"Ғаламда бізден басқа тіршілік бар ма?" деген сұрақтың жауабы табылған жоқ. Ал жасанды интеллект кометалар мен басқа планеталардан алынған шаң-тозаң, топырақ үлгілерін талдап, органикалық заттарды дәл анықтаған. Қалай тапқанын машина айтпай отыр
Жасанды интеллект адам білмейтін жұмбақты шешті. Бірақ айтпай отыр
1,546
оқылды

"Ғалымдар біздің ғаламда тіршілік бар ма?" деген сұрақтың жауабын әлі де таба алған жоқ. Жасанды интеллект кометалар мен басқа планеталардан алынған шаң-тозаң, топырақ үлгілерін талдап бұл құпияны табады деген үміт бар. 

«Ұлттық ғылым академия еңбектері» атты ғылыми журналда жасанды интеллект көмегімен талданған үлгілердің дұрыстығы 90% болғаны жазылды. Aikyn.kz жасанды интеллект өзі тапқан жұмбақты неге адамдармен бөліскісі келмейтінін журналдағы мақалаға сүйеніп талдайды. 

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Yuichiro Chino

Ғалымдар басқа планеталар мен астериодтардан алынған (мысалы, Марс пен Бенну астероиды) үлгілердегі органикалық материалдардың биогенділігін (тірі ағзалардың өмір сүруіне қажетті заттардың бар болуы) анықтаудың қарапайым, сенімді және практикалық әдісін жасауда елеулі жетістікке жетті. Олар басқа планеталардағы тіршілік белгілерін анықтай алатын жасанды интеллект (ЖИ) ойлап тапты. Дегенмен  зерттеушілер ЖИ-дің құпияны ашу алгоритмін түсінбей отыр. 

Астробиологтер – ғаламда тіршілік көздерін іздеумен айналысатын ғалымдар. Олардың басты проблемасы – Жерден тыс пайда болған үлгінің бұрын өмір сүрген тірі ағзаның қалдықтары екенін немесе кездейсоқ химиялық қосындыдан туындағанын ажырата алмауында. Сондықтан метеориттерде кездесетін амин қышқылдарының құпиясы әлі де ашылмай келеді.

Зерттеушілер қарапайым және сенімді әдіс іздеп, машиналық оқытудың жаңа алгоритміне жүгінді. Америкалық ғалымдар өз жұмыстарының нәтижелерін АҚШ-тың Ұлттық ғылым академиясының еңбектері (PNAS) журналында жариялаған.

Жасанды интеллект 90% дәлдікпен ғарыштан алынған үлгінің биологиялық немесе биологиялық емес екенін ажырата алған. Оны ЖИ қандай негізге сүйеніп тапқаны ғалымдарды қатты ойландырып тастаған.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Baac3nes

Органикалық заттар біздің планетада ғана емес, амин қышқылдарының іздері метеориттерде, тіпті алыстағы астероидтерде детабылған. Ғалымдар қарапайым органикалық молекулаларды жасанды түрде және зертханада жасауға болатынын бұрын дәлелдеген. Бұл үшін негізгі химиялық заттарды жоғары температурада араластыру қажет. 

Сондықтан да ғалымдар астероидтан келген органикалық молекула адамзат білмейтін бөтен тіршілік іздерінен бе, әлде химиялық элементтердің кездейсоқ реакциясынан туындаған ба деген сұрақтарға жауап таба алмауда.  

ЖИ-дің керемет нәтижелеріне қарамастан, оның жұмбақты шешу алгоритмі «қара жәшікке» ұқсайды, оның ішіндегі процестер ғалымдарға құпия болып қалуда. Жасанды интеллект тірі заттардың химиясының құрылымындағы заңдылықтарды тауып, оларды химиялық реакциялардың нәтижесінде пайда болған органикалық заттардан ажыратудың құпиясын «бөліскісі» келмейді. ЖИ өзі ашқан заңдылықты ешкімге айтпауда (немесе айта алмай ма?). 

Фото iStock агенттігінен алынды. Авторы: Bpperry 

 

Анықтама ретінде 

Ұлттық ғылым академиясының еңбектері (Proceedings of the National Academy of Sciences, PNAS) деп аталатын беделді ғылыми журнал. Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) 1863 жылы 3 наурызда президент Авраам Линкольн қол қойған Конгресс актісімен құрылған АҚШ-тың жетекші ғылыми ұйымы саналады. Академия «ғылым, технология және медицина мәселелері бойынша ұлт кеңесшісі» қызметін атқарады. Оның мүшелері ерікті негізде жұмыс істейді.

2021 жылы 2 461 толық мүше және 511 шетелдік мүше, оның ішінде шамамен 190 Нобель сыйлығының лауреаты болған. Жаңа мүшелер бұрыннан бар мүшелердің жасырын дауыс беруімен өмір бойына сайланады. Ұлттық академия мүшелігіне сайлану  –  ғылыми еңбекті мойындаудың ең құрметті нышандарының бірі.

Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясына да осындай мәртебеге жетуін тілейік.