Ізгі қадам, игі серіктестік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Респуб­ли­ка­сына ресми сапармен барды. Іс-сапар барысында Президент Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцпен кездесіп, бірқатар келіссөздер жасады.

Сондай-ақ Қазақстан басшысы Berlin Global Dialogue форумына, Шығыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдастыруымен өткен екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қа­ты­сып, бірқатар ірі компанияның топ-менеджерлерімен жүздесті. 

Мемлекет басшысы Берлинге арнайы сапармен ша­қырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Олаф Шо­льцке  ризашылығын білдірді.

– Германия – Қазақстанның Еуропа Одағын­да­ғы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-эко­номикалық және инвестициялық байланыс жол­ға қойылған. Сондықтан екі елдің ынты­мақ­тастығын нығайтуға баса мән береміз. Бүгін құр­­­мет­ті канцлермен бірқатар маңызды мәселені тал­­­­қыладық. Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Гер­­­­­­­­мания екі елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асы­ру ісіне барынша прагматикалық тұрғыдан қа­рауы керек. Бұл орайда біздің саяси ерік-жі­геріміз бен экономикалық әлеуетіміз зор. Келіс­сөз­дер барысында сауда-экономикалық ынты­мақ­тас­тықтың перспективасына баса мән берілді. Екі­жақты сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жат­қанын атап өттік. Экспорттық және импорттық тауар­лар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәр­менді шаралар қабылдауға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұнай-газ химиясы, металлургия, көлік және логистика секілді перспективті салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қарастырыл­ғанын айтты және Қазақстан тарапы­ның жетекші еуропалық компания­лармен қол жеткізген уағдаластық­тарын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол энергетика саласындағы ко­опера­ция­ны дамытуды басты басымдық­тардың бірі ретінде атады.

– Бүгінгі кездесу аясында Siemens, Deutsche Bahn, Siemens Energy, Linde және тағы да басқа негізгі серік­тестермен маңызды коммерциялық келісімге қол қойылғанын құптай­мын. Бұл құжаттар мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байла­ныс­тарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Қазақстан жыл басы­нан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісім­нің нәтижесінде жүзеге асты. Герма­ниялық достарымыздың өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан басшысы екі елдің өзара ықпалдастығын кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге де тоқталды. Ол Транскаспий көлік бағдарының транзиттік қуатын арттыру, сондай-ақ оны Трансеуропалық көлік желісімен (ТEN-T) және Global Gateway бас­тама­сымен ұштастыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлім­деді. Оның пікірінше, агроөнеркәсіп секторындағы, сондай-ақ қаржы, инновация, цифрландыру салаларын­дағы ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндік бар.

Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтас­тыққа да айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы жаңа қазақ-неміс білім беру мекемелерінің құрылуын, атап айтқанда, биыл маусым айында Ақтау қаласында Қазақстан-Гер­мания орнықты инженерия инсти­тутының ашылуын құптайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы ықпалдас­тықтың жоғары деңгейін сақтау үшін Германия Канцлерін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Германияның Орта­лық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін айтты. Бұдан бөлек, канцлер Германия мен Еуропа Одағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформа­ларды толық қолдайтынын мәлімдеді.

«Көшбасшылар диалогы»

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші Berlin Global Dialogue форумына қатысты. Президент «Көшбасшылар диалогы» сессиясында Қазақстанның жаһандық экономикалық процес­тердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты. Президенттің пікірінше, жаһан­дық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе, адамзат дүниежүзілік сауданың бұрын-соңды болмаған бөлшектенуіне тап болады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызға құлды­рауына әкеп соқтыруы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің халықаралық экономикалық байла­ныстарды тұрақтандыру ісіндегі рөліне және ұлттық экономиканы дамытудың перспективаларына айрықша тоқталды.

– Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарық­тарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Ода­ғына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңей­туге және жаһандық энерге­тика­лық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз. Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі бол­ғанымен, экономиканы әртараптан­дыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларын­дағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанмен эко­номика­лық серіктестік орнатуға жол ашатын перспективаларға қатысу­шылар назарын аударды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдары немесе «Орта дәліз» аймақтағы сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндік береді. Бұл бағыт қазіргі қолданыстағы теңіз жолдарымен тасымалданатын тауар­лард­­ың транзиттік уақытын екі есе қысқартады. Сонымен қатар Мемле­кет басшысы Қазақстанның аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялағанын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтарап­тығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын айтты. Бұл салада да ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, Қазақстан­ның, шын мәнінде, жаһандық және сенімді сауда-экономикалық серік­теске айналғанына сенім білдірді. Мемлекет басшысы баршаға ортақ өркендеген әрі инклюзивті болашақ құру үшін күш жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, Berlin Global Dialogue форумына Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц, Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель, Бельгияның Пре­мьер-министрі Александр де Кроо, Албанияның Премьер-министрі Эди Рама және басқа да жоғары лауазымды саясаткерлер, халықаралық компа­ния­лар мен қаржы институттарының басшылары қатысты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш форум аясында Шри-Ланка Президенті Ранил Викрамасингхемен кездесіп,  келіссөз жүргізді. 

Мемлекет басшысы ресми сапарының екінші күні Федералдық Пре­зидент Франк-Вальтер Штайн­майермен кездесуден басталды. Тараптар Германия Президентінің таяуда Қазақстанға жасаған сапары аясында қол жеткізілген уағдаластық­тардың жүзеге асырылу барысын қарастырды. Атап айтқанда, энерге­тика, транзит, логистика, пайдалы қазбаларды игеру, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы және цифрландыру секілді  ынтымақ­тастықтың басым бағыттарына қатысты бірлескен жұмыстарды талқы­лап, Қазақстан мен Германия­ның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайту үшін бірлескен іс-қимылдарды арттыра түсуге уағда­ласты. 

Ынтымақтастық бағыттарын ұсынды

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зиденті Германия экономикасы Шы­ғыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдас­тыруымен өткен екі ел іскер топта­рының дөңгелек үстеліне қатысты. Мемле­кет басшысы геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия­ның табандылық, нақтылық және жауапкершілік қағидаттарына не­гізделген бизнес жүргізу тәсілін жоғары бағалады. Сондай-ақ «Қазақ­станда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты.

Мемлекет басшысы өзара ынты­мақ­тастықтың бірқатар перспективті бағытын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңыз­ды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын. 

Президент жаңартылатын энер­гия көздері саласындағы ынтымақ­тастықты тағы бір перспективті бағыт ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл» сутегінің әлемдегі жетекші өндірушісі болу үшін елімізде барлық алғышарт бар екеніне тоқталды. Қазіргі уақытта Германия мен Швецияның бірлескен Svevind Group компаниясымен «жасыл» сутегін өндіру жөнінде сомасы 50 миллиард доллар болатын келісім жасалды. Бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Алдағы уақытта «жасыл» сутегі өндірісі «жасыл» болат, алюминий және басқа да ме­тал­дарды өндіруге жол ашуы мүмкін. Президент Германияның техно­логиялық шешімдерін Қазақстанның табиғи және адами ресурстарымен ұштастыру жоғары нәтижеге жеткізе­тініне сенім білдірді.

Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – көлік-логистика әлеуетін пайдалану. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа геосаяси жағдайда Еуропа мен Азия арасындағы байла­нысты қамтамасыз ету үшін «Орта дәліздің» маңызы артып келеді. Сон­дай-ақ, Президент ауыл шаруа­шылы­ғы саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар екенін, Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр­ғанын жеткізді.

Ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты – IT технология саласы. Президент Қазақстанның цифр­лық трансформация бағытын­дағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын айтты. БҰҰ біздің электронды үкімет жүйесін ТОП-30 тізіміне енгізді. Мемлекет басшысы адами капиталды дамыту және инвес­тиция тарту мәселесін ынтымақ­тастықтың өзекті бағыттарының бірі ретінде атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан эконо­мика­сын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. 

Германия экономикасының Шы­ғыс комитеті – Германия Федера­тивтік Республикасының Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы 29 елге арналған аймақтық бастамасы. Шығыс комитетіне Германия экономика­сының алты жетекші одағы қолдау көрсетеді және оған 400-ге жуық компания мүше.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Германияға сапарының екінші күнінде HMS Bergbau AG компания­сының басқарма төрағасы Деннис Швинд, HHLA компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцрат, STADA Group вице-президенті Кристос Галлис, Mercedes-Benz Group басқарма төрағасы Ола Калле­ниус, inde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфанн, iemens Energy басқарма төрағасы Кристиан Брух, Siemens AG жетекшісі Роланд Буш, Bayer AG компания­сының басқарма мүшесі Штефан Ольрих және Euler Hermes агенттігінің басқарма мүшесі Эдна Шёнемен кездесті.