Биыл осы мақсатта 191 грант беру үшін 263,58 миллион теңге қаражат бөлінді. Грант мөлшері – 1 380 000 теңге. Бүгінде грантқа қатысушылардың бизнес-жобаларын қарау жөніндегі қалалық және аудандық комиссияның шешімімен 148 адамға жалпы сомасы 204,2 миллион теңге грант берілген. Қарағанды қаласындағы мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкермен тілдесудің сәті түсті.
Қазақ тілінде оқытатын ерекше балаларға арналған ABA-терапия кабинетін ашқан Кристина Вороновская мемлекеттік грант бұрыннан ойда жүрген ісін ашуға септігін тигізгенін айтады.
– Мен өзім ерекше баланың анасымын. Қарағанды қаласында аутизм диагнозы бар балаларды қазақша оқытатын арнайы орталық болмағаннан кейін кабинет ашсам деген ой туындады. Алғашында «Бизнес бастау» курсынан өтіп, сертификат алдым. Бизнес-жобамды жасап, мемлекеттік грант алуға өтініш бердім. Жобам грант иегері атанып, 1 380 000 теңге қайтарымсыз қаражат алдым. Грант алу маған оңай болды. Өйткені бұл саланы ұзақ зерттедім. Талдау жасадым. Баламды жетелеп, Қарағандыдағы аутизм дерті бар балаларды оқытатын барлық орталықты аралап шықтым. Төрт жылдай уақытым сонымен кетті. Бірақ барған орталықтардың барлығы да орыс тілінде болды. Қазақ тілінде оқытатын орталықты маусым айында аштым, сол уақыттан бастап осы арнайы кабинетте жұмыс істеп жатырмын. Бүгінде мұнда 10 бала оқиды. Әр балаға жеке уақыт бөлемін. Күніне бір бала 2-3 сағат тәлім алады. Кабинетті жалға алып отырмын. Ата-аналар оқу қаржысын төлеп тұрады. Бір үйде екі ерекше баласы бар болса, тегін оқиды. Бұл жобаның мен үшін тиімділігі зор. Мен басқа балалармен қатар өз баламды да оқытып, жетілдіріп жатырмын. Екі-үш айдың өзінде біраз жетістікке жеттік, – дейді Кристина.
Мемлекет берген грантқа Кристина кабинетке керекті жабдықтар сатып алған, ал оқу құралдарына өз қаржысын жұмсаған.
– Бұл кәсіпті кеңейтіп, кабинетті арнайы орталыққа айналдырсам деген де ойым бар. Сол үшін тынбай еңбек етіп жатырмын. Қазір ерекше балалары бар екі ана ABA-терапевт мамандығы бойынша білім алуда. Арнайы оқуды бітіргеннен кейін әлеуметтік кәсіпкер ретінде менің қарамағымда жұмыс істейтін болады, – дейді кәсіпкер.
Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру үшін Қарағанды облысы бойынша 191 грантқа 263,58 миллион теңге қаражат бөлінді.
– Осы уақытқа дейін 148 грант иесін тапты. Алдымызда үшінші лек тұр. Онда 55 грант беру жоспарда. Гранттар кестесіне сәйкес, business.enbek.kz. порталында өтінім қабылдау 2023 жылдың 11 қыркүйегінен 22 қыркүйегіне дейін жүргізілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде беріледі. Ол санатқа атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке жарамсыз көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар жатады. Үш жылдан аз уақыт жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер де мемлекеттік қолдауға ие бола алады, – дейді Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы Фараби Мұхтаров.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы