Бұл орталықта негізінен омыртқаның түрлі жарақаттарынан, инсульттан, балалардың церебральді салдығы, І-ІІІ топтағы мүгедектіктен кейін оңалту жүргізіледі.
Мемлекеттік тапсырыс арқылы облыстық бюджеттен халықтың жоғарыда аталған топтарындағыларға осы орталықта тегін негізде оңалту қызметтерін көрсету үшін 80 млн теңге бөлінді. Жылына 400-ге дейін адам қабылдайды. Талдықорған қаласында орналасқан бұл орталықта адамның қайтадан аяғынан тік тұруына көмектесетін әлемнің түрлі елдерінен әкелінген заманауи жабдықтар орнатылған.
Дәл қазіргі кезде мүгедектер үшін аса маңызды болып саналатын әлеуметтік нысанның ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, орталықтың басшысы әрі негізін қалаушы, облыстық мәслихаттың депутаты Елдос Баялышбаевқа алғысын білдірді:
– Бүгін біз Талдықорған қаласында «Асар» оңалту кешенінің ашылуына арнайы келдік. Жаңа оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар жандарға талапқа сай сапалы қызмет көрсетеді деп ойлаймын. Баршаға кедергісіз, қолжетімді орта құру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты және бүкіл қоғамның міндеті. Биыл 162 әлеуметтік нысанды бейімдеуге 472,6 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтаймыз және алдағы кезде де жалғастыратын боламыз. Өздеріңіз жақсы білетіндей, осы жазда Алакөл ауданының Ақши ауылында, шипалы көлдің жағасында күрделі жөндеуден өткен аудандық резиденция базасында жазғы демалыс үшін балаларды оңалту лагері ашылды. Осы жазда 140 бала демалды. Балқаш көлінің жағасында да осындай орталық тұрғызу жоспарда бар. Мұнда қабылдайтын адам саны Алакөлдегі лагерьден көбірек болады. Алдымен жолды аяқтап, содан кейін инженерлік инфрақұрылым салуымыз қажет.
Ал бүгінде Талдықорғанда оңалту қызметтері 300 адамға көрсетіліп отырса, соның 54-і – бала. Осыған байланысты Жетісу жұртшылығының атынан оңалту орталығының басшысы Елдос Баялышбаевқа алғысымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Газ тартып береміз, шамамен 1,5 ай ішінде жұмысты аяқтаймыз. Осындай орталықтар ерекше күтімге мұқтаж азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне, сондай-ақ көрсетілетін оңалту қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін, – деп атап өтті өңір басшысы, сондай-ақ осы жылы Талдықорғанда «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық ашылғанын, қазір оның базасында 18 жастан асқан азаматтар үшін де жағдай жасау жоспарланып отырғанына тоқталды.
Бұдан соң облыс басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда Е. Баялышбаевтың әлеуметтік қорғау ісіне қосқан үлесі аталып өтіліп, орталық басшысы мен ұжымының атына тілектер айтылыпты.
Талдықорған қаласындағы тірек-қимыл жүйесі зақымданған мүгедектердің «Ер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Роза Ақжаркенова де өз тілегін білдірді: – Елдос, сенің біздің қаламызда болғаныңа мен ризамын. Бәрі неден, қалай басталғанын білеміз және осындай жағдайға жетіп отырғаның – өзіңнің қажырлы еңбегіңнің нәтижесі. Көбісі орталыққа арбамен кіріп, оңалтудан кейін балдақпен шығады. Елдосқа қолдау көрсетіп, жобаны жүзеге асыруға көмектескендердің барлығына шын жүректен алғыс білдіремін, өйткені бұл жай ғана пайдалы іс қана емес, нағыз ізгі іс. Дендеріңіз сау болсын, өмірді бағалаңыздар және бір-біріңізге қамқор болыңыздар, – деді Роза Ақжаркенова.
– Екі жарым жылдан астам уақыт бойы біз «Асар» орталығында ем алып жүрміз. Орталық бастапқыда жартылай жертөледе болды, қазір жарық, жақсы ғимаратқа көшіп отыр. Күйеуімді арбамен алып келгенбіз, қазір ол баяу жүре бастады. Қызметкерлерге қамқорлықтары үшін көп рахмет. Енді жаңа орталықта физиокабинетке, процедуралық кабинетке барамыз. Кабинеттері өте жақсы жабдықталған. Елдосқа, оның отбасына, туыстары мен жақындарына денсаулық тілеймін, – деген қосағы орталықта оңалтудан өтіп жатқан Қадира Сағадиева да лебізін білдіріп қалуға асықты.
Орталықтың директоры Елдос Баялышбаевтың өзі де сөз сөйледі, ол жобаны іске асыру және оңалту орталығын салу кезінде көмек көрсеткендердің барлығына алғысын білдіре келе, орталықтың құрылу тарихына қысқаша тоқталды:
– 2015 жылдан бастап осы жобаны іске асыра бастадым, үш жыл қатарынан «Сәби» қорының «Өз бизнесіңді құр» конкурсына қатыстым. Үшінші жыл дегенде жеңіске жеттім. Сонымен қатар әр жылдары Жапония елшілігінің жабдық сатып алуға берілетін «Шөп тамырлары» грантын екі рет жеңіп алдым. Айтпақшы, халықаралық грантты бір адамның екі рет ұтуы әлемдегі екінші жағдай екен. Бұл заманауи жетілдірілген жабдықты сатып алуға үлкен қолдау болды. «Даму» қорының жеңілдік шарттары бар кредиттік қаражатын да пайдаландым. Әкімдік маған құрылыс салатын жер телімін берді. Жалпы көп уақыт кетті, көп жұмыс жасалды. Соның бәрі нәтижесін берді. Бүгін Орталық ресми түрде ашылып отыр. Біз хабарласқандардың барлығына көмектесуге тырысамыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз ұжымыма алғысымды білдіремін. Бастапқыда бізде 4-5 адам ғана жұмыс істеген, қазір олардың саны 30-ға жуықтады. Сіздер болмасаңыздар, осындай жетістікке жетпес едім, – деген Елдос бірқатар азаматтарға «Алғыс хат» тапсырды.
«Асар» спорттық-оңалту орталығы ғимаратының жалпы ауданы 700 шаршы метр. Физиотерапия, кинезотерапия, массаж, емдеу, психолог және логопед кабинеттері жабдықталған. Буфет бар, кедергісіз орта қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Жобаның жалпы құны – 120 млн теңге. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың арқасында орталықта қызметтер тегін көрсетіледі, мұнда оңалтудан өту үшін дәрігердің тағайындауы қажет.
Спорттық-оңалту орталығының жоғары технологиялық жабдықтары ерекше. Мысалы, испандық экзоскелет адамға қайтадан жүруді үйренуге көмектеседі. «Бұл салмағы небәрі 17 кг болатын модель, ресейлік өндіріс моделінің салмағы 46 кг. Қазақстанда мұндай модель жоқ, бұл модель қозғалыс датчиктерінің функциясына ие. Тренажердің құны шамамен 107 млн теңге», – деп түсіндірді орталық директоры. Заманауи емдеу жабдықтарының тағы бірі – «Луна» көпфункционалды роботтанған оңалту жүйесі. Бұл ерекше тренажер неврологиялық және ортопедиялық патологиясы бар, бастан өткерген жарақаттары мен ауруларына байланысты қозғалыс бұзылыстары бар науқастарды емдейді. «Асар» орталығында АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Ұлыбритания, Испания, Польшадан әкелінген ересектер мен балаларды оңалтуға арналған 30-дан астам тренажерлер мен арнайы жабдықтар бар.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы