Мекеменің қазіргі стратегиялық бағыты мен алғашқы пилоттық жобалары туралы орталықтың бас директоры Төлеген Орашевпен сұхбаттастық.
– Білуімше, «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы 2022 жылы құрылған болатын. Қазір орталық алға қадам басып, бойын тіктей бастағаны рас. Осы бір жыл ішіндегі бастамаларыңыз жөнінде айтып өтсеңіз?
– «Самғау» ғылыми-технология-лық бастамалар орталығы мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды. Мұндағы негізгі мақсат – ел экономикасының негізгі күре тамыры болып келетін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның құра-мына кіретін ірі ұлттық компания-лардың басын біріктіре отырып, олардың ғылыми әлеуетін, ғылыми мүмкіндіктері мен басымдықтарына негіз беретін орталық болып құрылдық. Алдағы жоспарларымыз да өте ауқымды. Сол мақсатта қазір бірнеше тұжырымдаманы әзірлеп, тиісті органдармен бекіту керектігі талқылануда. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на еншілес ұйымдар бойынша сараптамалар жүргізіп, қайсысына қандай тиісті жұмыстар жүргізу керектігін зерделеп шықтық. Одан бөлек, ғылыми әлеуетке жұмсалатын қаражат мәселесі де талқыланып, нақты бір шешімдерге келу үстіндеміз. Мемлекеттік деңгей-дегі ірі кәсіпорындармен жұмыс істеп отырғандықтан, тиісінше әр баста-маның өзі ауқымды болып жатқаны да шындық.
Тағы бір айта кететіні, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на еншілес ірі компаниялар, әсіресе жер қойнауын пайдаланушы «Taу-Ken Samuryq» Ulttyq taу-ken kompaniasy» акционерлiк қоғамы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ сынды мекемелер өздерінің табы-сының 1 пайызын ғылым мен техноло-гияны дамыту саласына жұмсап оты-рады. Әрине, ол қаражат бұған дейін түрлі министрліктер мен ғылыми әлеуеті бар мекемелер негізінде жүзеге асып отырды. Ендігі кезекте біздің орталық сол компаниялардан бөлі-нетін 1 пайыздық мөлшерлемедегі қаражатты аталмыш кәсіпорындардың өзінің ғылыми әлеуетін жақсартуға бағыттайтын болады.
– Демек, ендігі жерде жоғарыда айтылған және өзге де аты аталмаған еншілес компаниялар ғылымды дамыту бағытын «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығына сеніп тапсырады дейсіз бе?
– Негізінде солай болып отыр. Ең алдымен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» тобына жататын компаниялардың барлығына сараптама жасап шығамыз. Содан кейін барып, қай мекемеге қандай қажеттіліктер туындауы мүмкін немесе қажет екенін саралаймыз. Ол қажеттілік алдағы уақытта ел экономикасына қандай пайда әкеледі деген сынды ірі көлемде сараптамаларды жасайтын боламыз. Сондықтан арнайы мамандар мен сарапшылар тобы жасақталу үстінде. Ол үшін біз қазіргі уақытта ғылым мен бизнестің өзара әрекеттесуінің халықаралық жүйесін зерттеп жатырмыз. Компанияның алдағы жылдарға арналған даму стратегиясын әзірлеу және бекіту бойынша белсенді жұмыс жүргізілу үстінде. Сонымен қатар ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландырудың жаңа ережелерін әзірлеуге белсенді түрде қатысудамыз.
– ҒЗТКЖ қаржыландырудың жаңа ережелері қандай болмақ? Бұл жобаға қандай түзетулер енгізілуде?
– Бүгінде Ұлттық мемлекеттік ғылыми-технологиялық сараптама орталығын тарта отырып, міндетті ғылыми-техникалық сараптама жүргізуді көздейтін ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іріктеу мен қаржыландыру жүйесін құрдық. Ғылыми-техникалық сараптаманы мемлекеттік технологиялар ұлттық орталығы бірнеше сарапшыларды, соның ішінде шетелдік мамандарды тарта отырып жүргізеді. Ғылыми-техникалық сараптамадан басқа қаржылық сараптама қарастырылып отыр. Оның мақсаты – белгілі болған шығындардың негізділігін бағалау болып табылады. «Самұрық-Қазына» қорының ғылыми-техникалық кеңесі бұл тұрғыда құрамына ғылыми қоғамдастық пен өндіріс өкілдері кіретін, қаржыландыруға өту негіздемелерін алған жобаларды бекітетін болады. Жобаны іске асыру бойынша ҒЗТКЖ нәтижелерін Мемлекеттік ғылыми-технологиялар ұлттық орталығында міндетті тіркеу жұмыстары қамтамасыз етілетін болады. Осылайша, әркез жасалып жатқан жұмыстар қызметінің қорытындылары бойынша, Министрліктің жанындағы Ғылыми-техникалық кеңесіне есеп беріліп отырады.
Ережелер мәселесін қорытындылай келе, осы жерде «Самғау» орталығы құрған қаржыландыру тетігі ғылым мен технологияны дамыту саласындағы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың тәсілдеріне сәйкес екендігін атап өткім келеді.
– Дұрыс-ақ. Ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың жаңа ережелері толықтай бекітілген бойда ғылым мен өндірістік бизнес толық қуатында жұмыс жасауы үшін тағы не қажет болуы мүмкін?
– «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының басты міндеттерінің бірі – бұл процесті ашық, инновациялық және біркелкі шоғырландырылған жүйе ету.
Қаржыландыру ашылған кезде әрбір ғылыми жоба іске асырудың әр кезеңінде мұқият қадағаланатын болады. Әрі жұмсалған қаражатқа есеп беріледі. Нәтижесі қазақстандық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып бағаланады. Барлық мүдделі тұлғаларға ыңғайлы болу үшін жақын арада әр кезең цифрландырылып, арнайы портал іске қосылады. Қазір «Самғау» ҒТБО «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына кіретін кәсіпорындарды инновациялық және технологиялық диагностикалау бойынша шағын пилоттық жобаны іске қосып жатыр.
– Пилоттық жоба туралы айтып берсеңіз. Бұдан қандай нәтиже күтуге болады?
– Инновациялық және технологиялық диагностика кәсіпорындардың технологиялық мәселелерін анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, олардағы мәселелерді шешу үшін ғылыми-зерттеу ресурстарын тарту, ғылым мен өндірістің өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету және инновациялық технологиялар трансферті тағы бар. Ол үшін әріптестеріміз ұйымдардың ғылыми-техникалық, кадрлық, материалдық-техникалық әлеуеті туралы жалпы ақпарат алу мақсатында кәсіпорындарға барып қызметкерлер арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» 11 портфельдік компаниясының 94 ұйымы қатысады. Нәтижесінде, «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы кәсіпорындардың инновациялық-технологиялық диагностикасы бойынша пилоттық жобаны жүргізудің бірқатар бағытын айқындап алмақпыз. Енді осыған сай Қазақстанның жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдері арасынан тиісті сарапшыларды да анықтап алып отырмыз. Демек, арнайы тартылған мамандар мен шетелдік сарапшылардан бөлек, отандық ғылым саласындағы мамандар тобын жасақтаудамыз. «ҚазМұнайГаз» АҚ келісімі бойынша пилоттық режимде инновациялық-технологиялық диагностиканы жүргізудің алғашқы алаңы «ҚазақОйл Ақтөбе» компаниясы болды. «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының қызметкерлері шақырылған сарапшылармен бірге кәсіпорын қызметімен танысып, өндірістік процестердің ерекшеліктерін зерттеп, кәсіпорынның технологиялық міндеттерін анықтады. Енді «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны «Қазақтүрікмұнай» компаниясында инновациялық-технологиялық диагностика жүргізбекпіз. Сондай-ақ мұнда кәсіпорынның бар технологиялық ресурстары мен процестеріне, деректерді басқару және өндіріс процесіне әсер етуі мүмкін басқа факторларға егжей-тегжейлі талдау жасаймыз. Содан кейін ғана ғылыми ұйымдарды қажетті технологиялық мәселені шешуге тартамыз. Бұл жұмыстардың барлығы ел экономикасының дамуына және өндірістегі ғылымның өрлеуіне үлесінің зор болатындығына сенімім мол.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бердібек ХАБАЙ