Үкімет басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету жөнінде тапсырма берді.
Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге Үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі
961
оқылды

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президенттің биылғы ауа райы қолайсыздығынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мынадай шара қабылдау ұсынылды:

  • форвардтық сатып алу аясында «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу бағасын 3 класты бидай үшін 120 мың теңге және 4 класты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде белгілеу;
  • форвардтық сатып алу және тауарлық несие бойынша фермерге міндеттемелерді айыппұл төлемдерінсіз ақшалай қаражат арқылы немесе 1,05 % не 5 % коэффициент бойынша 3 класты бидайды 4 класқа ауыстыру арқылы орындауға мүмкіндік беру;
  • міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін банк сыйақысын 3% көлемінде өтей отырып, шартты орындау мерзімін 1 жылға ұзартуға мүмкіндік беру.

Талқылау қорытындысы бойынша, мемлекеттік комиссия мүшелері ұсынылған шараларды қолдады.

Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету жөніндегі жұмысты дереу бастауды тапсырды.