Bloomberg агенттігі барлау агенттіктері деректерді талдау үшін нейрондық желіні пайдаланатынын жазды. Америкалық барлау агенттіктері ChatGPT-ге ұқсас жабық құрал жасамақ, бұл оларға ашық көздердегі деректерді тиімді жинап, талдауға мүмкіндік береді. Aikyn.kz ақпарат агенттігінің мақаласына сілтеме жасай отырып, Орталық барлау басқармасы жасанды интеллекті тағы қандай мақсаттарға қолдануы мүмкін деген сұраққа жауап іздейді.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Ignatiev
Орталық барлау басқармасы (ОББ) ашық көздердегі деректерді сараптауды жақсарту ниетімен жасанды интеллекті жүйесін пайдаланбақ. Жасанды интеллект құралдарын қолдануды басқа америкалық барлау агенттіктері жоспарлауда.
Bloomberg атап өткендей, америкалық билік 2030 жылға қарай әлемдік көшбасшы болуды мақсат етіп отырған Қытаймен бәсекеде ұтылмас үшін жасанды интеллект қуатын пайдаланудың үкіметтік стратегиясын іске асырмақшы.
ОББ жасанды интеллект құралы қызметкерлерге ашық көздердегі әрбір мәліметтің бастапқы дереккөзін анықтауға көмектеседі. ОББ бөлімшесінің директоры Рэнди Никсон бұл құралды АҚШ-тың 18 барлау агенттігімен бөлісуді жоспарлап отырғанын айта келе: «бастапқы мәліметтердің дереккөзін анықтаған соң оны келесі деңгейге көтеріп, машиналармен байланысып, сұрақтар қоюға болады», – дейді.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Agustinc
ЖИ-дің таралуына қатысты алаңдаушылық билік тарапынан да, халықаралық ұйымдар тарапынан қызу талқылануда. Осы жылдың мамыр айында АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис IT саласының өкілдерімен кездесу өткізіп, осы тақырыпты талқылады.
Шілде айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жасанды интеллект тақырыбына арналған алғашқы отырысын өткізді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «ЖИ және ядролық қару, биотехнология, нейротехнология және робототехника арасындағы өзара әрекеттесу ерекше алаңдататынын айтқан. Ол генеративті ЖИ қаншалықты жылдам дамып жатқанын, жаңа технологияның жылдамдығы мен қолжетімділігі бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамып жатқанына назар аударған.
Бас хатшының айтуынша, 2030 жылға қарай ЖИ-дің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 10-15 триллион долларға дейін жетеді. Бас хатшы Гутерриш ЖИ саласын реттеудің жаһандық стандарттарын қалыптастыратын БҰҰ негізінде орган құру идеясын қолдаған. Дегенмен, саяси мүдделер қақтығысында ірі мемлекеттердің ЖИ құпияларымен бөлісіп, оның қауіпсіздігін бірлесіп талқылауын, әзірше, көзге елестету қиын.