Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының соңғы аптасы басталды. Кеше Қазақстан қоржынына 37-ші медаль түсті. Оның 4-еуі – алтын, 7-еуі – күміс, қалған 26-сы – қола алқа.
Азия ойындары: төрт алтын түгел
1,946
оқылды

Ескекшілер еңсені көтерді

Қоржынымыздағы 3 алтынды да мергендердің салғанын бұған де­йін айтқанбыз. Ал төртінші алтынды спорт жанкүйерлері боксшы Сағындық Тоғамбайдан күт­кен еді. Бірақ ел үміті ақтал­ма­ды. Бокстан 1/2 финалда жерле­сіміз Сағындық Тоғамбай алаң қо­жайыны Хан Сюэчжэньмен өт­кен айқаста жеңіліп, «қоланы» қанағат етті. Дегенмен жанкүйер­лердің еңсесін ескекшілеріміз көтерді. Қазақстандық ескекшілер Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров каноэда 500 метр қа­шық­тықта сынға түсіп, 1:49.010 көр­сет­кішпен мәре сызығын бірін­ші болып қиды. Жапониялық, ирандық ескекшілер екінші, үшін­ші орында. Осылайша, Қазақстан қоржынына төртінші алтын түсті. 

Ал байдарка мен каноэде есу­ден Қазақстан әйелдер құрамасы­ның өкілдері екі күміс медаль же­ңіп алды. 500 метр қашықтыққа кано­эде жұптық есуден команда­лық сайыста Руфина Искакова мен Мария Бровковая қазақстан­дық дуэті қытайлықтардан ғана ұтылып, күміс жүлдеге ие болды. Тайланд елінің есушілері қола жүлде алды. Дәл осындай қашық­тық­тағы қос байдарка жарысында Ольга Шмелева мен Ирина Подой­никова да Қытайдан кейін екінші орын алса, Өзбекстан құрамасы қола жүлдегер атанды.

Тағы бір күміс медальді күрес спортының құраш түрінен Бекәділ Шаймерденов иеленді. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финал­дық белдесуде отандасымыз өзбекстандық Үмид Есановқа есе жі­берді. Бұл – Қазақстан құра­масы­ның осы Азиададағы жетінші күміс жүлдесі.

Мергендер медальмен жарысуда

Стенд атудан Қазақстан құра­ма­сының мүшелері Қытайдағы ойындарда тағы да жүлдегер атан­ды. Трап бағдарламасы бойынша командалық сайыста әйелдер құрамасы (Мария Дмитриенко, Ай­жан Досмағамбетова, Анас­тасия Прилепина) 3-орын алды. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды 337 ұпаймен Үндістан, екінші орынды 336 ұпаймен Қытай еншіледі. 

Айта кету керек, дәл осы сайыстан Қазақстан командасы 2014 жылғы Азия ойындарында чемпион атанған еді. Ал Мария Дмитриенко 2014 жылы – алтын, 2018 жылы жеке сайыста қола алған болатын. Осы жолы Мария стенд ату бойынша жеке сында 34 ұпай жинап, қола олжалады. Қытай өкілі Синьцю Чжан 47 ұпаймен жеңімпаз атанды. Осы нәтижесі арқылы ол Азия өңірінің және Азия ойындарының рекор­дын орнатты. Екінші сатыға 43 ұпай жинаған Цуйцуй Ву көтерілді.

Ал ел құрамасына 37-ші медальді батут гимнастикасынан Виктория Бутолина салды. Ол үздік үштікті түйіндеп, 52,600 ұпаймен қола жүлдеге ие болды. Алтын медальді қытайлық Жу Сюэ Ин (56,720), күмісті оның отандасы Ху Йичэн (55,790) жеңіп алды. Бұған дейін Виктория іріктеуде төртінші орын алған еді.

Азия ойындарында жүлде алмаса да, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алған спортшы­ларымызды да атап өткеніміз жөн болар. Боксшы Карина Ибраги­мова Азия ойындарының 1/4 кезеңінде моңғол спортшысы Намуун Монхорды 5:0 есебімен ұтып, жартылай финалға өтті. Сондай-ақ ол бокстан Парижге алғашқы жолдаманы жеңіп алды. 27 жастағы қазақстандық боксшы әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, 57 келі салмақ санатын­да өнер көрсетеді. Ал боксшы Ната­лья Богданова 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында Моңғолия өкілі Цэцэгдари Мягмарсурэнмен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, ол құрлық бірінші­лігінің жартылай финалына шы­ғып, өзін кемінде қола жүлдемен қамтамасыз етті.

Айта кету керек, бокстан ұлт­тық құраманың капитаны Аслан­бек Шымбергенов жартылай фи­налға өтті. 71 келі салмақ дәреже­сіндегі отандасымыз Асланбек Шымбергенов Өзбекстаннан келген әлем чемпионы Асахуджа Муйнхуджаевты үшінші раунд барысында үш рет нокдаунға жіберіп, 1/2 финалына жолдама жеңіп алды. 

– Бірінші, екінші раунд ұтса да, жеңіс арғы жаққа кетіп жатты. Бірақ екінші раундтан кейін «Қобалжыма, өз тірлігіңді істей бер. Кім біледі, нокаутқа жіберетін шығарсың» деп айтқан едім. Бапкерді тыңдады, өзі де риза болып тұр. Бұл жерде қобалжып, қателессең, оған жақсы болады. Салқынқанды болып, баспен жұмыс істесең, жеңісті солай аласың, – деді бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мыр­зағали Айтжанов. 

Осылайша, спортшыға әділет­сіздік жасағысы келгендердің жоспары орындалмады. Енді құрама капитаны финалда тағы бір әлем чемпионы, жапониялық Севон Окадзавамен жұдырық­тасады. 

Кербез ЕСІМ