неге дәмді?
Еуропа мен Америкада тағамды қолмен жейтіндер көбейді
2,073
оқылды

Тамақты қолмен жеу мәдениеті барған сайын танымал болып келеді. Жақында Aljazeera.net сайтында британиялықтар мен америкалықтар ас құралдарын пайдаланудан бас тарта бастағаны туралы мақала жарияланды. Осы мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz қолмен жеген тағамның неге дәмді болатынын түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Westend61

Қазақтың дәстүрінде тағамды қолмен жеу мәдениеті ежелден қалыптасқан. Оның денсаулыққа пайдалы екенін батыстық өркениет енді ғана мойындай бастады.

Daily Mail басылымында жарияланған сауалнамаға сәйкес, британдықтардың төрттен бір бөлігі пышақ, шанышқы және қасық қолданудан бас тартуды ойлап жүрсе, зерттеуге қатысқан 2 500 адамның 19%-ы қолмен тамақ ішкенде өздерін жайлы сезінетінін айтқан.

Әрбір оныншы респондент қолмен жеген тағамның дәмді болатынын растаған. Психологтердің пікірінше, адамдар дұрыс тамақтанбайды, тағамды қолмен жеу керек екен.

Фото Aljazeera.net сайтынан алынды

XIX ғасырдың аяғында Батыстағы жоғарғы тап өкілдері пайдаланған ас құралдарының жалпы саны шамамен 100 данаға жеткен. Соңғы 20-30 жылда батыстық ас құралдарының этикеті артта қала бастады. Гамбургерлер, хот-догтар, картоп чипсы, пицца, тауық қанаттары және балмұздақ үлкен танымалдылыққа ие болып, қоғамдық орындарда қолмен тамақтану қалыпты және қолайлы деп саналуда.

Ашылу салтанатына шақырылған журналистердің қолына тамақ беру немесе жұптарды бір-бірінің қолынан тамақ жейтін романтикалық түскі асқа шақыру Нью-Йорктегі кейбір премиум мейрамханалардағы жаңа үрдіске айналды.

Екі Мишлен жұлдызының иегері, аспаз Андони Луис Адурис ас құралдарын пайдаланудан бас тартқан. Испанияның Баск аймағында орналасқан мейрамханасында ол 20-дан астам тағам түрін қолмен жеуге ұсынады.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: ShotPrime

Лондондағы атақты мейрамханалардың аспаздары да қонақтарына өздері дайындаған тағамдардың кейбірін тек қолмен жеуге кеңес береді. 

Оксфорд университетінің профессоры Чарльз Спенс: «Ас құралдарын қолданбау – тамақтан ерекше сезім алудың құпиясы. Бұл бізге не жеп жатқанымызды көбірек білуге мүмкіндік береді. Ал шанышқы бізді мұндай эмоциялардан алыстатады», – дейді.

Қолмен ұстағанда тағамның дәмі жақсарады, тамақты қолмен жеу дәм мен иісті қабылдауға әсер етеді. Тағамды қолмен ұстау арқылы балғындықты, дайындықты, нәзіктікті немесе температураны жақсырақ бағалауға болады. Жылылық, жұмсақ жанасу нанға деген тәбетті арттырады. 

Ал қазақтың ет тағамын неге тек қолмен жеу керектігі YouTube-тағы «НАПАРНИКИ» каналындағы видеодан көруге болады. Тәбетіңіз ашылсын!:

 

Тамақты қолмен жеу денсаулыққа көптеген пайда әкелетіні де ғылыми дәлелденген: 

ауызда және асқазанда ас қорыту ферменттері мен шырындарын жақсы бөлініп, тағамның қорытылуы жақсы жүреді;

тағамның құрылымын, дәмі мен иісін көбірек білу артық тамақтану қаупін азайтады және оңтайлы салмақты сақтауға көмектеседі;

ас құралдарын қолданып тамақтану тәсілі сау адамдарда қандағы қант деңгейіне әсер ететіні дәлелденді. Қолмен жегенде тамақтану қарқыны бәсеңдейді, қандағы қант деңгейі төмендейді және қант диабетінің қаупі азаяды;

теріде және ауыз қуысында өмір сүретін кейбір пайдалы бактерияларға әсер ету арқылы иммундық жүйе күшейеді. Олар денені зиянды патогендер мен инфекциялардан қорғайды, иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі.

Бұған дейін тағамды ас құралдарын қолданып жесеңіз, енді қолмен жеудің де пайдасын сезініңіз. Немесе органикалық заттардан, мысалы, ағаштан жасалған ас құралдарын қолданып көріңіз.