Отырысты ашқан Асхат Аймағамбетов 2023 жылғы 9 қазанда Мәжілісте Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің проблемалары мен даму перспективалары бойынша Үкімет сағаты өтетін айтты. Үкімет сағатын дайындау аясында комитет депутаттары еліміздің, соның ішінде Астана қаласының медицина ұйымдарының жұмысымен тығыз байланыс орнатып, проблемалық мәселелермен кеңінен танысып жатқанына назар аударды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге ерекше мән берген болатын. Осыған байланысты аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса назар аударып отырмыз. Барлық денсаулық сақтау ұйымдарының проблемалары ұқсас. Бұл медициналық қызметтер көрсетуді қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі, – деді Асхат Аймағамбетов.
Жиын барысында депутаттар медициналық қызметтерге тарифтердің нақты жағдайдан, коммуналдық қызметтерге, дәрі-дәрмектерге, тауарларға және басқа да бағалардың өсуінен артта қалуына мән берді. Сонымен қатар медициналық қызмет көлемін сапасыз жоспарлау мен бірқатар медициналық қызметтерге сызықтық шкаланы негізсіз қолдану мәселесіне тоқталды.
Сондай-ақ ақпараттық жүйелерді басқарудағы және олардың арасындағы интеграцияның болмауына байланысты қиындықтарға, азаматтармен медициналық қызмет алу кезегінің өсуіне қатысты мәселелерді талқылады.
– Денсаулық сақтау министрлігі біраз мәселені шешіп жатқанын білеміз. Нәтиже бар. Бүгінгі кездесудің мақсаты – мәселелерді талқылап бірлескен шешімдердер әзірлеу, – деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кету керек, жиынға Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Гүлдара Нұрымова, Нүргүл Тау, Дәулет Мұқаев, Айна Мысырәлімова және Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық сақтандыру қорының өкілдері қатысты.