Еске алу кешінде кітап авторының жастық шақта жазған өлеңдерін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ филология факультетінің студенттерінен құралған «Алқа» әдеби клубы оқыды.
Журналистер Үмітхан Алтаеваны еске алды
434
оқылды

ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері,  «Алтын қауырсын  - 2004» иегері Үмітхан Алтаеваның «Үміт» кітабы жарық көрді.  Жаңа жинақтың жарық көруіне белгілі қаламгердің шәкірттері Лаура Тастанбек,  Назгүл Назарбекова,  Дилара Бименова мұрындық болса,  ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев демеушілік жасады.  

Кітаптың тұсаукесері Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапханада өтіп, зиялы қауым өкілдері, журналист қызмет еткен «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің қызметкерлері, театр және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Ардагер журналистер Асхан Майлыбаева, Суханберді Оразалиев, Шойбек Орынбай, Иса Омар, Бақтияр Тайжан Үмітхан Алтаеваның тіршіліктегі тынымсыз еңбекқорлығын, салалық журналистиканың кәсіби маманы болғанын тебірене еске алды. 

Өңір баспасөзі арқылы оқырманға жеткен танымал тұлғалардан сұхбаттары,  өзекті проблемаларды қозғаған сараптама-зерттеулері арқылы Үмітхан  Рзуанқызы қазақ журналистикасында айшықты із қалдырды. Кітапқа марқұм әріптесіміздің өндірте жазған шығармашылығының белгілі бөлігі қамтылып, естеліктер мен суреттер енгізілген. 

Еске алу кешінде кітап авторының жастық шақта жазған өлеңдерін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ филология факультетінің студенттерінен құралған «Алқа» әдеби клубы оқыды. Ал, байырғы әріптесі Роза Төкенова медицина саласында «Ішкі аурулар» тақырыбымен жарық көрген кітапты шығаруға атсалысқан  қажырлы еңбегін айта келе, Үмітхан Алтаеваның «Ұмыт мені» өлеңіне жазылған Өмірзақ Сұлтанмұратовтың әнін  нәшіне келтіре шырқады.

ҚР Журналистер одағы Шымкент филиалының төрағасы Уәли Қыдыр, кәсіпкер Ақылбай Оразов кітаптың таралымын тағы да 100 данадан көбейтіп беретінін айтып, көпшілікті қуантты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.