Жәрмеңке 12-13 қазан күндері EXPO ХКО-да өтеді.
Digital Bridge 2023: Еңбек жәрмеңкесінде 20-дан астам ірі компания бос жұмыс орнын ұсынады
980
оқылды

Digital Bridge 2023 халықаралық форумы аясында 12-13 қазанда Job Fair бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде Kaspi.kz, Huawei, BI Innovations, Glovo, Halyk Bank секілді 20-дан астам компанияның бос жұмыс орны ұсынылады. 

Биылғы жылы үміткерлер мен компаниялар форум алаңында да, метағаламда да өзара әрекет ете алады. Компьютеріне қажетті бағдарламаны алдын ала орнатқан әлемнің әр бұрышындағы кез келген адамға жәрмеңкеге онлайн қатысу мүмкіндігі беріледі.

Жәрмеңке жұмысын ауыстырғысы келетін қызметкерлерге, фрилансерлерге, жаңадан бастаған мамандарға, сондай-ақ тағылымдамадан өтуді қалайтын университеттер мен бағдарламалау мектептерінің студенттеріне арналған. Онда сонымен қатар технология, маркетинг, дизайн, деректерді талдау және киберқауіпсіздік сияқты түрлі салаларда эксклюзив вакансиялар ұсынылады. 

«12-13 қазанда бәріңізді EXPO ХКО-да өтетін жәрмеңкеде күтеміз. Биыл тізімін біздің сайттан табуға болатын жұмыс берушілер бізді ерекше таңғалдыруға уәде беріп отыр. Ал Астанадағы жәрмеңкеге келе алмайтындар үшін біз интерактивті 3D әлеміне ену мүмкіндігін жасадық. Тіркелген қатысушы метағаламдағы цифрлық нысандармен әрекеттеседі, жұмыс берушілердің стендтерін тамашалайды, HR мамандармен әңгімелесіп, арманындағы жұмысты таба алады. Метағаламда компаниялар мен бос орындар туралы сұрақтарды арнайы әзірленген AI-көмекшіге қоюға болады. Бұдан бөлек, түйіндемені мамандардың талдауына жіберіп, оны толықтыру жөнінен кеңес алуға мүмкіндік бар», - деді Astana Hub атқарушы кеңсесінің директоры Дания Ахметова.   

Өткен Job Fair-ге қатысқан компаниялар бұл шараның нәтижесін жоғары бағалайды.

"Рекрутинг — бұл мамандандырылған сайттарда бос жұмыс орындарын орналастырудан және кеңседе үміткерлерді таңдаудан әлдеқайда кеңірек. Өз ісінің нағыз мамандарын табу үшін біздің HR-мамандар "сыртқа" шығуға дайын. Digital Bridge еңбек жәрмеңкесінің арқасында біз үміткерлермен кездесуге, оларды не ынталандыратынын және қандай жағдайлар қызықтыратынын түсінуге тамаша мүмкіндік алдық. Сондай-ақ бұл алаң басқа ірі компаниялардың әріптестерімен байланыс орнатуға, перспективаларды талқылауға және тәжірибе алмасуға көмектеседі", -  деді Allur компаниялар тобының персоналды іріктеу және бейімдеу бөлімінің бастығы Мадина Құсайынова. 

«Бос орындар жәрмеңкесіне «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры алғаш рет қатысқалы отыр. Біз Қордың бизнес-процестерін автоматтандыруды дамыту аясында жаңа жобаларға кадрлар жинауды жоспарлап отырмыз», - деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Персоналды дамыту департаментінің бас менеджері Анар Оразаева.

"Ақылды көше гаджеттерін жасайтын Citix — Smart City және AdTech компаниясы жәрмеңкеде талантты мамандарды іздеумен және IT бағытты көпшілікке таныстырумен айналыспақ. Тәжірибелі мамандарды ғана емес, компаниямен бірге әлемді өзгерткісі келетін тағылымдамашыларды да тартамыз деп үміттенеміз", - дейді Citix HR директоры Заррина Бекежан. 

Айта кетейік, үміткерлер үшін Job Fair-ге кіру тегін. Шараға қатысу үшін digitalbridge.kz сайтында тіркеліп, мобильді қосымшаны жүктеп алып, тегін билет алу қажет. Метағаламға кіру үшін сайттағы сәйкес бағдарламалық құралды орнату нұсқаулығын оқу керек.