Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының ХХІ отырысы өтті.
Форум әлемдік диалогтың маңызды платформасына айналды – Мәулен Әшімбаев
763
оқылды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің XXI Хатшылығының ашылуында сөз сөйлеп, барша қатысушыны Съездің 20 жылдығымен құттықтады.

"Баршаңызды Хатшылықтың және жеке өз атымнан да Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Форум осы уақыт ішінде жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалогтың маңызды платформасына айналды.

Сондай-ақ, өзара құрмет, татулық пен келісім мәдениетін дәріптеуге үлкен үлес қосты.

Өткен жиырма жылда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанның дінаралық диалогты дамыту жөніндегі бастамаларына үлкен қолдау көрсетті. Форумның миссиясы мен мақсаттарын іске асыруға зор үлестерін қосты.

Сондықтан Съездің барлық қатысушыларына айрықша алғысымызды білдіреміз.

Бүгінде Хатшылықтың отырыстары Съезд жұмысының маңызды бөлігіне айналды.

Біздің кездесулеріміз қашанда сенім мен ашықтық принциптеріне негізделеді.

Сол арқылы ең өзекті мәселелерді конструктивті түрде талқылау игі дәстүр ретінде қалыптасты.

Съезд Хатшылығының ХХІ отырысына қатысу үшін Астанаға 22 елден 28 делегация келді.

Олардың арасында бұған дейінгі Съездер мен отырыстарға қатысып жүрген, сондай-ақ, Қазақ елінің астанасына алғаш рет келген меймандарымыз бар.

Баршаңызды осы залдан көргенімізге қуаныштымыз. Қош келдіңіздер!

Жалпы, біздің әр отырысымызда Съезд идеялары мен мақсаттарын іске асырудың бағыт-бағдары айқындалады.

Сондықтан Хатшылықтың бүгінгі отырысы да мазмұнды әрі нәтижелі өтеді деп сенемін", – деді Мәулен Әшімбаев.