Дирижабльмен саяхаттау қайтадан сұранысқа ие бола бастады. Күн энергиясынан қуат алатын ұшу аппараты еш жерге қонбай үзіліссіз Жерді экватор бойымен айналып шығуға дайын. Саяхатқа үш адам таңдалып алынды.
Бозжыраны дирижабльмен тамашалау қанша тұрады?
1,403
оқылды

Solar Airship One нөлдік көміртегі шығарындылары бар дирижабльмен дүниежүзі бойынша алғаш рет еш жерге қонбай үзіліссіз саяхат жасауға дайындалуда. New Atlas сайтында жарияланған мақалаға сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz ұшу аппаратын жасауда ғалымдардың қандай мақсаты болғанын түсіндіреді.

Фото solarairshipone.com сайтынан алынды

Асықпай саяхаттауды ұнататын адамдарға Solar Airship One дирижаблі ұнауы тиіс. 40 000 шақырым болатын экватордың бойымен Жер шарын ешқандай жағармайсыз ұшып өтуге 20 күн қажет болады.

Ұзындығы 151 метр ұшу аппаратының үстіңгі беті күн сәулесін энергияға айналдыратын пленкамен жабылған. Оның ауданы 4 800 шаршы метр немесе стандартты футбол алаңына тең.

Күндіз күн панельдері дирижабльдің электр стансаларын қуаттайды, сонымен қатар суды электролиздеу арқылы сутегіні жинап, түнгі ұшуға қосымша қуат жинайды. Түнде сутегі отын ұяшығы арқылы өтіп, дирижабльдің түнгі саяхатын қуаттандырады.

Фото BBC.com сайтынан алынды

Жаңа технологиялық шешімдерге толы дирижабльді үш адамнан тұратын команда басқарады: бұрынғы француз астронавты және әуе күштерінің ұшқышы Мишель Тоньини, ұшақ апатынан аман қалып, бірақ қимылы шектеулі ұшқыш әйел Дорин Бурнетон және саяхатшы, алғашқы үзіліссіз ұшуды дәлелдеген Бертран Пиккар. Ол 1999 жылы әуе шарымен әлемді айналып ұшып өткен, сондай-ақ 2015-2016 жылдары 16 жарым айда Жер шарын алғаш рет Күн энергиясымен ғана қуаттанатын эксперименталды Solar Impulse 2 ұшағын басқарған.

Жоғарыда айтқанымыздай, Solar Airship One дирижабль түнде күндіз жинақталған сутегімен жүреді. Жерді айналып ұшуды ұйымдастырушы Euro Airship командасы дирижабльдің орташа жылдамдығы 83 шақырым/сағ болатынын мәлімдеді.

Заманауи ұшу аппараттарымен салыстырғанда бұл баяу болғанымен, дирижабльдердің негізгі артықшылықтары бар: оны қалаған жерге қондырып, кез келген нүктеден әуеге көтеруге болады, оған ұшу-қону жолағы қажет емес.

Осындай мүмкіндіктер дирижабльді жаппай саяхаттарға қолдануға болатынын көрсетеді. Технология арзандаған сайын Шарын мен Бозжыра, Сарыарқа мен Берел қорымының ғажап көріністерін баяу ұшатын аппаратпен тамашалау да қымбатқа түсе қоймас. Қазақтың іскер азаматтары бұны да қолға алатын күн алыс емес шығар.   

Фото BBC.com сайтынан алынды

Бүгінде AirYacht және танымал Airlander сияқты жобалар дирижабльдерді жолаушыларға сәнді саяхатының бір түрі ретінде ұсынғанымен, болашақта сутегі отынымен жұмыс істейтін дирижабльдер 8-10 есе ауыр жүктерді тасымалдауға жарайды деп санайды.

Экономикалық жағынан да дирижабльдер тиімді болмақшы: транспорттық ұшақтармен салыстырғанда жүк тасу құны 4 есе арзан.

Мына видеода Solar Airship One туралы қосымша мәліметтер бар:

 

Solar Airship One дирижаблінің іші көлемі 50 000 текше метр болатын гелий толтырылған 15 сегментке бөлінген конструкциядан тұрады.

Гелий жердегі жалғыз элемент, оны ешқандай газбен алмастыруға келмейді және гелий – қалпына келмейтін Жердегі жалғыз ресурс. Жердің терең қабаттарында пайда болатын гелий табиғи газбен бірге жер бетіне шығады. Ол ауаға таралған кезде тікелей атмосфераның жоғары қабатынан ғарышқа ұшып кетеді.