Биыл өткен жылдарға қарағанда көмір сататын орындарда ажиотаж жоқ.
Қалтаны қаққан делдал: «көмір алатын ел бар»
1,730
оқылды

Ол арнайы орындарды белгі­леп, көп­теп қысқы отынды әзірлегеннен бо­лып отыр. Бұл – биліктің ұтқаны. Бір­ақ ұтылатын  тұсы –  «Кө­мір­­ге мұқ­таж, біз апар­ға­­нымызды бәрі­­­бір ала­тын ел бар» деп халықтың қалтасын қа­ғатын дел­дал­дарға жол ашып бер­гені. Алыпсатар байып, ха­лық алақан жай­масын десек не істеуге болады?

«Шұбаркөл көмір» басшылығы не дейді?

Қазіргі күні «Шұбаркөл көмір» дәурені жү­ріп тұр. Халықтың назары да, алары да осы көмір. Алайда оларға деген елдің ай­тары көп. Өйткені «қара алтын» қымбат. Шал­ғай ауылдарға жеткенше баға мың құ­былады. «Неге бұлай?» деген сұрақпен ме­кемеге шықтық. Жаяу немесе көлікпен емес, ұялы телефонмен. 

– 2023 жылы биржалық – сауда-саттық қо­рытындысы бойынша комму­налдық-тұр­мыстық көмірді көтерме сатып алушы бо­лып, «Көмір гарант» ЖШС анықталды. Биыл біз тұтынушылар үшін алып кету пунк­тін ашқан жоқ­­пыз, «Көмір гарант» ЖШС-мен мынадай елді мекендердің отын базаларында көмір сату туралы ше­шім қабылданды: Ол – Жезқазған қаласы (Ұлытау облысы); Жаңаарқа кенті (Ұлытау облысы); Осакаровка кенті (Қарағанды облысы); Арқалық қаласы, Аманқарағай стан­сасы, Қостанай қаласы (Қостанай об­лысы). Көмір аталған отын базаларына те­мір жол арқылы үздіксіз жеткізілетін бо­­лады. Осылайша, осы өңірлердің сатып алу­шылары Шұбаркөл разрезіне бармай-ақ және бірнеше күн бойы көмір үшін ке­­з­екте тұрмай-ақ, көмірді өз елді­ме­кен­дерінде сатып алуға қау­­қарлы», – дейді Да­мира Қожахметова. 

Оның айтуынша, «Шұбаркөл көмір» АҚ биыл тек Қарағанды облысы Нұра ау­да­ны мен Ұлытау облысы Ұлытау ауданы­ның тұрғындары үшін көмір алып кету алаңын ашты. Әкімдіктен машиналар ті­зімі алынды. Ұлытау облысының басқа ау­­­­дандары үшін Жаңаарқа стансасының тұйық темір жолында отын базасы жұмыс іс­тейді. Көмірдің сату бағасы – 13 мың 500 тең­ге. 

Қорғалжын кентінің тұрғындары кө­­мірді Астана қаласында сатып ала алады. Мұн­да, Шұбаркөл көмірі үш бөлшек сауда нүк­тесінде сатылады. Жылыту кезеңінде Ас­танаға күн сайын 10-15 вагон көмір жет­кізіледі.

«Қарағанды облысы Нұра ауданының те­міржол стансаларынан (Баршын, Бес­та­мақ, Жанбөбек, Қарақаска, Құлан­өтпес, Тал­дысай, Тікенекті, Соналы және Нығ­ман) алыс орналасқан кенттерінің тұр­ғын­дары үшін олардың елді мекендеріне ба­рын­ша жақын қашық­­тықта қосымша отын ба­залары ашылатын болады. Бүгінде Шұ­баркөл көмір алаңындағы көмірдің сату бағасы өзгеріссіз қалды, тоннасына 8 790 тең­­­ге, – деп жауап берді «Шұбаркөл кө­мір» АҚ баспасөз хатшысы Дамира Қо­жах­метова.

Ауылдағы ағайынның да айтар уәжі бар

«Ауылда көмір қымбат» дегенді естіп, елге хабарластық. «Шұбаркөл көмірін» жа­ға­мыз жылда. Биыл да тапсырыс беріп ал­­­­дырдық. Бір тоннасын 21 мың теңгеге ал­дық және 2 500 теңге жеткізуі бар. Бұ­рын­ғы алып жүргендей емес, қызуы бар бол­ға­нымен, жаман көмірді араластырып жі­береді-ау деймін. Ірісінен ұсағы көп», – дейді Сәкен кентінің тұрғыны Алмас Жұ­ма­нов. 

Ал Шет ауданына қарасты Бұрма ауы­лын­да тұратын Қарлығаш Шәтекова болса, олар­ға да осы бағамен жететінін айтады.

– Бізге бір тоннасын 21 мың теңгеден әкелу­де. Ал жеткізу бағасы – 5 мың. Тұм­сық ауылында тұратын туыстарым көмірді са­­тып алудан басқа 20 мың теңгені әкеліп бер­гені үшін қолдарына ұстатқан. Қармыс ауы­лына 15 мың теңгеге жеткізеді. Ауыл ара­сы небәрі – 10-15 шақырым ғана. Ерік­сіз­ден аламыз. Қыстан шығуымыз керек қой, – дейді ол.

Шұбаркөл 8 790 теңгеге «Кө­мір гарант» ЖШС-ға сатса, олар ха­лық­қа 13 500 теңгеден өткізсе, 21 мың теңге қай­дан шықты? Делдал ұтып, жұрт ұтылып тұр­ған заман емей не?

Жеткізумен бір, 8 мың теңгедей қосып, екі жұтқан алыпсатардың қалтасы қамписа бол­ды, ал елдің халің кім ойлайды? 

Елді алыпсатар елеңдетеді

Шілде айында Қарағанды облысының өңір­лік коммуникациялар қызметінде өт­кізілген брифингте көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде айтылған болатын. ИИДМ Индустрия­лық  даму комитетінің төра­ғасы Азамат Панбаев: «Қарағанды об­лы­сының көмірге деген қажеттілігі – 1 млн 156 мың тонна. Министрлік жүйелі шара­лар­ды қабылдап жатыр. Біріншіден, рес­пуб­­лика деңгейінде тиісті іс-шаралар жос­­пары әзірленіп, бұл жөнінде барлық әкім­­дікке жеткізілді. Екіншіден, көмірді ав­­то­көлікпен республика аумағынан әке­туге толық тыйым салынды. Бұл шешімнің не­гізгі мақсаты – алыпсатарлар санын азай­ту және болдырмау», – деген еді.

Сол уақытта облыста қатты отын саты­ла­тын 52 орын белгіленгені, олардың 20-сы Қарағандыда орналасқаны да айтылды. «Мамандардың бағалауы бойын­ша өңірді то­лығымен қамтамасыз ету үшін көмір қо­ры жеткілікті» деп те жазылды баспасөз беттерінде.

Алайда республика аумағынан әкет­кен­дер­мен шектелгендер ел ішінде алып­са­тар­лықпен айналысқан делдалдармен «шай­қас» туралы «ләм-мим» демеді. «Бұ­лай бо­ла­рын білмеді-ау. Әйтпесе, алдын алар еді ғой» дегеннен басқа не айтамыз? 

Шалғай ауыл ғана емес теміржол бойын­­дағы станция тұрғындары да кө­мірді қым­батқа сатып алуда. Халық «Шұбар­көл­ге» наразы, «көмірінің бағасы удай» деп, олар болса, «біздің баға арзан» деп шырыл­дай­ды. Кім кінәлі? Бар айыпты алыпсатарға үйіп апарып төге саламыз ба? Әлде, билік­тегілер биылғы жіберген қателігін келесі жылы түзер ме?

Мақаланың тоқетері: Қазір қысқа дайындық аяқталды. Қаладағы үйлерге жылу да берілді. Былтыр «АрселорМиттал Теміртау» өзіне қарасты ЖЭО-на арзан көмір сатып алып, онысы жанбай, Теміртау халқын қыста бүрсең қақтырған болатын. «Биыл олай болмайды, қымбатын алдық, қала тұрғындары тоңбайды» деп басшылығы уәде берді. Мақаланың нүктесін «Маған керегі сапалы да қызуы бар көмір, жылдар бойы жатып қалған немесе піспеген арзан көмір аламын деп, қыстан қылқиып шығып жүрмейін» деген ауылдықтардың жанайқайымен қойғымыз келеді. Нүкте қойсақ та, алақанын ысқылаған делдал көз алдымнан кетер емес...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ