Ел Президенті биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажеттігіне баса мән берді.
– Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсетуге тиіспіз. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін 2-3 есе көбейту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Астана Моторс» алғашқылар қатарында осы президенттік бастаманы ілгерілетуге кірісіп те кетті. Себебі шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, Мемлекет басшысы өз Жолдауында жариялаған жаңа экономикаға тың серпін беріледі, қазақ елін жаңа биіктерге көтереді.
Отандық өндіруші Президенттің тағы бір тапсырмасының орындалуына, яғни экономиканың қарыштап дамуына ықпал ететін «өндірісті локализациялауға» да сүбелі үлес қосып отыр. Осы орайда «Астана Моторс» өкілдері автокомпоненттерді өндіру кластерін дамытуға да кіріскенін жариялады.
Кейде сарапшылар ұшақ жасау сияқты автокөлік құрастыруды да тек алпауыт елдердің еншісіндегі іс ретінде қабылдап, оның бізде өркен жая қоярына күмәнмен қарайды. Шынында, бұл саланы гүлдентіп, одан қыруар табыс тауып отырған шағын мемлекеттер жетерлік. Мысалы, Оңтүстік Корея жылына – 3 млн 462 мың, Таиланд – 1 млн 686 мың автокөлік құрастырады.
«Словакия мен Чехияның тәжірибесіне қарасақ, халқының саны Қазақстаннан аз болғанына қарамастан, олар жылына 1 миллионнан артық көлік құрастырады. Оның 90%-ын Еуроодақ елдеріне жеткізеді. Автоөнеркәсіп өнімдерінің экспорттағы үлесі оларда қомақты. Егер өндіріс көлемін жеткілікті түрде арттыра алса, Қазақстан өз көліктерімен Еуразиялық одақ елдерінің нарығын толтыра алар еді. Әсіресе, көптеген әлемдік автобрендтер кетіп қалған Ресейге жеткізуге мүмкіндік мол», – деді «Астана Моторс» CEO басшысы Бекнұр Несіпбаев.
Компания өндірістік бағытты дамытуға белсенді күш салуда. Бұл жұмыстың нәтижелеріне бұқаралық ақпарат құралдарының, шағын және орта кәсіпорындардың өкілдері мен блогерлер өздері куә болды. Олар үшін Алматының Индустриалдық аймағы аумағында қызмет етіп тұрған және жаңадан салынып жатқан «Астана Моторс» кәсіпорындарына ақпараттық тур ұйымдастырылды.
Бір кәсіпорын 50 мың көлік шығармақ
«Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны Hyundai Trans Kazakhstan (HTK) – Hyundai брендіндегі жеңіл автокөліктерді өндіретін толық циклды зауыт. Ол өндірістік желісін 2020 жылғы қазанда іске қосты. Өндірістік қуаты – жылына 50 мың бірлікке дейін автомобиль шығаруға жетеді. HTK 2021 жылы – 25 977 автокөлік, 2022 жылы 37 205 автокөлік шығарды.
Биылғы 2023 жылы 50 мыңға жуық автокөлік шығаруды жоспарлап отыр. Өткен сегіз ай қорытындысында 33 683 автокөлік шығарылды. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 52,4% көп. Соның ішінде маусым айында бірден 5 050 дана автокөлік өндіріп, рекорд жасады.
Бүгінде осы жобаға компания салған инвестиция 33,6 млрд теңгеден асты.
Кәсіпорын жалпы ауданы – 34 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Қазір ұсақ торапты өндірістің қуатын арттыруға, дәнекерлеу мен бояуды орындап, жаңа модельдерді іске қосу үшін өндірістік алаңдарды кеңейтуге және өндірістік цехтарды жаңғыртуға дайындық жүргізілуде.
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Hyundai көліктерінің 10 моделін шығарады: Tucson, Accent, Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Staria, i30, i20, Bayon. Hyundai Accent және Hyundai Tucson автокөліктері кәсіпорында дәнекерлеудің, бояудың және құрастырудың толық өндірістік циклі бойынша өндіріледі.
2020 жылғы 23 қазанда шанақтарды дәнекерлеу және бояу, пластик бөлшектерді бояу және компоненттерді қоймалау цехтары бар зауыт толыққанды іске қосылды. Жаңа өндірісте жабдықтарды монтаждау үдерісіне Оңтүстік Кореядан кезең-кезеңімен келген 100-ден астам инженер қатысты.
HTK машина жасау саласының кадрлар резервін қалыптастырып жатыр. Қызметкерлердің орташа жасы – 31. Демек, компания автокөлік құрастыруды болашақта да ілгерілететін мамандардың жаңа формациясының негізін қалауда деуге келеді. Ол елдегі жоғары және орта мамандандырылған оқу орындарымен меморандум бекітіпті: олардың студенттері кәсіпорында өндірістік практикадан өтеді, көлік жасаудың қыр-сырын меңгеруге қадам жасай алады. Түлектердің біразы осында жұмыс тауыпты.
Бүгінде кәсіпорында 1 200-ден аса адам жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 370 мың теңгені құрайды.
Құрылғалы бері зауыт бюджетке салықтар түрінде 17,8 миллиард теңге аударды.
2026 жылға қарай HTK ұсақ торапты құрастыру әдісімен автомобильдерді 100% өзі шығаруды жоспарлап отыр. Алайда оған көшу үшін өндіріс модернизациялануға тиіс. Қазір цехтар салу үшін өндірістік алаңдарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Оның аумағында жаңа модельдерді дәнекерлеу және бояу жолға қойылмақ. Роботтардың көмегімен бояу желісіндегі процесс автоматтандырылады. Жаңғыртудың келесі кезеңі 2025 жылы басталады: шамамен тағы 10 мың шаршы метрде өндірістік алаңды салу керек. Онда екінші бояу желісі орнатылады.
Арзан автомобиль өндіруге мүмкіндік бар
Алматы Индустриялық аймағының солтүстік бөлігінде, 309 мың шаршы метр аумақта Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендті зауытының құрылысы жүргізілуде. Онда Chery, Haval және Changan жеңіл автомобильдері шығарылады. 2024 жылдың IV тоқсанында құрылысты аяқтау көзделген. Ал 2025 жылғы I тоқсанда автокөліктердің пилоттық өндірісі басталады.
Өндіріс ауданы 150 000 шаршы метрді құрайды. Жобаның жалпы құны – 164 млрд теңге.
Мультибрендті зауыттың жоспарланған өндірістік қуаты — жылына 90 мың көлік шығаруға жетеді. Басқаша айтқанда, әрбір 2,5 минут сайын конвейерден жаңа автокөлік түсетін болады. Автокөліктер шанақты дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операцияларды қолдана отырып, ұсақ торапты әдіспен өндіріледі.
Мультибрендті зауытта 2 600-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Негізгі штатты инженерлік-техникалық кәсіптер мамандары құрайды, олар жетекші автоконцерндердің тәжірибесін қабылдап, Қазақстанда технологияларды дамытатын болады.
Жаңа кәсіпорын мына үш брендтің тоғыз моделін шығаратын болады:
● Chery: Tiggo 2 Pro, Tiggo 4 Pro, Tiggo 7,
● Haval: M6, Jolion, H6,
● Changan: Alsvin, CS55 Plus. Тағы бір модель кейін айқындалады.
«Астана Моторс» өндірілген автокөліктердің бүкіл көлемінің 40%-ын – отандық нарыққа, ал 60%-ын – экспортқа өткізуді жоспарлап отыр.
Болашақ зауыттың алаңында келушілермен кездескен «Астана Моторстың» негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов бір жайтқа назар аудартты. AMMKZ бірегей жоба болғалы тұр: алғаш рет бір өндірістің алаңда бірден 3 автобрендтің өнімі қатар шығарылады.
Өндірістің өзінің конфигурациясы да ерекше болмақ. Алматы индустриалдық аймағында бос жер жетпегендіктен, зауытты екі қабатты етіп салуға шешім қабылданыпты. Бірінші қабатта әрбір брендке арналған 3 құрастыру цехы, сонымен қатар барлық бренд үшін бірыңғай, толығымен автоматтандырылған бояу цехы орнатылады. Екінші қабатта – үш дәнекерлеу желісі орналасады. Бұл көбірек жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді екен.
Жабдықтарды жеткізу үшін Automotive Engineering Corporation корпорациясымен ынтымақтастық туралы келісім бекітіліпті. Бұл компанияның клиенттері қатарында жаһандық автоөнеркәсіптің лидерлері бар.
«Бізден жиі сұрайды: егер көрші Қытайда өндіру арзан болса, Қазақстанға өз автокөліктерін құрастырудың қанша қажеті бар? Бір жағынан солай да шығар, бірақ логистика, тасымалдау көп шығынды қажет етеді. Сондықтан біз ұсақ торапты өндірісті дамытуды мұрат етіп отырмыз. Оның көлемі өскен сайын локализацияны тереңдете түсуге ниеттіміз. Бұған компоненттер өндірісі есебінен қол жеткіземіз. Ал қазақстандық мазмұнның үлесін арттырудың, құны төмен қуат ресурстарының және жұмыс күшінің арқасында автомобильдің ақырғы құнын арзандатамыз», – деді Нұрлан Смағұлов.
Алып кластерге алғашқы қадам жасалды
Бұл ретте HTK-ның жанында, 10 гектардан астам аумақта автокомпоненттерді өндіретін кәсіпорын да салынып жатыр.
«Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны Astana Motors Engineering – тәжірибелі шетелдік серіктестермен бірлесіп, автокомпоненттерді, атап айтқанда, автокөлік орындықтарын, полиуретан кілемшелерді, қанатасты қаптамаларын, шашыратқыларды және HYUNDAI автокөліктеріне арналған мультимедиалық жүйелерді өндіретін кәсіпорындар кешеніне айналмақ.
Өндірістік үй-жайлардың жалпы ауданы 8,2 мың шаршы метрді құрайды. Кәсіпорындар 2024 жылдың соңында іске қосылуы керек. Автокомпоненттерді өндіретін үш кәсіпорында 90-нан астам маман жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, автокомпоненттер өндіретін кәсіпорындар кешенін құру жөніндегі жоба стратегиялық маңызға ие. Өйткені теңдесі жоқ бұл бірегей кешен отандық автоөнеркәсіпті дамытуға және локализациялауды арттыруға, сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға, машина жасау саласында білікті кадрлар жүйесін қалыптастыруға да ықпал ететін болады.
Биылғы сәуірде кореялық Youngsan Glonet және Motrex компанияларымен бірлескен кәсіпорындар құрылды. Бұл қос компания – орындықтар мен мультимедиялық жүйелерді шығару бойынша Hyundai-дың жаһандық серіктестері.
Алматыда автокомпоненттерді шығаратын өндірістік кешенді тұрғызуға жалпы алғанда 5,5 млрд теңге инвестиция құйылады.
Перспективада автокомпоненттер өндірісіне отандық шағын және орта бизнесті тарту жоспарланып отыр.
«Әлемдік тәжірибеде ірі зауыттар күш-жігерін автомобильдер шығаруға шоғырландырады. Ал оның айналасында құрауыштарды жасайтын жүздеген кәсіпорындардан тұратын тұтас кластер өсіп шығады. Біз қазірден-ақ отандық бизнеспен ұзақ ынтымақтастықты жолға қоюға, компанияларға тапсырыстардың салмақты көлемін ұсынуға дайынбыз. Бұл үшін ол компаниялар бренд иесінің талаптарына сәйкестігін дәлелдеп, сертификаттаудан өтуі керек. Біздің мақсатымыз – қазақстандық автоөндіріске деген қоғамның көзқарасын жақсыға өзгерту. Біз бизнес бойынша әріптестерімізбен бірге күш сала отырып, Қазақстанды индустриалдық дамыған және экономикалық тәуелсіз елге айналдыру қолымыздан келетінін дәлелдеуге ниеттіміз», – деп түйіндеді Нұрлан Смағұлов.
Айхан ШӘРІП