Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин келіссөз қорытындысында осыған уағдаласты. Ал екіжақты ынтымақтастық нәтижесі көп күттірмеуі мүмкін.
Қазақстан көшбасшысының осы жолғы Бейжіңге сапарын бірқатар сарапшы «тарихи» деп бағалады. Қытай ақпарат құралдары да тарихи деген айқындауышты жиі қолданды. Бекер емес: алғаш рет, 2013 жылы қазақ жерінде, Астанада жария етілген «Бір белдеу, бір жол» (бүгінде оны «Белдеу мен жол» деп атайды) халықаралық бастамасына биыл он жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде бастама планетамыздағы барлық дерлік континентті өзара жалғап үлгерді.
ҚХР Төрағасының былтырғы қыркүйек айында елімізге сапары аясында ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталғаны жарияланған болатын. Қазақстан лидерінің осы сапары нәтижесінде өзара байланыстардың одан әрі нығаюына тың серпін берілді.
Екі елдің сауда-саттығы қарқынды өрістеп жатыр. Қытай тарапынан жалпы көлемі 21 миллиард доллар инвестиция салынатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бір ғана мысал жеткілікті: SINOPEC компаниясы Қазақстанда полиэтилен өндірісі жобасына толыққанды серіктес ретінде қатысады. Республикамыз мұнай-газ химиясына қатысты әлемдік деңгейдегі мұндай ауқымды жобаны бұған дейін жүзеге асырмаған. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар. Компания зауыт құрылысын 2024 жылдың екінші жартысында бастауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ дәл осы компания Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында тағы бір стратегиялық жобаны жүзеге асыруға – терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салуға ниетті.
2024 жыл Қытайда «Қазақстан туризмі жылы» болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Осы сапарының аясында Мемлекет басшысы Бейжіңде, өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында қазақ ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабиге қойылған бюстті салтанатты түрде ашты.
Қ.Тоқаев мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санайды. Сол себепті ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді 2024 жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Демек, ынтымақтастық ырысы тек артуы тиіс.
Екі ел басшысының келіссөздері қорытындысында 5 құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен ҚХР әлемнен оқшауланған Ресейді айналып өтетін «Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім» бекітті. Екі елдің үкіметтері Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі тағы бір келісімге келді. «Тачэн – Аягөз» теміржолын бірлесе салуға мәмілелесті. Рапсты экспорттау кезіндегі фитосанитариялық талаптар туралы хаттама бекітілді.
Сапар аясында жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа, соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды.
Өркендеу өрісі жолдармен кеңейеді
Қазақстан көшбасшысы Бейжіңге ресми сапарының екінші күні Жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты. Тоқаевтың бағалауынша, қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды.
Қазақстан көршісінің осы жаһандық бастамасын ілгерілетуге алғашқы күннен белсенді атсалысып келеді. Тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзінде Си Цзиньпин дәл осы бастаманы бірлесіп жүзеге асыруға шақырған еді. Қазақ елінің қолдауынсыз, оның жүзеге аспайтынын білдіріп, еліміздің маңызды рөліне назар аудартты. Қазақстанның қызу қолдау көрсетуі арқасында «Белдеу мен жол» жаһандық мегажобаға, ал Қазақстан халықаралық транзиттің басты бір буынына айналды. Нәтижесінде, транзиттен мол табыс тауып отыр.
Мемлекет басшысы осы халықаралық бастама аясындағы Қазақстанның жетістіктері жөнінде де айтты.
– Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ – қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, – деді Қ.Тоқаев.
Оның айтуынша, еліміз үш жыл ішінде 1 300 шақырым жаңа теміржол жол салуды, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуды, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарын тұрғызуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді.
Батыстың Ресейге санкция салып, оқшаулауы аясында Қазақстан мен Қытай оны орағытып өтетін Транскаспий бағытын бірлесе дамытуда. Ол жөнінде үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Күш-жігерді тиімдірек үйлестіру үшін Қазақстан лидері ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынды. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделі.
Қ.Тоқаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз етіп, әлемнің жетекші әуекомпаниялары үшін сенімді әуе көпірі, ыңғайлы айлақ болуға дайын.
Мысалы, осы бастама аясында Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік магистралі Батыс әлемі мен Азия-Тынық мұхит аймағы арасындағы қашықтықты еселеп қысқартты. Бұл маршруттың 2 787 шақырымы Қазақстан территориясы арқылы өтеді. Бүгінде Қытайдың Еуропаға жөнелтетін экспортының 85 пайызы қазақ елі арқылы жөнелтіледі. Сарапшылар тіпті Қытайдың бұл жөнінен Қазақстанға тәуелді болып қалғанын қаперге салады. Бейжіңнің Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшілік мәңгілік орнағанын және сақталып тұрғанын қалауы да осыдан. Мұны мысалға, байырғы замандарда Ұлы Жібек жолымен әлемнің әр түкпіріне өткен керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, содан дәулет жиған ғұн, көк түрік бабаларымыздың айбынды, айдынды істерімен салыстыруға болады.
Яғни, бұл тіпті әлемдік алпауыт саналған Кеңес Одағының қолынан келмеген іс еді. Біздің Ұлы далада жоқ жерден алып магистралды жолдар, жаңа теміржол стансалары мен жол тораптары пайда болды.
Батыс пен Шығыс арасында үздіксіз ағылған жүк ағынының басым бөлігі Қазақстан мен ҚХР арасындағы Достық – Алашанькоу халықаралық өтпесі арқылы өтеді. Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо бір мысал келтірді. Алашанькоу теміржол порты 2012 жылы ғана пайда болыпты. «Белдеу мен жол» бастамасының құрылысындағы маңызды торап қызметін атқарған ол бүгінде ірі қала-портқа айналды. Қытай – Еуропа арасындағы теміржол жүк тасымалының артуына орай Алашанькоу арқылы жалпы жиынтығы 111 маршрут салынды.
Ынтымақтастықты кеңейтудің міндеттері қандай?
Осының алдында шығыс көршіге сапарлап, Бейжің, Үрімші, Шэньчжэнь, Цзинань сияқты мегаполистері мен өнеркәсіп орталықтарын аралап қайтқан Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин екі елдің ынтымақтастығын дамыту өрісінің өте кең екенін бажайлапты. Ол үшін не істеу керек?
Біріншіден, логистиканы өрістеткен жөн. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тауарайналым 2022 жыл қорытындысында 31 миллиард долларға жетті. Биыл одан да жоғары болады. Бұдан бұрын екі ел осы көрсеткішті 40 миллиард долларға жеткізуге уағдаласқан. Бұл межелі асу келесі жылы алынуы мүмкін.
С.Жұманғариннің айтуынша, өзара тауарайналымды ары қарай арттыру үшін «кедергісіз логистика» керек. Көлік пен логистикалық қызметтер жүйесі озық дамыған елдердің арасындағыдай биік деңгейге жетуі қажет. Бұл үшін екі ел Сианнің құрғақ портында логистикалық терминал салуға келісті. Ол іске қосылған соң Қазақстанның тек Шыңжаң – Ұйғыр автономды ауданымен ғана емес, бүкіл дерлік Қытаймен логистикасы түзіледі.
Екіншіден, қос көрші бірлесіп, өңдеу саласын дамытуы керек. Қытай тарапы бұған инвестиция салуға мүдделі. Мәселен, бұдан бұрын қазақстандық үкіметтік делегация шикізат өндіріп, металдарды өңдеумен айналысатын Amer International Group конгломератының басшылығымен кездескен екен. Оның басқарма төрағасы Ван Вэньиннің айтуынша, кәсіпорында енгізілген өңдеу технологиялары арқасында шикізаттың құны бастапқыда 10 есе, содан соң терең әрі жан-жақты өңдеу арқылы 100 есе өсті. Ал кейбір тауар бойынша шикізаттың бастапқы құны 1000 есеге дейін артатын көрінеді.
Қазақстандық вице-премьердің сендіруінше, ҚХР осы технологияларын бізбен бөлісуге, инвестициялық серіктестік құрып, өз кәсіпорындарында қазақстандық мамандарды оқытуға дайын. Мысты өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру жобасы талқыланбақ.
Үшіншіден, өзара ынтымақтастыққа серпін беретін тағы бір сала – агроөнеркәсіптік кешен. Бұл секторды өркендету мәселесіне биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы жеке тоқталып, баса мән бергені белгілі. Біздің Үкімет қытайлық бизнеске ауыл шаруашылығында инвестиция салу үшін кез келген бағытты таңдап, жоба ұсынуға шақырды. Өз кезегінде Қазақстан оны қолдайтын болады.
Жұңғо елінің кәсіпкерлері Қазақстанда тұқым шаруашылығын, органикалық тыңайтқыштар өндірісін, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыруды, ауыл шаруашылығында қолданылатын инновацияларды, интернет-банкинг пен логистиканы дамытуға қызығушылық танытып отырған көрінеді.
Қытай миллиардер, миллионерлер саны жөнінен әлемде алғашқы орында. Орта табы да өте көп. Олар жергілікті емес, шетелдік экологиялық таза өнімдерді тұтынады. Серік Жұманғарин ҚХР азаматтары қазақстандық балды, балмұздақты, макарондарды, сусындарды, сұйық майды, қазақ ұнынан жасалған өнімдерді, кондитерлік тағамдарды, етті ықыласпен сатып алып, сүйсіне жейтінін жеткізді.
Осы және басқа қазақстандық жеңсік астың, тауарлардың бәрін Alibaba, биылдан бастап JD.com алаңдары арқылы сатып алып, тапсырыс бере алады. Бүгінде қазақстандық өнімдерді қытайлық маркетплейстер арқылы тек Қытай тұрғындары ғана емес, сонымен қатар Германия, Марокко, Гонконг, Сауд Арабиясы және басқа елдердің тұтынушылары да ала бастады.
Айтқандай, Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express Co. Ltd компаниясының басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяоны қабылдады. Президент Қазақстанның 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін жалпы сауда-саттық нарығының 20 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ол қытайлық компания басшысымен электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Қытайдың тез жеткізуге маманданған ең ірі логистикалық операторларының бірі саналатын бұл компания қазақстандық нарыққа кіріп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды жоспарлап отыр. Бұл уағдаластық «Қазпошта» мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою аясында бекітілді. Кәсіпорын еліміздің бірқатар өңірінде «А» санатына жататын жоғары технологиялық мультимодальды орталықтар салуды жоспарлап отыр. Мұндай инфрақұрылым тауарды жедел өңдеп, оны Еуропа одағы, Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдеріне шығаруға оңтайлы жағдай жасайды. Ал интеллектуалды IT шешімдерді енгізу логистика процесін толықтай автоматтандыруға мүмкіндік беріп, электронды коммерция тауарларының кеденнен жылдам өтуін қамтамасыз етеді.
Жүк ағыны кептеліске тірелмеуі керек
Президент жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әділ Кәукеновтің айтуынша, қазіргі заманның Жібек жолы саналатын «Белдеу мен жол» бастамасын ілгерілетудегі бірлескен күш-жігер Еуропа мен Азияның өзара байланысы үшін маңызды нәтиже беруде. Мысалы, көлік инфрақұрылымын дамыту арқасында Қытай-Еуроодақ арасындағы Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдар 104 есеге жуық өсті.
«Мысалы, «Белдеу мен жол» жұмыс істеген он жыл ішінде ғана Қазақстан мен Қытай арасында теміржол арқылы 6,5 миллионнан астам контейнер тасымалданды. Бұл ретте Қазақстан арқылы Қытай – Еуропа–Қытай бағытында контейнерлік тасымалдау көлемі 100 еседен астам, яғни 2013 жылғы 7,6 мың контейнерден 2022 жылы 790 мың контейнерге дейін өсті. Қазақстан халықаралық биік стандарттарға сәйкес өзінің көлік инфрақұрылымын дамытуға мүдделі. Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: ұлан-байтақ даламызды, әрбір облысымыз бен қаламызды заманауи бағыттармен қамтып, қазақстандық өнімдердің әлемдік нарықтарға шығуы үшін қолайлы маршруттар түзеді», – деді Әділ Кәукенов.
Сарапшы Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ары қарай дамыту перспективасына тоқталды. Қос көршінің арасын біраз жерде тау бөліп жатыр. Сондықтан географиялық факторларға байланысты ҚХР-мен шекаралық сауда тек бірнеше нақты аумақ арқылы жүзеге асырылады. Олардың ішінде ауқымдысы әрі танымалы – «Достық» шекаралық өткелі. Автомобиль және теміржол магистралдары қатар өтетін бұл жерде жиі көлік кептелісі болып, жүк ағыны шөлмектің мойнындай тар жерге тығындалады.
Ендеше Қытай мен Қазақстан арасында келешегі бар жобалардың бірі – «Достықтағы» көлік кластерін кеңейту, сондай-ақ осы учаске арқылы өтетін тауарларды интернационализациялау (тауарлардың трансшекаралық қозғалысын арттырып, елдер арасындағы экономикалық байланыстарды өрістету). Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізін салу және Қорғасқа дейінгі теміржолды өткізу болмақ.
Бүгінде «Бақты – Чагучак» шекара өткеліне дейін жаңа теміржол жолын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тар жерлерді кеңейтудің және трансконтиненталды сауданы дамытудың жаңа нүктелерін құрудың тағы бір маңызды факторы болады.
Елдос СЕНБАЙ