Қазір еліміздің жасы мен кәрісі Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарындағы спортшыларымыздың тілеуін тілеп, тақымын қысып отыр.
Бағаласаң – киіміңді бағала
531
оқылды

Әлбетте, байрақты бәсекеде ел намысы үшін сынға түсіп жатқан спортшыларымыздың барлық жағдайы жасалғаны дұрыс. Күні кеше сондағы маунтинбайктен Қазақстан құрамасының спортшысы Алина Сарқұлова спорт киімдерінің сын көтермейтінін, аяқкиім мен жейденің жыртыла беретінін айтып, видео жариялаған болатын. Осыған қатысты біз де ақпарат іздеп көрдік.

Киетін киімнің сапасына шағым­­данып, бейнеүндеу жариялаған спортшы Алина Сарқұлованың айтуынша, спорт­­­шыларға берілген киім формалары бір рет­­тік қана киілетін киім секілді. 

«Бізге берілген форма туралы не айта аламын? Кроссовкамыз жарамсыз. Мен кроссовкаммен екі рет қана жүрдім. Екін­­­­­ші рет кигенде табаны ажырап кет­ті. Жейдемді қараңыздаршы, жіптері сөгі­­­тіліп жатыр. Шалбарымыз да дәл сон­­дай. Жіптері сетінеп, жыртылып кетті. Спорт­­­­­­­тық формамыз бір киюге ғана жа­­райды. Біздегі жағдай осын­дай», – дейді Сарқұлова бейнежазбада. 

Алина Сарқұлованың шағымына Азия ойындарының спортшыларына арнап киім тіккен «КазСпо-N компа­­­­ниясы «Zibroo» ЖШС басшысы Елена Свечникова компанияның әлеуметтік парақшасында жауап берді. «Зибро ком­паниясы крассовкалар мен бейсбол­­­­каларды өндірмейді. Видеодағы айтқан крассовкадағы жағдай біздің өнімімізге кірмейді. Ал поло жейделеріндегі жыр­­­тық­­­қа келетін болсақ, ол 100 пайыз тү­­­рік матасынан жасалған. Видеода бай­қа­­­­ғанымыздай, жыртық шынтаққа жете бере жерде жейденің қол жеңінің жие­­­гін­­­де болғаны көрініп тұр. Яғни, бұл жең сыртқы қандай да бір әсерлерден болма­­­са жыртылуы мүмкін емес. Ал шал­­ба­рына келетін болсақ, видеода оның са­пасыз­­­­дығына дәлел келтірмеген. Мен сонда да түсініктеме бере кетейін, бұл шалбардың матасы ресейлік ком­па­­­нияның өнімі. Са­пасы жақсы», – деп мәлімдеді ол. 

Спорттық формаға 110 208 000 теңге жұмсалған ба?

Ал «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов әлеуметтік парақшасында спорт комитетін сынға алып, бұрынғы Мәдениет және спорт министрлігі Азия ойындарына қаты­сатын спортшы­­­лардың киімі үшін бюд­жет­тен 110 208 000 теңге жұмсағанын жеткізді. 

«Спорт комитеті Азия ойындарына қатысу үшін формаға (аяқ киімсіз) 110 208 000 теңге жұмсады. 600 жинақ үшін. Келісімшарт, әрине, бір ғана та­­­­­раппен, ешқандай конкурссыз жасал­ған. Небәрі 2 жылдың ішінде Спортты дамы­­­­ту ди­­­рекциясы формаға 1 164 683 520 тең­ге жұмсаған және барлық келісім­шарттар бір көзден жасалған», – делінген жаз­бада.

Ал кеше Туризм және спорт министр­лігінің Спортты дамыту дирекциясы ұлттық құрама спортшыларының киі­міне байланысты мәлімдеме жасады.

«Қолданыстағы заңнама бойынша спорттық киім-кешек тізілімге кіретін және индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден сатып алынуы тиіс. Спорттық форма осы сертификаты бар өндірушілерден сатып алынды. Айта кету керек, индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық өндірушілер саны аз. «КазСпо-N компаниясы «Zibroo» ЖШС, ЖК 79-шы КВАРТАЛ және «ТОРИ КОМПАНИ» ЖШС-мен шарт жасалды. 

Жеткізу толық көлемде жүзеге асы­­рылды. Мысалы, Zibroo компаниясы біз­дің спортшылардың Олимпиада және Азия ойындарына қатысуы үшін жаб­дық­­тарды тігіп, өзін адал жеткізуші ретінде көрсетті. Спорттық жабдық­­­тардың дизайны бірнеше рет әлемдік аренадағы ең жақсылардың бірі ретінде атап өтілді. Сондай-ақ, жеткізуші ком­­па­­­ниялар қажет болған жағдайда фор­­маны ауыстырып беруге дайын. Бұған дейін дизайн мен сапасы феде­рация өкілдері­мен келісілген болатын және спорт­­шылар тарапынан шағым түскен жоқ», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен бірге дирекция Азия ойын­дарында осындай жауапты сайыстар кезінде спортшылардың эмоцияларына түсіністікпен қарайтынын, қазір спорт­шыларға қажетті жағдай жасау үшін бар­лық бағытта жұмыс істеліп жатқанын атап өтті.

Бәсекелестік керек

Сонымен қатар осы мәселе бойынша Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева да түсі­ніктеме беріп, Азия ойындарынан кейін арнайы комиссия құрылып, спортшы­лардың түрлі жарыстарда өнер көрсетуі үшін спорттық форма дайындау мәсе­­­­лелерін зерттейтінін жеткізді.

Жалпы осы уақытқа дейін ZIBROO спорттық киімінің қазақстандық өндіру­шісі біршама олимпиадалардағы спорт­шыларымыздың киімін тігіп келген еді. Мәселен, былтыр Бейжіңде өткен қысқы ойын­дар­дағы киімді де аталған компания мойынына алған болатын. Сол кезде Халықаралық Олимпиада комитеті Бей­жіңдегі қысқы ойындардағы ұлттық құраманың үздік сәнді киім үлгісі тізімін жа­риялап, үздіктердің қатарына қазақ­стандық спортшылардың киім үлгісі кіргендігін хабарлаған еді. Ол кезде ZIBROO спорттық киімінің қазақстандық өндірушісі ресейлік дизайнер Дмитрий Шишкинмен Бейжің 2022 үшін ынты­мақтасқан болатын. Сондай-ақ ХОК өз шолуында Forbes журналына сілтеме жасап, қазақстандық спортшылардың киімін «ең жақсы сән дипломатиясы» деп атады. Бұған дейін америкалық басылым Қазақстанның Олимпиадалық формасын да Бейжіңдегі ойындарда ең стильді киімдер рейтингіне қосқан бола­­­тын. Қазақстанмен қатар Халық­аралық Олимпиада комитеті мен Forbes АҚШ, Канада, Ресей, Қытай, Швеция және Гер­мания спортшыларының образдарын ерекше атап өтті. Сонымен қатар сол қысқы Олимпиадада қазақстандық ту ұстаушылардың костюмі спорт шарасы­ның тарихындағы ең үздік киім үлгісі деп танылған еді. Бұл туралы Ұлттық олим­пиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков мәлімдеген болатын. Онда елі­міздің туын коньки тебуші Екатерина Айдова мен шорт-трекші Абзал Әжіға­­лиев ұстаған еді. Олар Сақ патшайымы Тұмар мен қазақ батырының бейнесіндегі тарихи үлгідегі киім киіп шыққан бола­тын. Сонымен қатар Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарында да қазақстан­дық спортшылардың киімі үздік сән үл­гісі деп танылған.

Осы ретте біз осындай спорттық киім­­дер тігіп, елімізде танымал спорттық іс-шараларға демеушілік етіп жүрген Cham­pion.Kaz компаниясының бас­­шысы Ернар Үсенбаевтың пікірін білген едік. Оның айтуынша, спортшы­­­лары­мыздың формасын тігуде елімізде бәсе­келестікті арттыру керек. 

«ZIBROO спорттық киімінің қазақ­­стандық өндірушілері еліміздегі спорт­­­шыларға олимпиададағы киімдерін 20 жылдан аса уақыттан бері дайындап ке­ле жатыр. Оларға бәсекелес компа­­ниялар жоқ дегенге сенбеймін. Бар. Бірақ келісім­шарт нәти­жесінен осы ком­­па­­­нияны ғана көріп келеміз. Жалпы спортшыла­­­рымыздың үстіне кигендері шет елде сынға қалмас үшін, сапасы жақсы болуы үшін аталған салада біраз өзгерістер қа­жет етіп тұр. Біздің отан­­­дық спорттық киім брэнді де аталған кон­курс­тарға қатысқан болатын. Бірақ өкінішке қарай, біз өте алмадық. Егер бізге осындай мүмкіндік келсе, ешқандай пайданы ғана ойламай, еліміздің намысы үшін барлық мүмкіндігімізді пайдала­­натын едік», – дейді ол. 

Бүгінде Қытайға Азияның 45 елінен 15 мыңнан астам спортшы бақ сынасып, олар спорттың 40 түрінен 481 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Ал еліміздің атынан спорттың 30 түрінен 525 спортшы қатысып жатыр. Алдағы уақытта спорт­шыларымыз сапасыз киіммен өздерін жайсыз сезінбес үшін осы мәселеге қа­тысты құрылған комиссия тиісті шешім шығарады деп үміттенеміз. 

Наурызбек САРША