Мәселен, еліміздегі туристік ағым өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Туристік әлеуеті жоғары өңірлердің арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Дүниежүзі халқының бұл қалаға көптеп ағылуына облысқа қарайтын Кеген ауданының жауһары саналатын Көлсай мен Қайыңдының ықпалы басым. Ал осынау табиғат жаратылысына иелік етіп отырған Кеген ауданының бүгінгі ахуалы қандай?
Жақында бір топ алматылық журналист Алматы облысының Кеген ауданына қарай жол тарттық. «Аудан» деген аты болғанымен, бұл өңір күллі Қазақстан үшін экономикалық маңызы бар ресурсқа ие. Баспасөз туры аясында ауданның туризмдік әлеуетімен, атқарылып жатқан серпінді жұмыстармен таныстық. Еске салатын маңызды жайт, биыл шілде айында Кеген ауданына су жаңа әкім тағайындалған еді. Ол Қазақстан грек-рим күресінің балуаны, жастар арасында әлем чемпионы, 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері – Нұрбақыт Теңізбаев.
Алматы қаласынан жүйткіп шыққан көлігіміз Кеген ауданының жолына келгенде, жылдамдығымыз да баяулай түсті. Оған себеп – жыл сайын басынан дау арылмаған жол мәселесі. Туристік аймақ екенін ескерсек, мыңдаған демалушыны Көлсай мен Қайыңдыға алып баратын жол жағдайының ақсап тұрғаны алаңдатады. «ҚазАвтоЖол» компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаевтың сөзінше, қазір Көкпек – Кеген тасжолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Келер жылы дәл осы бағытта кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынады. Ал жалпы саны 89 шақырымды құрайтын Кеген – Нарынқол тасжолының жағдайына келер болсақ, мердігер ұйым конкурс негізінде төртінші әрекеттен кейін анықталған. Жасұлан Қалтаев мердігер ұйымның ұзақ анықталуының себебін өңірде арнайы зауыттың болмауымен түсіндірді. Енді анықталған мердігер ұйым алдағы көктем айында іске кіріседі. Әзірге 85 шақырымның 15 шақырым жолына арналған техникалық құжаттама дайын көрінеді. Онымен қоса, келер жылы қосымша 20 шақырым алуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.
– Жергілікті тұрғындардан шамалы шыдамдылық сұраймын. Түсінемін, өзім де сол халықтың азаматымын. Бірақ осындай жағдай болып тұр. Дегенмен жұмыстарды барынша жеделдетуге тырысамыз, – дейді Ж.Қалтаев.
Қысы қатал аймақта, әсіресе қар жауғаннан кейін жол мәселесінің ахуалы одан сайын ушыға түседі. Таулы өңірде қар ұзақ жататыны белгілі. Осы тұста журналистер сұрақ астына алған Жасұлан Қалтаев өткен қыстағы қателіктерге жол берілмейтінін, биыл қажетті техникалармен қамтамасыз етілетінін атап өтті.
– Алдымызда қысқы кезең келе жатыр. Жоспарға сәйкес, 15-20 қазанға дейін қысқы техникаларды дайындап жатырмыз. Оған қоса, жалға алынатын 25 бірлік қысқы техникаға конкурс ойнатылды. Сондай-ақ орталық аппараттан жалпы республикаға жаңадан техника алынып жатыр. Соның ішінде бізге қатысты Алматы және Жетісу облысы бар. Жалпы көлемнен бізге бірнеше бірлігі қарастырылатын болады. Алдағы жылы тағы да қосымша жаңа техника сатып алу көзделіп отыр, – дейді ол.
Келесі аялдама – Кеген ауданында салынып жатқан «КегенМясПром» ЖШС ет өңдеу зауыты. Қазір Кеген, Райымбек, Ұйғыр ауданында 3 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Ет зауыты аталған аудандардағы малдың түгел өңделіп, сату орындарына жөнелту үшін логистикалық жоба ретінде іске асып отыр. Жобаның толық құны – 2,5 миллиард теңгеге жуық. Ет комбинаты тәулігіне 50 ірі қара, 150 ұсақ мал, 10 жылқы союға қабылдайды. Жылына 2 500 тоннадан астам ет, 330 тоннадан астам шұжық, 70 тоннаға жуық консерві өндіру жоспарланған. «Базис» компаниясының вице-президенті Тоқтар Баймолдаев ет комбинатын желтоқсан айында іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты.
– Бұл жоба пайдалануға берілсе, халыққа үлкен сүйеу болады деп ойлаймын. Бес ауданда мұндай зауыт жоқ. Ет өңдейтін зауыттың бәрі Алматыда. Ал осы бес ауданның халқы малын көлікке басып, базарға өткізіп әлек болып жатыр. Менің ойымша, бұл – жақсы бастама. Бұдан кейін жем шығару, тері өңдеу зауыттары іске қосылып, шалғай жатқан аудандардың дамуына себеп болады деп ойлаймын.
Вице-президент зауытты салуға не себепті бұл аймақтың таңдап алынғанын үш бірдей Ұйғыр, Райымбек, Кеген аудандарының осы нүктеде түйісуімен байланыстырады. Сонымен қатар зауыттың республикалық жолдың бойында орналасуы, экологиялық қауіпсіздік мәселесі қоса ескерілген екен. Зауыт қаладан 10 шақырым қашықта орналасқан. Өткенге көз жүгіртсек, бұған дейін Кеген ауданында ет комбинаты жұмыс істеген. Алайда Тоқтар Баймолдаев зауыттың жабылып қалуы экологиялық талаптарға сәйкес келмеуінен екенін айтты.
– Бұрын Кегенде ет комбинаты болған. Зауытты бұзған себебі экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі еді. Ал қазіргі салынып жатқан зауыттың орны эколог мамандармен бірлесіп отырып таңдалды. Кездейсоқ алынған жер емес. Зауытқа әкелінген технологиялардың халықаралық сертификаты бар. Ал кадр мәселесіне келер болсақ, қазір әкімдіктің жұмыспен қамту бөлімі бұл істі қолға алып отыр. Бізге технолог, механизатор, мал бордақылау маманы, агроном сынды ауылшаруашылық мамандарының бәрі керек, – дейді Т. Баймолдаев.
Биыл ауданда 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, енді халық игілігіне берілмек. Журналистер мінген көлік қаз-қатар орналасқан үйлердің арасынан өтіп бара жатып салынып жатқан үйлердің құрылыс жұмыстарын бақылады. 2018 жылдан бері осы күнге дейін 81 үй салыну үстінде екен. Дәл сол жылы мұнда 15 үйдің құрылысы басталған. Ал 2019-2021 жылы қатары өсіп, тұрғын үйдің саны 36-ға жеткен. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дархан Маусымбаевтың сөзінше, қазір 20 үй толығымен аяқталды. Ал тұрғын үйлерді қоршау жұмыстарын айдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Одан өзге тағы да жаңадан бой көтеріп келе жатқан тұрғын үйлерді байқадық. Бұл 30 үйдің құрылыс жұмыстары екен. Құрылыстың ұзақтығы – 12 ай. Яғни, келесі жылдың сәуір айына дейін толығымен аяқталып, көптің қолданысына беріледі. Ал тұрғын үйлерді иесіне табыстау қалай жүзеге асырылады?
– Тұрғын үйлерді беру үшін арнайы талаптар бар. Біріншіден, адамның басында баспанасы болмауы тиіс. Көбіне әлеуметтік осал топтарға көңіл бөліп отырмыз. Биыл мемлекеттік қызметкерлер бұл санатта жоқ. Үй кезегінде 482 адам тұр. Үш жылдың көлемінде біршама үй салынды. Мына жақта 35 үйдің жобалау жұмыстары жалғасуда. Сәуір айында экспертиза жасалса, бұл үйлердің де құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Жер таңдау жағынан ешқандай қауіп жоқ. Жобалау жұмыстары кезінде арнайы құрылғылармен тексердік, – деді құрылыс бөлімінің басшысы.
Тұрғындар арасында айласын іске асырып, кейбір баспананы жалға беріп қойғандар бар көрінеді. Құрылыс бөлімінің басшысы қитұрқы әрекеттің назарға іліккенін, үйлерді қайта алып қоятынын ескертті.
– Жасыратыны жоқ, тұрғын үйлерді жалға беріп қойған адамдар бар. Басында мұндай сыбыстар шықты. Өздері Алматыда тұрады. Оның барлығын анықтадық. Қолдарына ескертпесін бердік. Тұрғын үйлерді қайта аламыз. Қазір анықтағанымыз бойынша 5 отбасы үйін жалға берген, – дейді Д. Маусымбаев.
Биыл аудан орталығындағы үш мектептің балалары бір мектепте оқуға мәжбүр. Оның негізгі себебі – екі бірдей мектепке күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі. Біз барған Кеген ауылындағы К.Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейдің сыйымдылығы 640 балаға арналған. Мектептің құрылыс жұмыстары маусым айында басталған. Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлы құрылыстың кешігіп басталу себебін арнайы мамандардың бір-бірімен келіспеушілігі салдарынан екенін алға тартты. Мұратжан Қожанұлының айтуынша, қазір құрылыс жұмыстарының 68 пайызы атқарылды. Жоспар бойынша, екінші тоқсаннан бастап жаңа мектеп оқушылардың пайдалануына берілетін көрінеді.
– Үш мектепте 1 709 бала бар. С.Серкебаев атындағы мектепте – 813, К.Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейде – 375, Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепте 505 бала оқиды. Қауіпсіздік шараларының барлығы жасалған. Үш ауысым бойынша кесте бекіту барысында облыстық басқарма мен ата-аналар комитеті, кәсіподақ және мектеп директоры тарапынан келісімі ескерілді. Біздің ауданда апатты мектептер жоқ. Жалпы 32 мектеп болса, оның 21-і – орта, 4-і – негізгі, 7-еуі – бастауыш мектептер. Өңір таулы аудан болғаннан кейін көбі шағын жинақталған мектеп қатарына кіреді. Қазір жаңа оқу жылын 5 003 баламен бастап отырмыз, – дейді Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы М. Қожанұлы.
Келесі бағытымыз – Қарқара ауылдық округі. Ауылдық округ үш елді мекеннен тұрады. Олар – Қарқара, Ереуіл, Мыңжылқы ауылы. Енді келер жылдан бастап қарқаралықтар мәдени ошақтың қызығын көрмек. Бұрын-соңды Қарқарада мұндай мәдениет үйі болмаған екен. Жалпы 495 миллионға жуық қаражат бөлінген мәдениет үйі екі қабаттан тұрады. Құрылыс жұмыстарына осы күнге дейін жалпы соманың 430 миллион теңгесі жұмсалған. Әкімдіктің мәліметінше, мәдениет үйінің ішінде спортзал, кітапхана, арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Қазір құрылыстың 85 пайызы аяқталған. Сыйымдылығы
180 орыннан тұратын мәдениет үйінің құрылысын желтоқсан айында аяқтау көзделген.
Кеген табиғаты – мал шаруашылығы үшін таптырмас орын. Тіпті, мал шаруашылығы саласын бизнес көзі ретінде дөңгелетіп отырғандар бар. Оған дәлел Кеген ауданында орналасқан – «Талас» өндірістік кооперативі. Мұнда бір сиырды азықтандыру үшін күніне 12 келі жем беріледі. Бір сиыр күніне 20 литр сүт береді. Барлық мөлшерді қоса есептегенде, өндіріс орны күніне 1 тонна сүт алады. Айбол Болатұлының айтуына қарағанда, өндірілген сүт өнімдері Алматыдағы жекеменшік кәсіпорындарға өткізіледі екен. «Сүті мол бұл сиырларды 2019 жылы Чехиядан алып келдік. Қазір әкелінген сиырлардың саны екі есеге өсті. Өндіріс орнына қажетті технологияларды Түркиядан арнайы алдырттық. «Шырша» сүт сауу аппаратымен күніне 400 литр сүт өндіріледі. Қазір 18 адам жұмыспен қамтылған», – дейді А. Болатұлы.
Сүт өндірісінің ахуалымен танысқаннан кейін келесі аялдамаға бағыт алдық. Жоспарланған орынға жетеміз дегенше біраз шақырымды артқа тастадық. Таулардың арасымен жүріп келе жатып, өңірдің көз сүріндірер сұлу табиғатына таңданысымызды жасыра алмағанымыз рас. Алдымыздан тұнық көлдің көрінісі шыға келді. Бұл – Бестөбе су қоймасы деп аталады екен. Бүгінде дәл осы су қоймасының арқасында кәсіпкер азаматтар жобасын оңтайлы іске асырып отыр. Fishtech компаниясының басшысы Шыңғыс Мақсұтбекұлы бастаған топ мұнда форель балығын Норвегия технологиясының негізінде өсіруді қолға алған. Тағы бір діттеген мақсат – форель балығының экспорттық әлеуетін ұлғайту. Бестөбе су қоймасына келген туристер Исландияны көргендей әсер алады. Тіпті, бұл аймақ туристер арасында «Қазақстанның Исландиясы» атанып кеткен.
– Біздің мақсатымыз – өңірге Қазақстандағы ең алғашқы еуропалық бейімделген балық шаруашылығы өнеркәсібін алып келу. Осы жылға 600 тонна шығаруды көздеп отырмыз. Кеше ғана 150 шабақты отырғыздық. Америкалық-еуропалық технологияға бейімделген өзіміздің шабақтарымызды өсіріп, әрі қарай балықты өңдеп, түр-түрін шығарамыз. Мұнда келушілер «бұл Исландия ғой» деп жатады. Исландияның сапасындай балық шығару басты мақсаттарымыздың бірі саналады, – дейді компания басшысы Шыңғыс Мақсұтбекұлы.
Баспасөз турының нүктесі «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде қойылды. Алматыға келген әрбір туристің ат басын бұрмайтын кетпейтін мекені де дәл осы «Көлсай көлдері». Туризм саласын дамытуда Көлсайдың республикадағы маңызы зор. Ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылы Көлсайға 185 мыңға жуық демалушы келсе, былтыр олардың саны 210 мыңға жеткен. Ал биыл тоғыз айдың ішінде 213 мың адам келіп, олардан қазынаға 71 миллион теңге салық түскен. Демалыс аумағында келушілерге арналған асхана мен мейрамханалардың да саны өскен. Айта кетейік, биыл Көлсайға 4G интернет желісі тартылған. Ұлттық парк аумағында 57 қонақүй орналасқан. Жиын соңында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевты сұхбатқа тарттық. Ол түйін сөзінде ауыл шаруашылығынан бөлек, туризмді қолға алатынын, өңірде түйіні тарқамаған мәселелердің оң шешілуіне білек сыбана кірісетінін жеткізді.
– Қазір облыс әкімінің қолдауы жоғары. Айтылған мәселенің барлығы кезең-кезеңімен шешіліп, жобалар сапалы жүзеге асуы үшін жұмыстар атқарып жатырмыз. Ауданымызда 775 шақырымдық жол бар. Ол республикалық, облыстық және аудандық болып бөлінеді. Жол мәселесі бұрыннан бар. Оны жақсы білемін. Ойылған, тесілген жолдарға жөндеу жұмыстар жүргізілуде. Мен өзгертемін, жаңалық ашамын демеймін. Бұған дейін де Кеген ауданы – мал шаруашылығына бейімделген, тау аймағындағы халық. Табиғатымызға көпшілік қызығып қарайды. Біз туризм саласын Көлсай, Қайыңдыда ғана емес, басқа да аймақтарда дамытуға күш саламыз, – дейді аудан әкімі Н.Теңізбаев.
Бүгінде Кеген ауданындағы халық саны 28 мыңнан асып жығылады. Ауданда 5 мың оқушы бар. Оның 3 мыңға жуығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Биыл 4 496 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Жаңа әкімнің айтуынша, аудан халқының қазіргі сұранысы – ауызсу мен интернет, жайылым жер мәселесі. Қазір осы мәселелерді шешу жолында жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты. Бір күнімізді арнаған баспасөз турынан көп дүниені ұғындық. Айта-айта жауыр болған мәселелермен бетпе-бет келіп, халықтың мұң-мұқтажынан да құлағдар болдық. Кегеннің көркіне көрік қосқан тұмса табиғатын тамашалап, бойымызға рухани күш жинап қайттық.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы