Жаңа iPhone 15 Pro мен iPhone 15 Pro Max модельдері енді қатты қызбайтын болды. Мұндай ақауды Apple инженерлері жылдам тексеріс жүргізіп тапқан. Шағын ғана патч проблеманы шешеді деп күтілуде.
iPhone 15 Pro енді қызбайтын болды
1,831
оқылды

iOS 17 жаңа операциялық жүйесі шығарылған соң бір аптадан кейін Apple жүйедегі қателіктерді түзете бастады. BGR технологиялық жаңалықтар платформасы iPhone 15 Pro және iPhone 15 Pro Max смартфондары қызып кететін проблеманың қалай шешілетінін жазды. Aikyn.kz «алмалы компания» жаңа патчтың көмегімен ақауды қалай түзеткенін түсіндіреді.

Фото BGR сайтынан алынды. Авторы: Christian de Looper

Жаңа смартфон қолданушылары үшін iPhone 15 Pro мен iPhone 15 Pro Max модельдерінің қызып кетуі күтпеген қиындық болды.

Apple жылдам тексеріс жүргізіп, смартфонның қызуы Instagram, Uber, Asphalt 9 сияқты бірқатар қосымшаны пайдаланғанда тіркелгенін анықтап, жаңа патч әзірледі.

Патч (patch – жамау немесе қазақтың құрақ көрпесіндегі бөлшектердің мағынасын береді)  деп – бағдарламадағы ақаулықты түзететін өзгертуді айтады.

Фото BGR сайтынан алынды. Авторы: José Adorno

BGR технологиялық сайтында жарияланған мәліметтер бойынша, патч көлемі шағын (300-400 МБ) болғанымен, бүкіл әлемдегі iPhone 15 қолданушылары үшін үлкен проблеманы шеше алады.

iPhone 15 Pro және iPhone 15 Pro Max смартфондарында тіркелген ақаулықтар қосымшалардың жұмысын қамтитын бағдарламаның оңтайлы болмауынан деген қорытынды жасалды. iOS 17.0.3 деп аталған жаңа түзетулер қауіпсіздікті жақсартуға және қателерді түзетуге арналған.

Apple инженерлері iPhone 15 Pro үлгілерінің титан дизайнының телефонның қызып кетуіне қатысы жоқ екенін айтты. Керісінше, Apple материалдың тот баспайтын болаттан жасалған алдыңғы үлгілерге қарағанда жылуды жақсы тарататынын мәлімдеген.