Орал қаласындағы «Аналар үйі» – көп әйелге пана болған орталық.
«Аналар үйін» паналап...
5,693
оқылды

 Қазір орталықта төрт әйел мен бес бала тұрып жатыр. Орталық жетекшісі Зәмзагүл Шканова ана үйіне көмекке мұқтаж әйелдердің көп келетінін айтады. Біз орталыққа барып, жұмысымен танысып көрдік. 

Орал қаласындағы «Аналар үйі» осыдан 10 жыл бұрын ашыл­­­­ғ­ан. Идея авторы – белгілі кә­сіп­кер, ме­ценат Айдын Ра­хым­баев. Жалпы, «Аналар үйі» рес­­­­публика бойынша әр қалада жұмыс істейді. «Аналар үйін» ашудағы мақсат – жетім ба­ла­лардың санын кө­бейтпеу. Бұл ізгі мақсат орын­далып та келеді. Орал қа­­ла­­сындағы «Ана­лар үйі­нің» же­текшісі Зәм­­загүл Шка­­­нованың ай­туынша, рес­­­­публика бойынша 7 мың­­дай бала жетімдер үйіне тап­сы­рыл­май, өз анала­­рының құша­ғында қалған. 

Жесірін жатқа бермеген, жеті­мін жылатпаған қазақы қасиет бү­гін­гідей қатыгездігі басымдау қо­ғамда керек-ақ. Осындай адам­­­­­­­­­­­­гер­шілік қадамға жергілікті кә­сіп­керлердің барып отырғаны қуантады. 

Оралдық кәсіпкерлер тағдыр ауыртпалығын арқалаған осындай аналарға қолдау көрсетуде. Атап айт­сақ, қаладағы «Ана үйіне» бел­гілі меценаттар Самат Дауымов пен Болат Каримов қол ұшын беріп отыр екен. Осындай кәсіпкер аза­маттардың арқасында басына іс түс­кен әйелдер жылы жерде сәби­лерін бағып, өмір сүруде. 

Әкесі баладан бас тартып, алданып қалған қыздарды көбіне туыстары қабылдамайды. Қиын жағдайға душар болған қыз бо­­­санған соң баласын тастап кетудің амалын іздеуі мүмкін. Осындай күр­­делі тағдыр иелері туралы «Аналар үйіне» емханалар мен пер­зентханалар хабар береді екен. «Аналар үйінің» қызметкерлері дереу әйелге көмек қолын созады. Жататын жылы орын, тегін тамақ сәбиге керектің бәрі осы жерден табылады. Орталық әйел адам толықтай аяққа тұрып кеткенше қолдау білдіреді.

Орталық жетекшісінің сөзінше, «Аналар үйіне» келуші әйелдер көп. Биыл 23 әйел балаларымен келіп, паналапты. 

– Қазір орталықта төрт ана мен бес бала тұрып жатыр. Негізі, ор­талық 12 адамға арналған. Біздің мақсатымыз – жетімдіктің алдын алу. Өмірдің қиын жағдайында қалған әйелдер баласынан бас тартпасын дейміз. Айналасынан, туыстарынан қолдау таппаған әйел­дер кішкентай сәбилерімен келіп тұрады. Біздің орталықта аналар алты айға дейін тұра алады. Пси­хологиялық, ме­ди­циналық көмек көрсетеміз. Құ­жаттарын түген­дейміз, көп әйел­­дер құжатсыз ке­леді. Әйелдер бұл орта­лықта тегін тұрады. Та­мағы бәрі тегін. Бізге ол жағынан меце­наттар кө­мек­теседі, – дейді Зәм­загүл Шканова. 

Орталықтың ашылғанына 10 жыл болған. Осы жыл ішінде 300-ге жуық ана орталық қызметін алған. Соның ішінде баласынан бас тартуды көздеген 120 ана бо­­лыпты. Ана үйінің психологтері кө­мегімен олар өз балаларынан бас тартпай, ол ойларынан айны­ған. Яғни, 120 бала жетімдіктен аман қалған. 

Орталық ішінде арнайы ма­­­­мандар жұмыс істейді. Ең негізгі адам – психолог. Себебі тағдырдан теперіш көріп, басын тауға да, тасқа да соғып есеңгіреп қалған әйелге бірінші орында қолдау керек. Ана­лар үйінде әйелдерге медициналық, психологиялық көмек көрсетіледі. Балаларын ба­бақшаға орналас­тырады, өзде­ріне жұмыс тауып береді. 

 – Біздің орталық – ресурстық орталық. Біз әйелдерге жол сіл­тейміз. Өкінішке қарай, бізге ке­летін көп әйел сауатсыз. Ең қара­пайымы құжатын да рәсімдемей жүре береді. Айналып келгенде өзінде құ­жаты жоқ әйелдің бала­сына құ­жат жасата алмай тағы қи­наламыз. Жо­ғалтып алса, қайда барып кері рәсімдеу керек, ол үшін не істеу керек, жұ­мыссыз ре­тінде қайда, қалай тір­келу керек­тігін де біл­мейді. Меди­циналық тексе­рістен де өтпей жүре береді. Алды­мен емханаға жіберіп, тек­серістен өтуін сұраймыз. «Ба­лаң­ды дәрі­герге көрсет» дейміз. Бы­лай қара­саң қарапайым дү­ниелер ғой, бірақ осыны өздері жа­сауға сауат­тары жетпейді, жүре береді. Біз осындай қарапайым қағи­да­ларды айтамыз, жол көрсе­теміз, – деп қынжылады орталық жетек­шісі Зәм­загүл апай. 

Жасыратыны жоқ, «Аналар үйін» паналап көбіне жетімдер үйі­нің түлектері келеді. Себебі олар өздері жетім өскен. Қолдайтын, қор­­ғайтын ешкімі жоқ. Одан бө­лек, материалдық көмек сұрай­тын жал­­ғызбасты аналар мен туы­сынан пана таппаған жас әйелдер де келеді екен. 

– Қазір көбіне әйелдер мате­­риал­дық жағдайын айтып шағым­данады. Үкіметтің балаға беретін ақшасы мардымсыз, баланың жөр­гегінен ауыспайды деп ренжиді әйел­­дер. Тағы бір басты проблема – ауылдан қалаға келетін әйелдер­дің мәселесі. Үйі жоқ, күйі жоқ әйел­дер негізі сол ауылдық жерден қол­дау табуы керек қой. Қалаға келіп, олар одан сайын қиналады, – дейді Зәмзагүл Заитқызы. 

Білім басқармасының мәлі­­метінше, БҚО-да бүгінде ата-ана­ның қамқорлығынсыз қалған 745 бала бар. Облыста ата-анасыз қалған жетім балалар «Мейірім» бөбектер үйі мен «Отбасы үлгісін­дегі балалар ауылында» тәрбие­ленеді. 

– Біз орталыққа кейде баланы перзентханадан алып келеміз. Бұл жерде бауырсақ пісіріп, шілдехана жасап, баланы бесікке саламыз. Ұлттық салт-дәстүрдің бәрін жа­саймыз. Ондағы мақсатымыз – жас аналардың бойына ұлттық құнды­­­лықтарды сіңіру, бала мен әйел арасына байланыс орнату. Өкінішке қарай, бізге келетін әйел­дер ең қарапайымы баласын дұрыс емізуді де, жуындыруды да білмейді. Олар­ға ешкім үйретпейді. Қазір тұрып жатқан әйелдердің бәрі – жетімдер үйінің тәрбие­ленушілері, – дейді орталық жетекшісі. 

Біз барған күні орталықта 4-5 әйел бар екен. Олардың бірінің егіз бөпесі бар. Біз аз-маз әңгімеге тарттық. 

– Мені осында алып келді. Бо­санғаныма бір айдан асты. Негізі, үйім, күйеуім бар. Тек үй балалар үшін тұруға қолайсыз деп бізді осында әкелді. Қазір бөпелеріме қарасатын апайлар бар. Олар ты­ныш ұйықтайды. Жолдасым үйді жылытып, ыңғайлағасын өз үйі­мізге кетеміз, – дейді орталықтағы жас аналардың бірі. 

Ал екінші келіншектің өзі же­тімдер үйінің түлегі екен. Қазір аналар үйінде үш баласымен тұрып жатыр. 

– Маған мұндағы қыз­­мет­керлер жұмыс тауып берді. Ба­ламды бала­бақшаға орна­лас­тырды. Қазір жағ­дайым жақсы. Емханаға барып, қа­ралып жүрмін. Аналар үйінің бар екені қандай жақсы, мына суықта баламен қай­да барар едік, – деді ол. 

Аналар үйінің жетекшісі Зәм­загүл Шканова осы орталық­тағы әр әйелдің анасындай, ал бала­­­лардың әжесіндей болып кеткен. Айналып, толғанып. бала бағып жүргені. Жү­ректе мейірім болса өз балаң да, өз­генің баласы да сыяды екен-ау деп қайттық орталықтан. 

 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы