Бішкек қаласына жұмыс сап­ары­мен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығына мүше елдер бас­шы­лары кеңесінің отырысына қатысты.
ТМД аймағындағы  көлік дәліздерін дамыту маңызды
488
оқылды

Қазақстан Президенті қонақжайлық көр­сеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысында Қырғыз Республикасының табысты жұмыс атқарғаны үшін Садыр Жапа­ровқа алғыс айтты.

Мемлекет басшысы ТМД жанында­ғы Серіктес және Бақылаушы мәрте­бесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтіп, бұл шешім ұйымның кемеліне келгенін және оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды.

Қазақстан Президенті геосаяси қайшылық­тардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем эко­номикасында тұрақ­сыздық күшейгенін айтты.

– Қазақстан жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкция­ларды қолдануға түбегейлі қарсы, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Президент Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді.

– Қазақстан халықаралық өзекті проблема­ларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін тап­пай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зор­лық-зом­былық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстанның халықаралық қа­тынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастық­тың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқы­ғын ескере отырып, оны демократиялан­дыруды жақтайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңе­сіндегі қазіргі тоқырау жағ­дайында әмбебап ұйым­ның өкілдік аясы ана­ғұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін кү­шейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есеп­тейді. 

– Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сін рефор­малау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл ма­ңызды органға әлемнің барлық айма­ғының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұс­танымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны  қуантады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды.

– Тығыз сауда-экономикалық бай­ланыстарды дамыту негізгі міндет болып қала береді. Достастыққа мүше елдердің нарықтары біз үшін қашанда басымдыққа ие. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақ­талып отыр. Қазақстанның сауда ай­налымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5  мил­лиард долларды құрады. Біз сауда бай­ланыстарын одан әрі нығайту үшін қол­да бар мүмкіндіктерді толық пай­да­ла­нуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда кедергілерін жоюға, қолайлы та­рифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсім­дерді жеңілдетуге баса мән беру қажет.

Сонымен қатар Президент Достастық кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту маңызды екеніне назар аударды.

– Біз өзіміздің бірегей географиялық артықшылығымызды пайдаланып, жаһан­дық нарықтарды ұштастыруымыз керек. Осылайша, аймағымызды ірі көлік-логис­тикалық хабқа айнал­дыра­мыз. Әлемде жаңа экономикалық гео­графия қалып­тасып, сауда ағындары ұлғая түскен қазіргі жағдайда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие болады. Бүгінде Еуропа мен Азия ара­сындағы құрлықтық-транзиттік тасымал­дың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір­жолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал  теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдеріміздің транзиттік әлеуетін нығайту үшін қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымды жаң­ғыр­тып, әкімшілік рәсімдерді қысқарту және интеграцияланған логистикалық, соның ішінде цифрлық шешімдерді енгізу шара­ларының маңызды екеніне арнайы тоқ­талды.  

Президент ТМД-ға мүше мемле­кет­тердің аумағы арқылы өтетін күре жол­дарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айнала­ды.

Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін келесі басымдық ретінде атап өтті.

– Анағұрлым өнімді әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзара ықпалдастықты күшейткеніміз жөн. Озық тәжірибемен бөлісіп, өндіріс пен өткізілетін өнім арасындағы тізбекті жолға қою, сондай-ақ фитосанитариялық және ветеринарлық талаптарды оңтай­лан­дыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, климаттың жаһандық деңгейде өзгеруі елдеріміздің орнықты дамуына айтар­лық­тай қауіп төндіреді.

– ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттің аумағында қазіргі экологиялық ахуал нашарлап, шөлге айналу және су қоры­ның сарқылу жағдайында бұл проблема­ны елеу­сіз қалдыруға болмайды. БҰҰ баға­лауына сәйкес 2050 жылға қарай кли­мат­тағы өзгеріс салдарынан бес мил­лиардтан астам адам су тапшылығына ұшы­рауы мүмкін. Қазірдің өзінде Орта­лық Азия елдері Жер шарындағы орташа темпера­тураның көтерілуіне байланысты күрделі проблемаларға тап болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент еліміздің аталған саладағы маңызды жобалары туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы күш-жігер жұ­мыл­­дырмай, Еуразия кеңістігіндегі эко­логия­лық катаклизмдердің салдарын ең­серу мүмкін емес екенін атап өтті. Сондай-ақ ТМД аясында осы бағыттағы конструктивті қарым-қатынасты нығай­ту аса маңызды деп санайды.

Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселесіне айрықша мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше елдер арасындағы көп­жақты ықпал­дас­тықта орыс тілі ерекше рөл атқа­ратынына тоқталды.

– Биыл ТМД-да «Орыс тілі жылы» деп жариялануының символдық мәні бар. Сонымен қатар біз бүгін Орыс тіліне қатыс­ты халықаралық ұйым құру туралы Шарт пен Жарғыға қол қою жөнінде тарихи шешім қабылдаймыз. Бұл ұйым дербес халықаралық құрылымға айнала­ды, құқық субъектісі ретінде танылады. Жаңа ұйым барлық ел үшін ашық болады. Әрине, бұл – жаһандық гуманитарлық ынтымақтастық тұрғысынан өте өзекті. ТМД кеңістігінде және одан әлдеқайда кеңірек халықаралық ауқымда орыс тілін насихаттау үшін қабылданып жатқан шара­лар елдеріміздің ұлттық бірегейлігін ны­ғайту үрдісіне кері әсер етпейді. Қазақстан қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Достастық елдерінің во­лон­­терлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұ­мыл­дыру маңызды екеніне назар ау­дарды.

– 2024 жылды ТМД-да Волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялау бастамасын құптаймыз. Қазақстан 2020 жылды Во­лон­тер жылы ретінде атап өтті. Ерікті­лердің ізгі амалдары қоғамымызда тілеу­лестік, мейірімділік және жанашыр­лық қасиет­терінің терең тамыр жаюына елеу­лі үлес қосады. Мұндай адамгершілік талпыныс­тарға жан-жақты қолдау көр­сету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Достастық елдері ерікті­лері­нің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді ұсынды.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында 2024 жылы Ресей Федерациясының ТМД-ға төрағалық етуі және кезекті саммитті келесі жылы күзде Мәскеуде өткізу туралы шешімді қолдады. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёевті ТМД-ның Құрмет белгісімен ма­рапаттау туралы Қырғыз Респуб­лика­сының бастамасын құптады.

Сонымен қатар жиында Қырғыз Рес­публикасының Президенті Садыр Жапа­ров, Әзербайжан Пре­зиденті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Пре­зиденті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрік­менстан Президенті Сер­дар Бердімұха­медов, Өзбекстан Прези­денті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хат­шысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.