Қазір қоғамда тынышсыздық көп. Бүлдіру, қирату, тонау, ұрлау, әлімжеттік жасау және т.б. келеңсіздіктердің басым бөлігі үйлердің маңында, аулалардың ішінде болып жататыны жасырын емес. Өкінішке қарай, солардың көпшілігі дер уақытында анықталмай, қылмыс ашылмай қалып қояды. «Көрдім» деген көп сөз» дегендей, байқамай, көрмей қалғандарды айтпағанда, көзімен көргендердің өздері де іске куә болғысы келмейді. Сондықтан «ақылды» аула бағдарламасының берері көп.
– Жезқазғанда қазір 66 аула «ақылды» аула бағдарламасына тартылды. Соның нәтижесінде әр ауланың төрт тұсынан бейнекамера орнатылып, бұлар қаладағы Жедел бақылау орталығына қосылды. Аулада не болып, не қойып жатқаны, бейнелеп айтқанда, аталған орталықтың ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Осылайша, ендігі жерде жедел әрекет етудің мүмкіндігі молайды. Яғни, бұзақылар бұрынғыдай еркінсіп жүре алмайды, – дейді Жезқазған қаласы тұрғын үй комммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Н.Әуезов.
«Ақылды» аула бағдарламасының іске қосылғанына ата-аналар да айрықша қуанып жатыр. «Балаларымызды аулаға ойнауға шығарып жіберіп, «не болып қалды екен, әлдекімдер тарапынан алдап-арбауға, зорлық-зомбылыққа ұшырап қалмады ма екен?» деп алаңдаумен отыратын едік. «Енді мына бейнекамералардың орнатылғаны біздің көңілімізді біршама орнына түсірді. Бұл үшін қала, облыс басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ» деген олар бағдарламаның сәтті жұмыс істеуінен үмітті.
Майлыбай КЕТЕ, Жезқазған қаласы