Филиал басшысы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерден бірнеше рет пара алған деп айыпталды.
СҚО-дағы «Аграрлық несие корпорациясының» басшысы бірнеше рет пара алған деген күдікпен ұсталды
880
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыру шеңберінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысын ұстады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім еткендей, филиал басшысы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерден бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Пара сомасы – 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін.

Пара ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде бөлінетін кредиттік қарыздарды беру мәселесін оң және кедергісіз шешу үшін алынған.

«Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды»,  делінген агенттік мәліметінде.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін күдікті кінәсіз деп есептеледі.