Команда құрамында Зоя Кравченко, Әсем Орынбай және Ольга Панарина бар. Осылайша, медальдар кестесінде Қазақстан құрамасы 16-орыннан 11-орынға көтерілді. Еншімізде 1 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль бар. Медальдар кестесінде Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония құрамалары алғашқы үштікте келеді.
Стенд атудың скит бағдарламасы бойынша мергендігін сынаған еліміздің әйелдер құрамасы финалда қарсыластарынан басымдық танытты. Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина жазғы Азия ойындарында рекорд жаңартып, Қазақстанға Ханчжоудағы додадан алғашқы алтын медальды алып берді. Мерген қыздар Қытай мен Таиланд командасынан оқ бойы озды.
– Қыздарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймын! Алтын медальдан басқа, біздің спортшылар да жаңадан жарыс рекордын орнатты, бұл жеңісті одан да әсерлі етеді. Естеріңізге сала кетейін, Алматы облысында стенд атудан Әлем кубогында біздің құрама бірінші жалпыкомандалық орынға ие болған. Бүгін бүкіл Азия құрлығы бұл жеңісті кездейсоқ жетістік емес екеніне көз жеткізді, – деп мәлімдеді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Көп ұзамай Стенд атудың скит бағдарламасында Әсем Орынбай 45 рет нысананы дәл көздеп, қола жүлде еншіледі. Осылайша, мергендеріміз жарыс күнінде жанкүйерлеріне қос қуанышты қатар сыйлады.
Дзюдошылар мен мергендер жарады
Жарыстың алғашқы күні дзюдошыларымыз бір күміс, төрт қола еншілеген еді. Жалпы, биыл дзюдодан ұлттық құрама шашасына шаң жұқтырмай келеді. Азия ойындарының төртінші күнінде де дзюдошы Нұрлыхан Шархан 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола медаль жеңіп алды. Нұрлыхан ақтық белдесуде Оңтүстік Кореядан келген Джонхун Вонмен кездесті. Нәтижесінде, қазақ спортшысы иппон әдісімен жеңіске жетті. Көп ұзамай біз жеңіс күтпеген спорт түрлерінен де қанжығамызға медаль келіп түсті. Атап айтсақ, Эльмир Әлімжанов семсерлесуден Азия ойындарының қола медалін иеленді. Отандасымыз жартылай финалда Жапония өкілі Коки Канодан жеңіліп қалды.
Ал жарыстың үшінші күні10 метрден пневматикалық винтовкадан оқ атудан аралас командалық сайыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле қола жүлдеге ие болды. Медаль үшін күресте Қазақстан құрамасының спортшылары Иран командасын 17:11 есебімен жеңді. Естеріңізге сала кетейік, Никита Чирюкин жылдам атылатын тапаншадан Азиаданың қола медалін жеңіп алған болатын.
Қоржынымызға екінші күмісті нысана көздеуден ерлер құрамасы салды. Құрамында Бақтияр Ибраев, Андрей Худяков және Асадбек Назиркулиев бар қазақстандықтар 10 метрден жылжымалы нысанға оқ атудан екінші орынға көтерілді. Қазақстан құрамасы индонезиялықтардың алдын орап кеткенімен, соңғы сында оңтүстіккореялықтарға есе жіберді. Осылайша, соңғы дерек бойынша қоржынымызда 1 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль бар.
Димаштың жанкүйерлері қолдады
Азия ойындарында Қазақстан спортшылары жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, біздің құрамаға Қытайда оқып жатқан студенттер, қандастармен қатар жергілікті спорт жанкүйерлері де қолдау білдіріп отыр. Сондай-ақ Азиадада жүрген еріктілердің арасында Қазақстан спортшыларына қолдау білдіретіндер көп. Олардың көбі Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері екен. Жастардан бөлек, әлемге әйгілі әншінің өнерін бағалайтын ересектер де отандас спортшыларға ыстық ықылас білдіріп жатыр.
– Мен Димаштың жанкүйерімін, концерттерін көргенмін. Қазақстанның спортшылары мен жанкүйерлеріне алыстан келіп, Азиадаға қатысқандары үшін алғыс білдіреміз. Бұл өз еліне және спортқа деген сүйіспеншіліктің дәлелі, – дейді Азия ойындарын тамашалауға Бейжіңнен келген Лю Пэнчжань.
Ал кеше Азия ойындарына қатысушылардың алғашқы легі елге оралды. Оларды спорт жанкүйерлері сән-салтанатпен қарсы алды. Спортшылардың арасында Азия ойындарында бессайыстан алғаш рет Олимпиада лицензиясын жеңіп алған Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин бар.
Көктем ҚАРҚЫН