Футболдан ұлттық құрама сырт алаңда Финляндиядан жеңісті жұлып алды. Бұл ойын ел ішіндегі үмітті қайта маздатып, 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алуға біртабан жақындатты.
Жылт етеді бір үміт…
718
оқылды

Соңғы минуттағы жүрек қағысы, бұрыштаманы көтерген сәттегі эмоция, бәрі-бәрі қазақ даласында жанкүйер мәдениеті қалыптасып келе жатқанын, спорт көпті біріктіретінін көрсетті. 

Хельсинкидегі жанкүйер жаңғырығы

Иә, қыркүйектегі Солтүстік Ирландия­мен ойыннан кейін алда жан алысып, жан берісетін екі ойын күтіп тұрғанын топшы­ладық. Айтса айтқандай,  15 қазан күні Дания құрамасымен ойын тартысты өтті. Құрама капитаны Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тартқан добын көргенде «біздің де қауқар бар» дестік. Копенгагеннен жауапсыз үш голмен кетпейік дегендей Вороговскийдің дәл соққысы көңіл қуант­қан-ды. Сонда сырт алаңда жанкүйер бол­ған жанкүйерлердің көзіндегі отты көр­сеңіз. Олар да ұлттық құраманың деңгейі өскенін, осылай жалғаса берсе әлі де алға жылжитынымызды топшылады, білем. 

Ал Хельсинкидегі қиян-кескі ойында ұлттық құрама екінші таймда «не бел, не белбеу кетеді» позициясына көшті. Өйткені Дания құрамасынан жеңілгеніміз, турнир­лік кестеде артқа шегінуге әкелді. Бұлай жалғаса берсе, Еуропаға қош айтарымыз анық еді. Ойын барысындағы Финляндия­ның аса сақ қимылы «қазақтар, қайда барасыңдар?» дегендей әсер қалдырды. Олар әуелден шашау шығармай ойнап, ары қарай оңай өтеміз тактикасын ұстанғаны көрініп тұрды. Сөйтті де, матчтың 28 минутында Тейлор есеп ашып кетті. Онсыз да төпелеген шабуылдан ұлттық құрама есеңгіреп қалды. Бірақ екінші таймда ойын өзгеріп сала берді. Мұны матчтан кейінгі берген сұхбатында Зайнутдинов те қош­тады. Оның айтуынша, үзілісте бас бапкер Могамед Адиев ойыншыларды сөзбен сыбап, мотивация берген екен. 

«Алғашқы тайм ауыр болды, жоспары­мызды жүзеге асыра алмай қойдық. Содан кейін бапкер қажетті сөздермен жігерлен­дірді. Біз Еуроға шықсақ деп армандаймыз, сондықтан жеңілуге құқымыз жоқ еді. Елтаңба үшін күресеміз. Адиев не айтты дейсіз бе? Ол өз арамызда қалғаны дұрыс. Бап­кер мақалдатып сөйлейді. Бұл бізге ерек­ше әсер етеді»,  – деді Бақтияр Зайнут­динов. 

Бас бапкер Могамед Мұсаұлы да ойын­ды өздері қалағандай бастай алмағанын алға тартты. Айып добынан гол өткізіп алып, ары қарай біраз есеңгіреп  қалған­дарын да жасырмады. Оның айтуынша, екінші таймда қауіпті сәттерді алма кезек ұйымдастырғаннан кейін қалаған нәтижеге жеткен. Оған  қоса, маман  жігіттердің аз­дап қысылып ойнайтынын, себебі мойын­дарында «ел сенімін ақтасам» дейтін жүк тұрғанын атап өтті. 

«Матчқа келсек,  Финляндия құрамасы жанкүйерлерінің алдында бар күшін көр­сетті. Алайда екінші таймда сәл босаңсып қалғандай көрінді. Одан кейін ойындары жүрмей қалғаны тағы бар. Бас бапкерлері Теэму Пукки сияқты мықты ойыншыларын ауыстырып тастады. Оған қоса, жарақат алған футболшылары болды. Дегенмен олар 100% жеңіске жетеміз деп ойлады. Бірақ олай болмай шықты.  Қазақстан құра­ма­сы пенальти соққаннан кейін сенімді қимылдап, шабытқа шабыт қосты. Сырт алаңдағы 200-ге жуық жанкүйердің қолдауының арқасында алға ұмтылып, екінші голды соқты. Сол тұста Могамед Адиев шабуылшы Абат Айымбетті алаң дәл уақытында шығарды. Осылайша, бірнеше ойыншы алмастыру да пайдасын тигізді. Ойынның соңғы 15 минутын түгелдей ұлттық құраманың еншісіне жазсақ бола­ды»,– дейді ұлттық құрама президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен. 

«Әлі ештеңе біткен жоқ»

Рас, алдағы сценарий бұлыңғыр. Ұлт­тық құрама турнирлік кестеде 15 ұпаймен үшінші орында тұр. 17 қараша күні «Астана аренада» Сан-Мариномен кездесу өтеді. Қалайда ұтылуға рұқсат жоқ, артымызда 30 мың жанкүйер мен Берлинде доп тепкен қазақты көрсек деген үміт бар. Одан кейін  Люблянада Словения күтіп тұр. Ал аталған ойын тіптен жауапты. Турнирлік кестедегі ауыс-түйіске әсер етері хақ. Ескерерлігі, турнирлік кестеде алғашқы екі орынды еншілеген екі команда Еуропа чемпиона­тына жолдама алады.

«Алдағы ойындарға тоқталар болсақ, келесі турда Дания құрамасы өз алаңында Словения құрамасын қабылдайды. Екеуіне де ұпай керек. Турнирлік кестеде аталған қос құрамада 19 ұпайдан бар. Негізі, тең ойнап қалса да қызық болайын деп тұр. Қазір топтағы шиеленістің шешімі ретінде үш нұсқа бар. Мысалы, екеуі тең ойнап 20-20 ұпайдан иеленсе, амал жоқ соңғы турдағы Словениямен ойында барымызды салуымыз керек. Словения алдағы ойында жеңілген күннің өзінде оларда 19 ұпай қалады. Ал біз жеңіске жеткенмен, 18 ұпай жетпей қалайын деп тұр. Сондықтан өз алаңымызда Сан-Маринодан, сырт алаңда Словениядан басым түсу керек. Меніңше, осы ойыннан кейін топтағы екінші орын­ның тағдыры шешіледі», – дейді футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен. 

Иә, ұлттық құрама 17 қараша күні өз алаңында есебін түгендеп жатқанда, Дания Словениямен бірге турнирлік кестедегі бірінші орынға таласады. Екеуі тең ойнаған жағдайда бір-бір ұпайдан беріледі. Бірі жеңсе үш апай, жеңілгені ұпай алмайды. Мысалы, егер Дания жеңсе, 22 ұпаймен көш бастайды. Словения құрамасы сол күйі 19 ұпаймен қалады. Ол үшін ұлттық құрама Сан-Мариноны сөзсіз жеңіп, ұпайды 18-ге көбейтуі керек. Артынша 20 қараша күні Словениямен ойында тиісті үш ұпайдың тағдыры шешіледі. Егер Словениядан басым түсер болсақ, турнирлік кестеде 21 ұпай жинаймыз. 

«Топтағы белгілі бір құрамалардың бізге қарағанда шеберлік деңгейі жоғары. Бірақ бізде мінез, фарт, бас бапкер, атмосфера мен киіну бөлме­сіндегі  аура бөлек. Мұны федерация президенті де қостап отыр. Сол үшін сіз бен біз де  ұлттық құраманы қолдап, келесі жылы Еурода доп тебетініне сенейік. Иә, қиын. Алда Ұлттар лигасы аясындағы ойындар күтіп тұр. Даниямен өткен кездесуден кейін де футболшылар «бізге сеніңіздер, бұл құрамадан жеңілсек те, Финляндияны жеңеміз» деді. Айтқанындай, сөзінде тұрды. Бірақ жанкүйерлерде де іштей күдік басым еді. Көпшілігі тең нәтиже күтті. Меніңше, осы мінезбен ойнауды жалғастырсақ, Сан-Марино мен Словенияны жеңіп, іріктеу кезеңінен өтеміз», – дейді спорт коммен­таторы Ербол Қайыров. 

Комментатор айтқанындай, әлі де арамызда ұлттық құрама ойынын сынап-мінейтіндер бар. Әлеуметтік желіде «жеңіске осынша қуанасыңдар ма?» дейтін мысқылды да көрдік. Осы жөнінде психолог Дина Байділдаеваның қандай жеңіс болса да қуаныш сыйлайтынын, эмоцияны барынша бағалау керегін атап өтті. Оның айтуынша, спорттағы қандай да бір нәтиже адамға рух береді, біріктіреді. Алдағы үлкен жеңістің бір бөлігіне айналады. «Ұлттық құраманың жеңісі ойыншыларға жігер береді, жанкүйерді шат-шадыман эмоцияға бөлейді. Айтарым, жеңісті құнсыздандыр­майық. Қайта қуанған үстіне қуана түсейік. Бұл футболшыларға үлкен ресурс беріп, жинақы ойнауға көмектеседі. Жеткілікті ресурсы, барынша қолдайтын жанкүйері бар құрама артқа шегінбесі анық. Сон­дықтан демеу көрсетіп, ішкі тірек болуды үйренейік», – дейді ол.

Психолог айтпақшы, ойыннан кейін шын қуанған жанкүйер де аз емес. Тіпті, Берлинге барсам деген ақшасына Сло­вения­мен ойынға билет алуға бел буғандары да баршылық. Демек, ұлттық құраманы қандай жағдайда да қолдайтын жанкүйер мәдениеті қалыптасып келеді. Әлеуметтік желіде алғыс айтып, көре қалса құрмет көрсетуге дайын. Бастысы, осындай жеңіст­ің арқасында әлем  көк Ту астындағы футболшылардың биікке көтеріліп келе жатқанын бағамдап жүр. 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ