26 қыркүйек күні Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы ЖМ-2 магистралінде сынақ жұмыстары өткізілген.
Павлодар облысының әкімі Екібастұз жылу магистралінде болған төтенше жағдайға қатысты түсінік берді
1,398
оқылды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кеше Екібастұздың жылу магистралінде болған төтенше жағдайға байланысты түсінік берді.«ҚазАқпарат» бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір Екібастұз ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 3 энергетикалық қазандық пайдалануға дайын және жылу беру маусымы басталғанға дейін тағы 3 су жылытатын қазандық агрегаты дайын болады. Қалған 4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Абай көшесіндегі 3 жылу магистралін (№4 мектептен Марғұлан көшесіне дейін) қайта жаңарту жұмыстары толығымен аяқталды. Аталмыш 3 магистраль жоғары қысыммен сынақтан өткізіліп, қазір жуу жұмыстары жүргізілуде.

26 қыркүйек күні Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы ЖМ-2 магистралін (Достық дүкенінен «Қазақстан» кинотеатры аялдамасына дейін) де сынақтан өткізу жұмыстары жасалған. Алайда, жылу магистраліндегі жаңа және ескі құбырлардың түйіскен жерін қосатын тығыздағыш компенсатор ажырап кетті. Құбырлар зақымдалмаған.

Әкімдік ақпаратына сенсек, бүгін түске дейін ақау жойылады, содан кейін осы магистральдық желіні сынау және жуу жұмыстары қайта жалғасады.

«Атқарылып жатқан жұмыстар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Жаңа желілер жоғары қысыммен тексерілуде, өйткені, осал тұстарын анықтап, анықталған ақауларды бірден жою үшін», – деп атап өтті облыс әкімі.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, көктемде және күзде Екібастұздың жылумен жабдықтау желілерінде барлығы 388 ақау жойылған. Қала тұрғындарынан түскен шағымдар бойынша проблемалы 14 учаскеде жұмыстар жалғасып жатыр.

690 көпқабатты тұрғын үйдің 665-і жылуды қабылдауға толықтай дайын. 25 тұрғын үйде ішкі жылыту жүйелерін жөндеу, жуу, сығымдау жұмыстары аяқталуға жақын.

«1 қазаннан бастап Екібастұзда жылу беру маусымын бастау жоспарлануда. Жылуды қабылдауға дайындық бойынша барлық жұмыстар уақытында және барынша сапалы орындалуы қажет. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне көшуі керек. Жылумен жабдықтауды бастау бір бөлек, алайда, жүйені теңдестіру де маңызды. Жылу желілері қызметтері мен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан ішкі жылумен жабдықтау жүйелерін реттеу және шеткі үйлердегі гидравликалық параметрлерді теңдестіру бойынша үйлесімді жұмыс қажет», – деп тапсырма берді Асайын Байханов жылу желілерін тексеру кезінде.