Шортандыда су тәулігіне небәрі 9 сағат қана беріледі.
«AMANAT»: Шортанды ауданына су құбырын тарту үшін 800 миллион теңге бөлінеді
1,343
оқылды

Келесі жылы Ақмола облысы Шортанды ауданына су құбырын тартуға республикалық бюджеттен 800 миллион теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еділ Жаңбыршин мен Айна Мысырәлімова Шортанды кентінің тұрғындарымен кездесуде хабарлады.

Шортанды ауылының 8 мыңнан астам тұрғыны суды қатаң кестеге сай пайдалануға мәжбүр. Себебі, тіршілік көзі тәулігіне небәрі 9 сағат қана  беріледі. Жерасты суының қоры таусылуға жақын. Ал 1971 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, ұңғымалар жарамсыз бола бастады.

Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, Егемен ауылының маңынан су алатын станса (құдық) салу жоспарлануда. «Егемен» учаскесінен Шортанды кентіндегі сорғы стансасына дейін ұзындығы 22 шақырым  су құбырын тарту, сондай-ақ Шортанды кентіндегі сорғы стансасын қайта жаңғырту көзделуде.

Жұмыс барысымен танысқан Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Айна Мысырәлімова алдағы жылы республикалық бюджеттен 800 млн теңге бөлінетінін атап өтті. 

Еске сала кетейік, бір ай бұрын Серікбол Мерей есімді азамат кент тұрғындарының атынан «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың қабылдауында болған еді. Сол кезде Мәжіліс Спикері «AMANAT» фракциясы республикалық бюджеттен су құбыры желісін жаңғыртуға қажет қаражат бөлуді бақылауға алатынын атап өтті.

Сонымен қатар халық қалаулылары Дамса және Научный ауылдарының кәріз желілерін жөндеу жұмысымен танысты. Аталған жұмыстың 90%-ы орындалды. Енді тек асфальтбетон жабынын қалпына келтіру жұмысы ғана қалды. Сондай-ақ  Дамса ауылында жылу желілері тартылуда. Келесі жылдан бастап көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады.

Мәжілісмендер Научный ауылындағы жалпы білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмысымен де танысты. Аталған білім ошағы өткен ғасырдың 60-жылдары тұрғызылған. Сол уақыттан бері алғаш рет күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оқушылар 1 қазаннан бастап білім ошағын пайдалана алады.  Алайда оқу процесі тоқтап тұрған жоқ. Оқушылар іргедегі музыка мектебінің ғимаратында білім алады. 

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 65 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау нысанын салу және реконструкциялау, 525 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін тарту, 28 шағын ауылда су тазартатын кешенді блок-модульдер орнату жоспарда жүр. Нәтижесінде, өңірдегі барлық қала және ауыл тұрғындары 100% сумен қамтылады.