«Астана Операда» Г.Левенскольдтың «Сильфида» балетінің айтулы премьерасы өтті. Қойылым екі ғасыр бойы өзінің қайталанбас тарихы мен романтикалық эстетика рухын сақтап келген көне балет дәуіріне қайта оралды. Төрт күн бойы көрерменін еліктіріп әкететін ғажайыптар сахналанды.
Ғажайып перизаттар елордалық көпшілікті тәнті етті
715
оқылды

Қойылымды «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова қойды.

Балет сюжетінің негізіне орман перілері туралы шотланд аңызы арқау болды. Себебі, орман перілері жас жігіттерді ұрлап, көздерін құртатын сильфалар ретінде белгілі. Бұл балетті Француз хореографы Филиппо Тальони өзінің қызы Марияның бірегей би машығын паш ету мақсатында 1832 жылы  қойған болатын. Түр әлпеті көз қызығатындай болмаса да, Мария тамаша биші болған. Сөйтіп хореограф әкесі қызының кемшіліктерін артықшылыққа айналдырған. Нәтижесінде, өзінің техникасы мен харизмасының арқасында Мария Сильфиданы жеңіл, денесіз тіршілік иесіне айналдырып, бишілердің бірнеше буынын шабыттандырған бейнені жасады.

«Сильфиданың» тағы бір ерекше тұсы – ол кордебалеттің бидегі көрінісі. Кейбір үзінділерде балеринаның па қимылын толықтай қайталаған тұңғыш балет еді. Мұндай айна әсері солистің биіне қосымша екпін түсіріп, оның орындауын одан сайын әсерлі ете түсті.

Мәдина Өнербаева үшін Сильфида жаңа партия емес, жетекші солист ауа перісінің бейнесін түрлі театр сахналарында жүзеге асырған. «Астана Операда» ол көрермендерді өзінің техникасымен кезекті мәрте таңғалдырды. Оның қимылдарының керемет болғаны сонша, ол шынымен әуеде қалықтап жүр деген ой туды. Бишілік және актерлік шеберлігінің арқасында Мәдина мінсіз қазақстандық прималардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Ал енді келесі үш солист Шұғыла Әдепхан, Анастасия Заклинская мен София Әділханова Сильфиданың партиясында сахнаға алғаш рет шықты. Олардың бейнелері өте әсерлі шықты, әрбір көзқарас, қимыл дәл әрі айна-қатесіз болды.

Әртістер түрлі техникалық жай-жапсарға толы хореографиялық суретке мүлтіксіз ілесіп, ең бастысы ауадай жеңілдік идеясын жеткізді.

Джеймстің партиясы барлық уақытта өте күрделі партия деп саналып келді. Бұл рөлді сомдау кезінде әртістер  бірінші акт бойы сахнадан кетпейтіндіктен, олар шыдамдылық танытулары тиіс. Рудольф Нуреев сынды біртуар бишілердің арқасында осы рөл балет тарихында өшпейтін із қалдырды. Оның шебер өнер көрсетуінен кейін бұл партия әлемнің көптеген әртістері үшін ең сүйікті партиялардың бірі атанды. «Астана Опера» солистері алдарына қойылған тапсырманы керемет орындады. Олар орындаудың тамаша техникасын паш етіп, өз кейіпкерінің уайымы мен сезімдерін барынша анық көрсетті. Сонымен, Еркін Рахматуллаев, Серік Нақыспеков, Диас Құрманғазы мен Данияр Жұматаев көрермендерге жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сезіндірді. Кейіпкер жер мен тылсым қатынастар алдында таңдау жасауға қиналады. Олардың биікке секірулері, аяқтың ұсақ техникасы, денені дұрыс ұстай алулары солистердің жоғары кәсіби шеберліктерін айқындады.

Сондай-ақ балет әртістері Сұлтанбек Ғұмар, Қуат Кәрібаев, Сұңғат Қыдырбай  орындаған Мэдж сиқыршы спектакльге сиқыр мен ғажайып қосты.

Сөз жоқ, әртістер тұтас спектакль тоғыстырылған терең оқиға желісін жеткізе білді. Сахнаның безендірілуі көрермендердің ойын бөлген жоқ, өйткені суретші-сценограф Вячеслав Окунев декорациялардың кескінін жасау кезінде заманауи бейне мен 3D шешімдерді емес, спектакльдің тарихи безендірілуін негізге алды. Сөйтіп Шотландияның табиғатын көз алдыңызға әкелетін салынған жұмсақ декорацияларды пайдалануды, сондай-ақ ескі заманның атмосферасын сақтау үшін шаруа қыз Аннаның үйін (қатты декорациялар) көрсетуді ұйғарды. Ал жарық бойынша суретші Сергей Шевченконың арқасында жарық эффектілері осынау хикаяның құпиялылығы мен қиялдылығын атап көрсетіп, балет жайлы жалпы түсінікті толықтырды.

«Астана Опера» Симфониялық оркестрінің керемет орындауын атап өтпеске болмайды. Еркін әрі мәнерлі орындау әрбір сахнаның көңіл күйін дәл жеткізіп отырды. Қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен музыканттар партитураның әсемдігі мен нәзік ерекшеліктерін жеткізіп, көпшілікті таңғалдырарлық атмосфераға бөледі.

«Астана Операдағы» спектакль «Сильфиданың» қайта жаңғыруы ғана болған жоқ, сонымен қатар балет тарихына жасалған саяхат болды. Бұл әртістер, қоюшылар, суретшілер, сценографтар мен музыканттардың дарынының арқасында адам сенгісіз шотланд аңызының заманауи сахнада қалай жанданғанын көретін мүмкіндік болды. Премьера ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен зор табыспен өтті. Қойылым сенімді ақтап қана қоймай, көрермендерге жүректе ұзақ сақталатын ғажайып көңіл күй сыйлады.