Гүлмира Шорайқызы – Amara Investment паллиативті медициналық көмек көрсететін әлеуметтік орталықтың директоры. Ел ішінде мұндай орталықтарды хоспис деп атайды.
Торыққандар тұрағы мұң шақырып тұрады...
2,548
оқылды

 2019 жылдың тамызында ашылған мекеменің көмегіне сырқатынан айықпайтын, емделмейтін науқастар жүгінеді. Бір сөзбен айтқанда, аурухана мен жансақтау бөлімінде жатқандар өмірінің соңғы күнін осы жерде өткізеді. «Кез келген жан өмірінің соңғы күнінде жайлы, күтімі жақсы әрі өзгеге де салмақ салмай, өзі де қиналмауды ойлайды. Біз сол сырқат жандардың көңіліне медеу болуға тырысамыз» деген мекеме басшысы мұндай жоба Қазақстанға керек деп санайды.

Сырқат жанды үйде күтіп-бағу оңай емес

Оның айтуынша, сырқат адамды үйде күтіп-бағу оңай емес. Біріншіден, бәрі қаражатқа тіреледі. Хал үстінде жатқан жан­ға дәрігерден бөлек, медбике мен са­ни­тар жалдау керек. Тіпті, үйде оған қа­­рай­тын адам болса да, дәрігерді уақы­тылы шақыр­тып тұруы қажет. «Егер қуық­тай ғана пәтерде тұрса, бала-шағалы болса, төсек тар­тып жатқан адамды күту – екі есе ауыр. Баланың у-шуынан қарт та шар­шайды, үйдегі ұсақтардың да мазасы кете­ді. Оның үстіне, сырқат адам өте сезімтал, ашушаң келеді. Арасында қырсықтығы ұстап, еш­кімді көргісі келмей, сөйлеспей қоятыны тағы бар. Міне, осының бәрі қол байлайды» деген Гүлмира Шорайқызы өздерінің мекемесіндегі пациенттерге кү­тім ғана емес, олардың жақындарына пси­холо­гиялық тұрғыда көмектесетінін жет­кізді.

– Біз науқастарды емдемейміз, тек күтім көрсетеміз. Бізге түскен пациент­­тердің басым көпшілігінде бір ғана емес, қосымша бірнеше сырқаты болады. Мы­салы, онкологиямен түскен жанның қан қысымы, жүрегі мен қант диабеті қосы­лады. Сонымен қатар олардың көңілін табуға тырысамыз. Мәселен, пациенттің бірі «шайқалып отырсам, ауруым басы­лады, маған кресло-каталка тауып бересіз бе?» десе, енді бірі «қайнаған ыстық сорпа ішкім кеп тұр» дейді. Сөйтіп, түнгі үште тұрып тамақ істеп беріп, не болмаса түн ортасында қала ішінен ыстық нан іздеген кезіміз болды. Өмірінің соңғы сәтінде сұрағанын тауып, көңілін демеуге тырыса­мыз, – дейді Гүлмира Шорайқызы. 

Бірде әлеуметтік қызметкер бір келін­шекті орталыққа ертіп әкелген. Төсек тартып жатқан анасын осында дұрыс кү­тетінін көрсетпек болыпты.

 

– Былтыр қалалық емханадан жақсы араласатын дәрігердің бірі хабарласып, «ке­ліншектің төсек тартып жатқан шеше­сін күтіп отырғанына бесінші жылға кетті. Өзінің қолында бес жасар қызы бар. Кү­йе­уі тастап кеткен, әрі жұмыссыз. Ана­сы ин­­­­­­сульт алған, онкологиясы тағы бар. Үйі­не барған сайын жейтін тамағы да болмай­ды» деп әлеуметтік жағдайы төмен келін­шектің анасын орталыққа алуды өтінеді. Бір-екі күн күттім, бірақ ешкім келмеді. Кейін «өзі қиналып тұр» деп әлеуметтік қызметкер әлгі келіншекті орталыққа ер­тіп әкеліпті. Қазақтың әп-әдемі қызы, тек әбіржіп кеткен. Бей­нежазбадан шешесінің жағ­­­­­дайын көріп: «Қазір әкелмесең, қолда өлті­­­ресің» десем, «Шешемді беріп қой­­маймын» деп тұрып алды. Өзін бір жарым сағаттай көндіріп, біздегі пациенттерді аралап көрсеттім. «Қалаған уақытыңда әкете ала­­сың, уақыт­ша әкеліп көр» деп әрең көн­­­­­дір­­дім. Өзі жақын маңда тұрады екен. Ал­­­­­ғаш­қы күні екі сағат сайын, арты­­нан кү­нара, кейін екі аптада бір келіп жүр­ді. Арада 4-5 ай өтті. Бірде пациенттерді ара­­­лап жүр­ге­­німде қасыма бір келіншек келді. Өзі әде­мі­ше келген. «Сәлеметсіз, сіз­­­ге кім ке­рек, қан­­­­дай көмек керек» де­сем, «Мен – Сал­­танат­пын (ред. өзгертті) ғой. Анамды жат­­қыз­ғалы жұмысқа тұрып, баламды бала­­­бақ­­шаға беріп, қарызымнан құтыла баста­дым. Өзіме сүйеніш болатын адам жолы­ғып, жағдайым жақсарды» деп жы­­­­миып қояды. Сол кезде ғана оны таны­дым, – деген орталық басшысы пациент­тердің туған-туысы келмей кеткені бол­­­­­мағанын айтты. 

Адамның ойлағаны емес, Алланың бұйыртқаны болады

– Пациенттің халі нашарлай түскенде, бірден жақындарына хабарлап, «Мүмкін­дігінше қасында болыңыздар, соңғы сөз­деріңізді айтып қалыңыздар. Ештеңе демей, қолыңызды қысса да оның риза­лығын білдіреді. Соңғы сапарына шыға­рып салыңыздар» деп келуін өтінеміз. Сондай жағдайда кейбірі діни қызмет­керлерді әкелуге тырысады. Себебі па­циенттердің арасында католиктер де, пра­вославтар да, мұсылмандар да бар. Тіпті, имам үлгермей жатқанда өзім Құранды оқып, шығардым, – деген Гүлмира Шо­райқызы ондай тәжірибенің өзге мемле­кеттерде барын айтты. Намазхан келін­шектің күйеуін ақтық сапарға мекеме бас­шысы өзі шығарып салған екен. 

Қалай десек де, менталитеттің де өзіндік әсері бар. Әсіресе, қазақтың «елден ұят» дегені көп нәрсеге тыйым болады. 

– Шыны керек, бастапқыда қазақтан гөрі орыс, татар, армян секілді өзге ұлттың өкілі көбірек келді. Келсе де, «бұған бере алмаймын, үйден қайтады» деп шығады. Бір-екі күнге әкеліп көрген соң сенім пайда болды. Олардың атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Бірақ әлі күнге дейін 920-ға жуық науқастың жақындарымен тығыз байланыстамын, – деді ол. 

Оның айтуынша, мекемеге түскен жан­дардың арасында профессор да, ком­позитор да, жазушы да, елге танымал жан­­дар да болған. Тіпті, пациенттер дүниеден өтсе де, жақындары орталыққа келіп тұра­ды екен. Соның арасында көмегін беріп тұратын жандар да аз емес. «Ешкім көмек бермейді деп айтсақ өтірік болар. Мәселен, ауқатты кісінің арқасында ғима­­­раттың ішін жөндеттік. Бірі памперс көтеріп келеді, мерекелерде ыстық тамақ таратады. Ротари клуб деген ешбір мемлекетке ба­ғынбайтын ұйым бар. Солар 2022 жылы Роза Бағланованың картинасы, сырғасы, вазаларын аукционға қойып, бізге жедел-жәрдем көлігін әперген. Әйтпесе, жеке­меншік ұйым ретінде Үкіметтен, әкімдік тараптан көмек жоқ, – деді Гүлмира Шорайқызы. 

Әлеуметтік жобаға көмек берер кім бар?

Бұған дейін орталық коммуналдық шы­ғынды төлемегендіктен, 137 миллионға қарызға кірген. Соттасып жүріп, қарыздан құтылған. Қазір қанатын кеңге жаю мүм­кін болмай тұр. 

– 2019-2020 жылдары пандемия кезін­де науқастарды қабылдамаған. Сол ара­­лық­­­­та коммуналдық шығын төленбей, ме­­к­е­ме 137 миллион теңге қарызға кірген. Осындай қысылтаяң кезеңінде қызметке келіп, бас­­тан бірнеше сотты өткердік. Де­ген­мен әлеу­меттік жобаның шығыны азаяр емес. Ал қарызымыз күннен-күнге көбеюде, сол қысып барады. Егер Үкімет бізге қол ұшын бермесе, жылдың соңына дейін жұмыс істеуіміз қиындай түспек. Жа­былуы да мүмкін, – деген Гүлмира Шо­рай­­­­­­­­­­­қызы елі­мізде хоспистардың аз­дығын айтты. Ашыл­са да, жекеменшіктің көпші­­лігі Үкі­меттің көмегінсіз ұзаққа бар­майты­­нын сөз етті. – Бүгінде Аста­на­ның өзінде екі хоспис жа­былып, сырқат жанда­­рын біз­ге жібермек болды. Бірақ бізде де орын шек­теулі, бәрін бірдей ала алмадық, – дейді ол. 

Орталық басшысының айтуынша, олар мемлекеттен ғимараттың жалға алу жарна­сын азайтуды сұрап отыр. «Егер мем­лекет та­­рапынан бұл ғимаратты азын-аулақ жар­намен жалға берсе, қарызды да жабар едік. Жайлап құрал-жабдықты да алар едік. МӘМС-тен бөлінген ақшаның басым көп­шілігі соған кетеді. Оның өзін биыл екі есеге қысқартты. Осы мәселені көтеріп Прези­­дентке де хат жаздық. Бос қалған медици­­налық орталықтың бірін беруін де сұрадық» деген Гүлмира Шорай­қызы бұл мәселе шешілмек түгілі қа­ралмағанын қозғады. 

– Жекеменшік болған соң ғимаратты өзіміз табуымыз керек. Қолыңда ақшаң болмаса, кім тегін береді? Өз қалтасынан шығындалып кім әпереді дейсіз? Оның үстіне, бұл – әлеуметтік бағдарлама. Жан-жақтан түсіп жатқан табыс көзі жоқ қой. Негізі, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздегі паллиативті медициналық көмек көрсетуді дамыту керегін көтерген. Бірақ Үкімет тарапынан әлі күнге дейін қолға алынба­ғанына қарның ашады. Сол себепті Пре­зиденттің қабылдауында болсам, мәсе­ленің мән-жайын айтар едім, – деді Гүлмира Шорайқызы. 

Орталық басшысының орынбасары Анатолий Парлабекұлы қазір бос тұрған, бұрын туберку­лездің жабық формасын емдеу орталығы орналасқан ғима­ратты сұрағанын айтты. Тіпті, қала әкім­дігіне хат та жазған. Олар бұл өтінішті Денсаулық министрлігіне жолдаған. Нәти­жесінде, қалалық Денсаулық басқармасы мен қала әкімдігі онлайн кездесу өткізген. 

– «Сіздер жекеменшік мекемесіздер, сондықтан мемлекет сіздерге ғимарат бе­руге міндетті емес», – деді. Тым болмағанда жал­ға алу жарнасын азайтып беруін өтін­дік. Сол кездегі әкім Алтай Көлгінов «кө­мек­­­тесеміз» деп сөз бергенімен, ештеңе істе­меді. Сонымен, жабулы қазан жабулы күй­­де қалды. Тіпті, сұрап жүрген ғимарат­тың бос тұрғанына 5 жыл өтті. Астана қа­­ласының Қоғамдық денсаулық сақтау бас­­қармасының бұрынғы басшысы Тимур Мұратов әуелі «ол жер мемлекетке тиесілі, өзімізге керек, сол жаққа әлеуметтік ор­та­лық ашамыз» деп шықты. Кейін «жо­балық сметасын дайындап жатырмыз» деген, енді «оны жүзеге асыру үшін демеу­шіні күтіп отырмыз, – деді Amara Investment пал­­­лиативті медициналық көмек көрсететін әлеуметтік орталық басшы­сының орын­басары Анатолий Пар­лабекұлы. 

МӘМС-тен бөлінетін қаржы екі есе қысқартылды

Оның айтуынша, тіпті осы жолы МӘМС-тен бөлінетін ақша көлемі де екі есеге азайған. 

– Мемлекеттің саяси бағдарламасына сай былтыр қараша айында осындай әлеу­меттік орталық ашатын болды. Ква­зи­сектор тарапынан 30 адамдық жерді 150-ге көтерді. Сөйтіп, мемлекеттік тап­сы­рыспен МӘМС-ті екіге бөлді. Бірақ оларда 40 адамнан аспаса, бізде жүзден асты. Иге­­­рілмей жатыр деп 104 миллионды қыс­қартты. Тым болмағанда 70 миллион берсе деп ойлағанбыз. Адам санын қысқартыңдар деп жатыр. Тамыз айында есеп-қисабын өткізіп, 36 миллионға жапсам, «бүгінгі жоспармен 29 миллион» шықты деп тағы 7 миллион теңгені ұстап қалды. Сал­да­рынан қызметкерлерге жалақы уақы­тылы беріл­меді. Қызметкердің кейбірі жұмыстан кетіп жатыр. Кадр жетіс­пеу­шілігінен кей­бірі екі-үш ауысымда жұмыс істеуде. Олар­ға да ештеңе бұйыра алмаймыз, тек өтіні­шімізді орындап отыр. Сондықтан бізде ешқандай табыс жоқ, тек шығынмен отырмыз, – деді ол. 

Айтуынша, елордалық Денсаулық бас­­­қармасы онкологиямен ауыратындарды қарамайсыздар деген сылтау тапқан. Сөй­тіп, Денсаулық сақтау министрлігінің бе­кіткен ережесі бойынша қатты сырқатқа шал­дыққандарға медициналық көмек көр­сететініне сендіре алмаған. Ал оның ішіне бүкіл сырқат кіретінін естен шы­ғарған сыңайлы. 

– Дефектісі бар деп бір айдай жатып, дүниеден өтті. Сонда олар бізден 300 мың ұстап қалды. Пациенттің асты-үстіне түсіп күтеміз, соңында төлем де аударылмайды. Біз адамды емдемейміз, тек күтеміз дегенді түсінбейді. Ауруын басатын ине салып, тыныштандырамыз. Оның үстіне, «па­циент­терді 10-15 күннен кейін шығарып жіберіңдер. Неге кейбірі ұзақ жатады?» деп талап ете бастады. «Хал үстінде жатқан адамды қалай шығарамын. Ит екеш итке ақша бөлініп жатқанда тірі жанды қалай далаға тастаймын» деп ұрыстым, – деген Анатолий Парлабекұлы Денсаулық бас­қармасының комиссия құрып, мекемені келіп көрмегенін сөз етті. 

Оның айтуынша, кейде пациенттердің жақындары бүкіл ем-домын көтеріп, жағ­дайының жақсаруына барын салады. Бірде бауыр циррозымен комаға түскен ер-аза­матты достары әкелген. Өзі – подпол­ков­ник, ұзақ жылдар әскери қызмет істе­ген. «Біз тек күтім көрсеттік. Жо­­л­­­­­­­дастары оны жақсы деген дәрі-дәр­мегімен қамта­­масыз етті. Көрер жарығы бар болар, аяғына тұрып кетті. Қазір жұмыс істеп жүр. Үмітің өшіп, күдерің үзілген шақта осындай жағдай бәріміздің көңілімізді көтеріп жібереді» деген Ана­толий Парлабекұлы оның бірді-екілі жағдай екенін айтты. 

– Бірде орталықтан шығып келе жат­сам, бір азамат қолымды алып, ризашы­лығын жаудырып жатыр. Әуелде түсін­бедім. Пациенттердің емін бақылайтын дәрігер емеспін, қаржыгермін. Сөйтсем, комаға түскен келіншегін осында әкеліпті. Оған дейін 6 айдай қаланың біраз ауру­­­ханасында емделіп, осында жіберіліпті. Жасы – 48-де. Күйеуі бүкіл дәрігерді әкеп, дәрісін шетелден алып, массажистке дейін әкелді. 20 күндей жатып, әлгі келіншек комадан шықты. Ақырында дуалды жаға­­лап жүре бастады. Содан күйеуі шығарып алды. Негізі, біздің пациенттерге дәрі-дәрмек алып, ем жүргізуге құқығымыз жоқ. Тек дәрігердің көрсеткен күтімін жа­сап, тазалықта ұстап, уақытылы тамақ­тандырамыз. Дегенмен жақындарының көмегіне атсалыс­қаны­мызда не тұр? Әкеп тұрған дәрісін сал­масақ, адамдықтан без­геніміз емес пе? – деді ол.

Айтуынша, жылдың соңында орталыққа 112-124 науқас түссе, енді оны да қысқартпақ. «Жыл басында бізге келесі жылға берілетін МӘМС-тен қаражат бөлінеді. Соны екі есеге қысқартты, бастапқы 4 ай қатты қиналдық. Соған қарамастан бізге келушілердің саны азаяр емес. Сырқат жандар өте көп, кезекте тұрғаны қаншама?! Кейбірі кезегі жетпей өмірден өтіп жатыр», – дейді Анатолий Парлабекұлы.  

Пациенттердің медициналық карталары тіркеліп, диагноздары көрсетіледі. Сол құжаттар арқылы шешім шығарылады. Жалпы бір жатын орын 11 946 теңге тұрады.

 

– Шынын айтқандай, ондай бағамен қонақүй де табылмайды. Бірақ олардың айтуынша, жатын орынды нормативтен екі есеге асырып жіберіппіз. 2022 жылғы нормативте жүз мың адамға 10 адам деп неге сүйенгенін түсінбедім? – деген Анатолий Парлабекұлы жақында ғана Астананың Денсаулық басқармасына жаңа басшы Әлия Шахзодақызы келіп, мәселенің мән-жайын қарайтынын жеткізді. 

Хал үстінде жатқан жас та, спорт шебері де бар

Орталықтың бас дәрігері Ренат Тас­тамбекұлы «мекемеге түскен әрбір па­­циентке жаныңды бересің. Әуелде кейбірі хал-жағдайы жақсарғандай бо­лады, ке­­­нет­тен айырылып қаламыз. Міне, сон­­дайда сағың сынады, көңілің босайды», – дейді. 

Қазір паллиативті медициналық көмек көрсететін әлеуметтік орталықта жүзден аса науқас бар, оның 90-ға жуығы төсекке таңылған. Көбіне бұған қалалық емханалар мен ауруханалардың жолдауымен түседі. Онда да Денсаулық басқармасының бекі­тілген нормасына сай тексеріледі. Мұнда тек қарттар емес, жастар да бар. 24 жастағы жап-жас жігіт отадан кейін түсіпті. «Сә­лем» деп ауырсынса да, жымиып қояды. Дәрігердің айтуынша, ми ісігінің соңғы кезеңі екен. 

– Біздегінің бәрі – ауыр жағдайдағы жандар. Ешқандай жас шектеуі де жоқ. 18 жастан бастап хал үстінде жатқандарды қабылдаймыз. Мысалы, Гүлнар (ред. – өзгертілді) деген қызымыз бар. Өзі спорт шебері. Бірақ оқыс жағдайдың салдарынан төсекке танылды. Жаяу жүргінші жолағы­нан өтіп бара жатқан жерінен көлік қағып, мойнынан екі рет жүріп өткен. Мойын омыртқасының бәрі сынған. Аяқ-қолы істемейді, үлкен де, кіші де дәреті жүр­мейді. Оның бәрін қолмен шығарамыз. Төсекте жата бергеннен жарасы да жазыл­майды. Өзі ботқаны жегенді ұнатпайды. Бірақ оны жемесе, жарасының жазылуы да қиын. «Ботқа жегеніңіз, қан айналымы жақсарып, тері де тезірек жазылады» деп түсіндіремін. Алайда бір жағы жазылса, басқа жері тесіліп шығады. Оның қи­мыл­сыз жатқанына екі жарым жыл бол­ды, – деген бас дәрігер бұл пациентті арасында мереке күндері қаладағы ағалары алып кетіп тұратынын айтты. Ал Гүл­нардың өзі бізбен сөйлескісі де келмеді.

Оның айтуынша, пациенттің көп­ші­лігінде жүрек талмасы, инсульт, онко­ло­гия, жүрек жетіспеушілігі, өкпе мен бауыр сырқаты, бүйрек және сүйек қаң­қасының сынуымен қатар қосалқы аурулары тағы бар. Мәселен, пациенттің қанты жоғары болса, оған наркоз берілмейді. Салдарынан ота да жасалмайды. Тіпті, арасында наркоз көтере алмайтыны тағы бар. 

– Әр пациенттің мүмкіндігі де әртүрлі. Бірі отыра алмайды, енді біреуі тамақ іше алмайды. Аяғына тұрып жүрген па­циент­тің өзін ауруы шыдатпайды. Дәрігер ре­тінде ауруды басатын дәріні мөлшермен беруді қадағалаймыз. Төсекке таңыл­ған­ның бірінің жамбасы тесіліп, денесі жа­радан көрінбейді. Оның бірі 1-2 ай жатса, енді біреуі 5-6 ай жатуы мүмкін. Арасында тамақ іше алмай, өздігінен тыныстай ал­майды. Дәретін тазалап, кейбіріне клизма жасауға тура келеді. Өкпесіне ірің толса, оны сорып отыру керек. Біреуін әр 15 минутта тазаласаң, ендігісін 8 минут сайын алу қажет. Кейбірінің жанынан кет­пейсің. Олардың құ­рылғысын уақыты­лы тазалап, қарап отыру керек. Қай-қай­сысы болсын ал­дымызға келген әр пациент­ті жақы­ның­дай күтесің. Беті бері қарап, жағ­дайы жақ­сарса, біз де балаша қуанамыз. Кейде кенеттен жағдайы нашарлап, одан қол үзіп қаламыз. Сондайда көңіліміз кә­дімгідей құлазиды. Біз де депрессияға тү­семіз, – деді Ренат Тастамбекұлы. 

Негізі, кез келген жанға жақынын әкеліп тастау оңай емес. Дегенмен хал үстінде жат­қан жанға күтім керегін олар да түсі­неді. «Мәселен, жыл бойына 3 мыңнан аса пациент келіп кетеді. Арасында бірді-екілі жанның көңілі толмауы да мүмкін. Оның өзі – жұмыс істеп жатқанның белгісі. Қа­зақта «көш жүре түзеледі» дегендей, кем­шілігімізді түзеп, әрдайым дамып, жақ­саруға тырысамыз» деген Гүл­мира Шо­­­­­­­­рай­­­­қызы биыл қыркүйектен бастап мамырға дейін медбикелер, дәрі­герлер мен санитардың бәрін Шотлан­дия­ның хос­писімен бірлесіп, тәжірибе алма­судан өткізіп жатқанын айтты. Жал­пы, па­циенттің кү­тіміне медбике мен сани­­тарлар жауап береді. Олар дәрігер берген нұсқауды сақтайды, қадағалайды. Әрбір санитар жұмысқа қабылданарда алдымен екі ай тәжірибелік оқудан өтеді. 

– Көшеден келген адамды жұмысқа ала бермейміз. Ең алдымен өзімен сөй­­­лесіп, кімнің қандай екенін білуге тыры­­самын. Күтімдегі жандарды аралап, көрсе­темін. Олардың қалай қарап, қалай қа­­­был­дайтынын байқаймын. Жиіркенсе, жұмысқа алмаймын. Негізі, мұндайға өзі­нің басынан өткергендер ғана келеді. Біз­­дегінің бәрі – сондай, олар өз жұмысын жақсы түсінеді. Олар біздің – қол-аяғы­мыз, – дейді ол. 

Дәм-тұзың таусылса, жиған-терген дүниең қалады

Гүлмира Шорайқызының бұл салаға келуіне марқұм анасы түрткі болыпты. Себебі анасының көзі тірісінде келешекте қарттар мен балалар үйін бір аулада салып, бір-біріне демеу болса деген арманы барын айтыпты. 

– Жақсы қызметте болып, ісім дөңге­­­леп тұрған шағым. Сол уақытта дүниең болса бәрін сатып алуға болады деген пі­кірде едім. Адамдарға да жоғарыдан қарадым, пендешілік қой. Сөйтіп, күйбең тірлікпен жүріп, ойдағы дүниені кейінге ысырып, бәрі ұмытылды. 

2017 жылы анам аяқасты жүрек талма­сынан көз жұмды. Негізі, өзінің қатерлі ісігі болатын, бірақ ол жайында ешкімге тіс жарып айтпаған. Анамның өлім мен өмірдің арасындағы арпалысын, жедел жәрдем көмегін сіңлім шалған видео­қоңы­рауынан көрдім. Негізі, қиындықты көр­мей өстім. 41 жасында әкеміз өмірден қайт­­­­қанда қиналдық. Марқұм анам ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Екеуміз 35 жылдай бірге тұрдық. Өмірдегі сүйені­шімнен айырылу – маған үлкен соққы болды. 

Депрессияға түсіп, үш жыл үйден шыға алмадым. Теледидар қоспадым, телефонды мүлдем өшіріп тастадым. Жолдас қызда­рым жұбатпақ болып, психологке дейін апарды. Күйзелістен шыға алмай жүрге­нім­де осы жұмысты ұсынды. Онда да ма­­ған хоспис деп айтпады. Тек медици­налық орталық, 137 миллион теңгеге қа­рызға кірген екен. Ол кезде орталық Тәуел­сіздік 9 мекенжайында, Данияр қонақүйінде орналасқан. Әуелде келіспей жүріп, барып көрмек болдым. Ішіне кіріп, 5-6 палатаны көрген соң шошып кеттім. Орталықтың жағдайы мүлдем нашар. Қонақүйдің төсек орындары медициналық талапқа мүлдем келмейді. Науқастар «кетпеңізші, көмек­­­тесіңізші» деп етегімнен жармасты. «Бұл қандай жер?» десем, «дәм-тұзы таусылып, өмірінің соңғы күндерін осында өткізеді» дегенде «мұндай жерде істемеймін» деп төртінші қабаттан 15 секундта ұшып шық­тым. Үйге барған соң дөңбекшіп, түнімен ұйықтай алмадым. Алла мені мұн­да бекер әкелмеді. Анаңнан басқа да қиналып жат­қан талай жан бар, соларға шарапа­тыңды тигізуге әкелген шығар деп ойладым. Ор­та­лықтың жағдайын жақсартамын деп екі айда депрессиядан шығып, оның не екенін де ұмыттым, – деді ол. 

Оның айтуынша, ұжым бір жарым жылдай жалақы алмаған. 24 пациенті ғана болған. Қызметкерлеріне бір жыл уақыт сұ­рап, тығырықтан шығатынына сөз берген. «Жасырмаймын, таныстарымды қостым. Содан қаладағы барлық компания басшысына кіріп, үш ай уақыт сұрап, адам жіберуін өтіндім» деген басшы көпшілігі сол кезде бұл хосписті менсінбегенін айтты. 

– 2021 жыл, қыркүйектің басы. Біз отырған ғимаратты бұзамыз деп көшуімізге бір апта уақыт берді. Қолымызда пациенттен басқа ештеңе жоқ. Дәрі-дәрмек те жоқ. Оттегі құрылғысы біреу ғана. Көшіп бара қоятын ғимарат таппадық, ала қоятын тиын жоқ. Жалға беру бағасын түсіру үшін жағдайды айтып, көмек сұраймыз. Оған да ешкім көнбеді. Енді бірі «энергетикасын бұзасыңдар, сендерден кейін бізге кім келеді» деп келіспеді.  Содан астымдағы көлігімді сатып, жолдас қыздың бірі риелтор еді. «Көмектесіңдер, ал сендердің пайызына пациенттерге дәрі-дәрмегін алайын» деп тізеден бастым. Әрең дегенде Досмұхамедов көшесінің бойынан жартысы әрленбеген, тек сұлбасы салынған ғимаратты таптық. Іші ешқандай жөндеуден өтпеген. Төсек түгілі кішкентай шкаф та жоқ. Тек едені кафель, ал күн суып кеткен. 87 адаммен көшіп жүргенімде біреуінен айырылдым. Көбісі әлгі жерден шошыды, жақындары алып кетті. Ұжымның жартысын жоғалттым, – деген «Amara Investment» паллиативті медициналық көмек көрсететін әлеуметтік орталықтың директоры құрбыларына көрпе, жастық, матрас, памперс әкелуін міндеттеп тастаған.

 

Арасында студенттер де ақша жинап, 60 шақты матрас әперген. Содан емханаларда жарамсыз деп есептен шығарылған төсек-орындарды жөндеп алған. Ал төсектің жаймасын қолдан тіккен. Кішкентай шкаф жетіспеген соң жан-жаққа хабарландыру беріп, әртүрлісі жиылып қалған. Ескі-құсқы, тозығы жеткен дүниені жөндемек болып, арнайы  бояп-сырлаудың курсын өтіп, бәрін өз қолымен жөндеп шыққан. 

– «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шы­ғара білдік. Сондай қым-қуыт тірші­лікте жүргенде бүгінгі отырған ғимараты­мыз шыға қалды. Негізі, депутаттарға са­лынған, бірақ бос қалған. Ішіндегі жи­­­­һаз­­­­­­­­­­дың бәрі өзінікі. Басында тоздырып жібереміз ғой деп қорықтым. Ойлана келе бәрібір қолайлы жер керек деген шешімге келдім. «Көш жүре түзеледі» демекші, осы күнге жеттік. Қазір республика бойынша ең жақсы хоспистің біріміз. Бізде мынадай күшті хоспис бар екен деп қала басшылары, депутаттар келе бастады. Түсінгенім, мақ­­сат етсең – көздегеніңе жетеді екенсің. Бұл жұмыста өзімді, отбасымды ұмыттым. Бұ­­рынғыдай құрбылармен демалу да қалды. Шынын айтсам, сұлулық салонын көрме­­геніме үшінші жыл болды. Бос, қарап отырғым келмейді. Жиналыс, кездесу, уа­қыт жетпейді. Күніне бар-жоғы 2-2 жарым сағат қана ұйықтаймын. Үш жылда шар­­ша­­дым, демалыс көрмедім. Күштің қайдан келіп жатқанын білмеймін. Ішімде бата­рейка өшпей отыр. Осы істі дөңгелетіп әке­тетін мықты дәрігер болса, жаным тынышталар еді. Алда жоспар көп, бәрі уақыт еншісінде, – деді Гүлмира Шорайқызы. 

Бү­гінде екі бала: ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ол «өмірде ең маңыздысы – отбасы. Бір күнде бәрін жоғалтуға болады. Мейлі, бай болсын, жарлы болсын, бәріміздің барар жеріміз бір», – дейді.

P.S. Бүгінде хоспис Дулыға 21/2 мекенжайында орналасқан. Өкініштісі, мекеме жабылу алдында тұр.

Анар ҚОНЫС

Фото: ©Радмир Фахрутдинов, ©egemen.kz