Арнайы оқу-жаттығуды БҚО аумақтық қорғаныс бригадасы өткізді. Әскери оқу-жаттығу жұмыстарына БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.
БҚО-да әскери оқу-жаттығу шарасы өтті

Әскери жиынға бұдан бөлек  аумақтық қорғаныс бригадасының әскерилері, Ұлттық  ұлан сарбаздары, Полиция департаментінің арнайы жасағы, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, медицина мамандары тартылған. 

Әскери оқу-жаттығу облыс көле­мінде өтіп жатыр. Бұл осымен екінші ауқымды жаттығу шарасы.  Жоспар бойынша  «Интергаз» мекемесіне сыртқы күштер шабуыл жасайды, ал әскерилер ғимаратты қорғауы тиіс.  Арнайы белгіленген сценарий бо­йын­ша әрекет еткен әскерилер өзде­ріне берілген тапсырманы орындады. Әскерилердің жылдамдығы мен қырағылығы тексерілді. Мұндай оқу-жаттығу жұмыстарының мақсаты да сол. Әскерилер өздері білетін әскери дағдыны ұмытып қалмауы тиіс. 

– Бүгін облыс аумағында әскери міндеттілермен оқу-жаттығу жұмыс­тары өтуде. Бүгін осымен аумақтық қорғаныс бригадасының белгіленген жоспар бойынша оқу-жаттығу жұ­мыс­тары аяқталады. Біздің аумақтық қорғаныс бригадасы өңірдегі маңыз­ды нысандарды қорғайды. Бізде ондай  100 нысан бар. Бүгін сондай қорғаудағы аса маңызды нысанның бірі – «Интергаз» мекемесінің маңа­йын­­­да өтеді. Жоспар бойынша сырт­қы күштер «Интергазға» шабуыл жа­сайды. Әскерилер нысанды қорғап қалуы керек, – дейді облыс әкімінің әскери қауіпсіздік қорғаныс мәселе­лері жөніндегі кеңесшісі Мақсат Мұқа­нов. 

Бүгінгі әскери оқу-жаттығу жұ­мы­сы өз мақсатына жетті дейді мамандар. БҚО аумақтық қорғаныс бригадасы өткізген оқу-жаттығуға 100-ден аса әскери қатысты. Бірнеше әскери техника тартылды. Оқу-жат­тығу жұмыстарын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов көрді. Оқу-жаттығу жұмысы аяқта­лы­сымен аймақ басшысының орын­басары әскерилерге алғыс білдірді. 

– Мұндай әскери жиындардың негізгі мақсаты  – запастағы әскери­лердің жауынгерлік даярлығын шың­дау, бекітілген техника мен қару жа­рақ­ты қолдану шеберлігін арттыру. Қазіргі жаһандық жағдайдағы сын-қатерлерді ескере отырып, жоспар бойынша оқу-жаттығу жиындарын БҚО-да аумақтық қорғаныс бригада­сының басқаруымен өткізіп отыр­мыз. Осы қыркүйек айында 180-нен астам адам осындай арнайы оқу-жаттығудан өтті. Мұндай ірі көлем­дегі оқу-жаттығулар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады. Күні кеше ғана облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен әскери қалашықтың құрылысы басталды. Бүгін әскери оқу-жаттығу жұмыс­тарына қатысып, өздеріңізге берілген тапсырманы мінсіз орындаған­дарыңыз үшін алғыс айта­мын, – деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов. 

Жаттығу жұмыстарына белсенді қа­тыс­қан әскерилерді ай­мақ басшы­сының  орынбасары Бақытжан Ха­бер­ұлы облыс әкімінің алғысхатымен марапаттады.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы