White Sands ұлттық саябағында табылған ежелгі адам іздері Солтүстік Америкада адамдардың 20000-23000 жыл бұрын пайда болғанын дәлелдейді. Бұл туралы Science журналында жарияланған ғылыми мақалада айтылады. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп, ғалымдардың жаңа дәлелдері тағы қандай жұмбақтарды ашуға көмектесетінін түсіндіреді.
Фото White Sands National Park сайтынан алынды. Авторы: David Bustos
2021 жылы археологтер Нью-Мексико штатындағы тасқа айналған адам іздері 20000 жылдан астам уақыт бұрын қалдырылғанын жариялады. Бұған дейін адамдар Солтүстік Америкада 10000-13000 жыл бұрын пайда болған деген тұжырым ғылыми ортада айтылатын. Американың Геологиялық қызметінің ғалымдары қосымша екі әдіспен адам іздеріне шамамен 21000 және 23000 жыл екенін растаған. Ғалымдардың бұл жаңалығы үлкен сенсация туғызуда.
Ондаған жылдар бойы Солтүстік Америкадағы алғашқы адамдар Кловис мәдениетінің өкілдері деп есептеліп келді. Олардың континентте 13000 жыл бұрын пайда болғаны туралы көптеген дәлел бар. Дегенмен Кловис халқынан бірнеше мың жыл бұрын да адамдардың бар болғанын көрсететін белгілер болған. Соның бірі – White Sands ұлттық саябағында табылған адам іздері.
Егер америкалық ғалымдар тобының болжамы толық расталса, онда бұл сенсациялық жаңалық әлемдегі адамдардың көші-қон жолдарын түбегейлі өзгертуді қажет етеді.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: John Elk III
Жаңа зерттеуде ғалымдар адам іздері басылып қалған тозаң үлгілерінің жасын анықтаған. Сақталған үлгілердегі тозаң әдетте суық, дымқыл, мұздық жағдайында табылған өсімдіктерден алынған.
Содан кейін зерттеушілер оптикалық стимулды люминесценция деп аталатын басқа әдісті қолданып, үлгінің күн сәулесінің соңғы әсеріне ұшыраған уақытын есептеген. Бұл екі тәсіл де іздердің кем дегенде 21500 жыл бұрын пайда болғанын көрсеткен. Үш түрлі әдіспен анықталған уақыт аралығының іздердің бастапқы жасын бағалауда барынша дәл болғанына ғалымдар сенімді.
Бұдан тағы бір ғылыми жұмбақ туындаған: алғашқы адамдар Солтүстік Америкаға қалай келген?
Бұл кезеңде соңғы мұз дәуірі болды, үлкен мұздықтар Сібірден Аляскаға және Канада арқылы оңтүстікке қарай жолды жауып тастаған. Сондықтан мұз дәуірінде ежелгі адамдардың Америкаға Еуразия даласынан баруын анықтау да ауқымды зерттеулерді қажет етеді.