Алматыдағы №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасында ми мен бас сүйегінің ақауымен туған балаларға бірегей операция жасалды.
Алматы дәрігерлері ми мен бас сүйегінің туабітті ақауы бар 6 балаға ота жасады
710
оқылды

Клиниканың баспасөз қызметі атап өткендей, бас сүйегінің ауытқуы бар 6 қазақстандық балаға күрделі операцияны Алматы мен Санкт-Петербургтің жетекші мамандары бірлесіп жасады.

Клиникалық көрсеткіштер бойынша 5 айдан 3 жасқа дейінгі кішкентай қазақстандықтарға «Краниосиностоз» күрделі диагнозы қойылған. Бұл – нейрохирургиялық операцияның ең күрделі түрі, ол жұмыстың дәлдігін және дәрігердің жоғары біліктілігін талап етеді.

Дәрігерлердің айтуынша, краниосиностоз дертінің негізгі симптомы – сүйек тігістерінің ерте өсуіне байланысты пайда болатын бас сүйегінің ми бөлігінің деформациясы, бұл кейіннен күрделі асқынуларға әкелуі мүмкін.

Бұл патологияны уақытында емдемесе, балаға айқын гипертензия синдромы, ұстамалар, психикалық дамудың артта қалуы, көру нервінің патологиясы, көру қабілетін жоғалту сияқты қауіп төнеді. Оны емдеудің басты жолы – бас сүйектің пішінін ерте хирургиялық түзету. Бұл патология 2000 баланың біреуінде кездеседі.

«Мұндай балалардың ата-аналары көп жағдайда Алматы қаласындағы №2 ҚБКА-ға жүгінеді. Бізде айына орта есеппен осы патологиямен 15-ке жуық ота жасалады. Осыған байланысты өңірлік дәрігерлерді оқыту және олардың мамандануын арттыру өзекті. Осы мастер-кластың мақсатының бірі – еліміздің өңірлерінде балалар нейрохирургиясын дамыту. Сондықтан біздің өңірлік әріптестеріміз бұл патологияны өз бетінше жасауы тиіс. Бізге республикамыздың барлық өңірінен және таяу шетелден бас штаттан тыс балалар нейрохирургтары, нейрохирургтар, анестезиолог-реаниматологтар, операциялық медбикелер, жалпы саны 40-тан астам адам келді», – деп атап өтті Алматы қаласының №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының директоры Марат Рабандияров.

Бұл іс-шараның форматы ерекше. Бұл дриллинг курсы мен «шынайы» хирургияны қамтитын Орта Азия аймағында өткізілген алғашқы және әзірге жалғыз мастер-класс. Бейнеконференция барысында барлық операция залда led-экранда көрсетілді.

«Біздің ойымызша, қызықты формат таңдалған. Дәріс дриллинг-курспен бірге болды, яғни краниосиностоздың әртүрлі формалары бар ота жасалынатын балалардың бас сүйегінің бірнеше моделі жасалды. Ал бұл курстың қатысушылары белгілі бір хирургиялық манипуляциялар жасау мүмкіндігіне ие болды. Муляждар 3Д-принтерде жасалды. Содан кейін бұл курс практикалық онлайн хирургиямен, яғни шынайы хирургиямен аяқталды. Мен мұндай форматты бұрын Ресейде кездестірмеппін», – деді РФ ДСМ «В. А. Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығы» университеттік клиникасының балаларға арналған нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Александр Ким.