«Әлемдік деңгейдегі өнер додасына еліміздің атынан қатысып қана қоймай, опералық режиссура бойынша кәсібилігін көрсетіп, бәсекеге қабілеттілігін дәлелдей алған бірден-бір опера режиссері Еренбақ Тойкеновпен аз-кем сұхбаттаса алдық.
– Биыл «Астана Опера» театры өз маусымын «Опералия» халықаралық фестивалінің өтуімен қорытындылады. Сол кезде халықты бір ай бойы түрлі қойылыммен сусындатып, әйгілі композиторлардың концерттік бағдарламалары қойылды. Соның ішінде сіздің ауқымды операңыз «Алжирдағы Италиян қызы» қойылды. Неге таңдауыңыз осы шығармаға түсті, оған не түрткі болды?
– «Қуған жетпес, бұйырған кетпес» дегендей, бұл шығарманың қойылуы маған бұйырған екен. Негізі басқа операға дайындалып жүргенмін. Оның үстіне «Алжирдағы Италиян қызы» камералық залда қойылуы керек еді. Екі жыл бұрын осылай жоспарланған болатын. Содан аяқ астынан үлкен залға ауыстырылып, басшылардың қолдауымен бұл шығарманы қою маған бұйырды. Бұл опера Дж. Россинидің «Севильдік шаштараз» опера-буффасы секілді ең ауқымды қойылымдардың бірі болып саналады. Операның өзі 500 бетті толық қамтыды. Антрактпен қосқанда үш сағат көлемінде жүрді.
– Ал «Алжирдағы Италиян қызының» артықшылығы неде?
– Әдетте, опера режиссерлары мен сценографтар шетелден шақырылатын. Бұл жолы тек костюм суретшісі Манана Гунианы ғана Италиядан шақырылды. Алғашқы кездерде көбіне шетелдік режиссерлардың асситенті болатынмын. Яғни, екінші режиссер. Бұл дегеніміз – біреудің идеясын өзіңнің идеяң секілді қорғау. Осы жолғы операны біз өз күшімізбен шығаруға тырыстық. Қоюшы режиссер ретінде өз идеямды өзім қорғадым. Қажетті деген жерін өзгерте алдым. Ал режиссердің асситенті болып жүргенде ондай еркіндік берілмейтін. Әрине, әттеген-ай деген жерлер бар. Негізі өз қойылымдарымның нәтижесін, яғни спектакльді көргеннен гөрі маған дайындық процесі қызық. Бастысы, қойылым көрермендерге ұнаса болғаны.
Болашақ көрерменіміз – балалар
– Аяқасты өзгеріс сізге қиындық әкелмеді ме?
– Қиындық демес едім... бірақ уақыт тапшы болды. Әр опера әртүрлі дайындықты талап етеді. Ал мына шығарманың дайындығына кем дегенде екі-үш ай керек еді. Оған қоса, дәл сол уақытта тағы бір премьера – балаларға арналған «Етік киген мысық» ертегісін камералық залда қоюым керек болатын. Оның дайындығына бір айдай уақыт кетті. Екеуін қатарынан алып жүру оңай соққан жоқ. Әрине, бәріне үлгердік. Ертегінің тұсаукесері балалар күніне орай қойылды. «Сабақты ине сәтімен» демекші, бәрі сәтімен өтті. Жалпы, балаларға арналған бірнеше спектакль қою ойымызда бар. Өйткені көрермендеріміз де, келешектегі әртістеріміз де осы балалардан бастау алатындығы анық. Сондықтан оған үлкен көңіл бөліп, болашақта театрдың іргесіндегі камералық залда балалар театрын ашамыз деген жоспарлар бар.
– Балалар театрын неге ашпақсыздар?
– Бізде театр іргесінде балалар студиясы бар. Жұмыс істеп жатқанына он жылдай болып қалды. Арасында өсіп келе жатқан әртістеріміз де бар. Кейбірі біздегі үлкен ауқымды спектакльдерге қатысады. Өзім де олармен бірнеше спектакль қойдым. Сондықтан жасөспірімдердің актерлік шеберліктерін тәжірибе жүзінде шыңдап жатқанына көзім жетті. Мысалы, басында кіп-кішкентай бала болып келгендер бүгінде жиырмадағы зіңгіттей қыз-жігіттерге айналды. Қазір театр солистерімен бірге рөлдерді сомдап жүр. Бүгінде олардың өз көрермені де пайда болды. Сол себепті де болашақ әртістерімізді өзіміз тәрбиелесек деген ой келді. Тіпті олардан әртіс шықпаса да, әрбір бала сахнада өзін қалай ұстау, қалай жүріп-тұру керектігін білетін болады. Сондықтан басшылықтың қолдауымен балалар репертуары көбейтіліп, ары қарай жетілдіру жолдары ойластырылуда. Осыған ат салысып жатқан жағдайымыз бар.
– Негізі қандай спектакльді қою қиын?
– Әр спектакльдің өзіндік қиындығы болады. Мәселен, опера-буффа, комедия жанрында күлдіре отырып, астарлы түрде терең мағынаны жеткізе алу – күрделі мәселе. Бұл жанрдың музыкалық драматургиясының өзінде мақсатты түрде психо-физикалық тұрғыда көп әрекет ету қажеттілігі туындайды. Таяуда осындай комедиялық жанрда композитор С. Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсын қою жоспарда тұр. Сондай-ақ, бүгінгі таңда балалар спектаклінің де өзіндік қиындығы бар. Қазіргі балаларды таң қалдырып, қызықтыру да оңай емес. Өйткені олар көріп жүрген мультфильмдердің таңғажайып безендірілуі (спецэффектілер) алуан түрлігімен қайран қалдырады. Театр қойылымдарының деңгейі де одан төмен болмауы керек. Сондықтан жаңаша тәсілдерді қолдану арқылы балаларға қызығушылық туғызуымыз қажет. Рас, біз де заманауи технологияларды қолданып, сценографияны медиасуретшілерге салғызып, декорацияны барынша әшекелейміз, бүгінгі күнге лайықтап костюмдерді де тігеміз. Бірақ бүкіл жұмыс осымен ғана шектелмейді. Ескі шығарма болса да оның идеясын жаңартуға тырысамыз. Мысалы, «Самрұқ келген таң» деген спектакль қазақтың ежелгі аңызының желісімен жасалса да, оның идеясы бүгінгі күнмен үйлесіп, жарқын болашақты меңзеп отыр. Бұл – балаларға арналған ең алғашқы спектакліміз.
Режиссер болмысынан тума талант болуы керек
– Режиссерлікті үйреніп алуға бола ма? Әлде режиссер болып туылу керек пе?
– Режиссерлік үйреніп алатын дүние емес, ол табиғатынан сезімталдық пен қиялға бай, бойға дарыған қасиет болуы тиіс деп ойлаймын. Және де сондай ой ерекшеліктерін дамыту үшін орта керек. Өз басым да көзімді ашқалы өнерлі шаңырақта өсіп-өндім. Осы орайда бала кезімде есте қалған бір көріністі айта кетейін... Ол кезде мен үш жаста екенмін.
Бір күні әкеміз ағам екеумізді музыкалық балалар спектакліне алып барды. Бұл консерваторияның қабырғасында қойылған студенттік спектакль болатын. Сол жерде әкеміз жағымсыз бір кейіпкердің рөлін сомдады. Біз әкемізді сахнадан бірден таныдық. Гриммен боялған түр-әлпетіне қарап, мәз болып отырғанымызда, сценарий бойынша біреу кенеттен әкемізді тарс еткізіп атып жіберді. Әкеміз сол жерде сұлқ құлады. Баламыз ғой, әлгі жерде сахна ойынын шынайы қабылдап, «әкеее, әкеее» деп айқай салып жыладық. Содан бүкіл ел бізге қарап, қыран-топан болды...
Осылайша, әр кез театр сахналарын тамашалап, қиял ертегілерден әсер алып өстік. Кейіннен музыкалық мектепте оқып, әртүрлі аспаптарды игердім. Осының барлығы болашақта өнерге деген көзқарасымның қалыптасуына зор әсерін тигізді. Жалпы, өзіме сурет салу, сәулет өнері, қолөнер жақын. Негізі, шұқыма жұмыстарды ұнатамын. Бірақ бәрібір өз ортаңнан алысқа кетпейді екенсің...
– Режиссураға қалай келдіңіз? Неге оны таңдадыңыз?
– Оны таңдауыма Ю.И. Ханинга себепкер болды. Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында жаңадан ашылып жатқан актерлік шеберлік мамандығына түстім. «Сахнаға шыға аламын ба?», «Адамдармен тіл табыса аламын ба?» деген күмәнді оймен өзімді сынап көрмек болдым. Сонда жоғарыда аталған ұстазым жұмысымды қарап отырып, «Мүмкін режиссураға түсерсің. Ол жерде актерлік шеберлікті де оқисың, бір оқпен екі қоянды атуға болады. Меніңше, ондай мүмкіндік сенің бойыңда бар секілді» деп бағыттады. Негізі кішкентайымыздан театрдан қол үзбей өстік. Алайда опера режиссері боламын деп ойламадым. Бізде оны оқытатын оқу орны да жоқ еді. Кейіннен Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына ауысып, драма режиссері мамандығы бойынша Қазақстанның халық әртісі, профессор М. Бейсеркеновтен тәмамдадым.
Режиссерлік жұмысты Семей қаласында «Дариға-ай» жастар театрынан бастадым. Кейіннен Павлодарда облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ драма театрының бас режиссері қызметін атқардым. Сол кезде жасым 24-те еді. «Бас режиссермін» деп айтуға да ұялатынмын. Әлі толысуым керек, жетілуім керек деп ойладым. Бірақ театр ұжымы жастығыма қарамастан, қажеттіліктеріне орай сондай шешім қабылдап, режиссерлікке тағайындады. Сол театрда ағылшын драматургі Рейчмен Альфредтің пьессасы бойынша «Шытырман оқиға» және драматург Қалихан Ысқақтың «Қыл көпір» спектакльдерін қойдым.
Кейіннен Мәскеудегі Қайта даярлау академиясына (АПРИКТ) опера режиссері мамандығына түсіп, Б.Покровскийдің тікелей оқушысы Н.И. Кузнецовтан білім алдым. Одан соң ГИТИС-те опера режиссері мамандығы бойынша Ресейдің халық әртісі А.Б. Тительдің ғылыми жетекшілігімен магистратураны бітірдім.
– Қандай арманыңыз бар?
– Ең үлкен арманым – қазақ операсын әлемге таныту. Мәселен, Дмитрий Черников деген режиссер «Война и мир» шығармасын әлемдік деңгейге шығарған. Сол секілді аз да болса, өзіміздің операларды әлемге таныстырсам деп ойлаймын. Әлемдік театрларға да жаңа шығарма қызық болар еді. Соны таныстыратын мықты режиссер керек. Мысалы, Абай операсын басқа елде қою үшін сол елдің менталитетіне байланысты қойылса, көрермен қабылдай алады. Театр жай ғана көңіл көтерін дүние емес. Ар жағындағы философиясын, түпкі мақсатын көрермен өздері бағалауы керек. Ал біздің мақсат – шығарма арқылы халыққа ой салуымыз керек.