3330 шумақтан тұратын дастан

19 қазан күні Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі­нің қорына жаңа жә­­дігер қосылды. Ұлт ұстазының туған жері Торғайдан жеткен ыстық ықыласқа толы құнды сәлемдеме туралы осыдан бірер ай бұрын хабар алған болатынбыз.

Ақжарма жаңалықты Ахметтің жерлесі, ғалым мұрасының жанкүйері болып жүрген Қайрат Қабылов ай бұрын музей-үй бөлім меңгерушісі Әділет Ахметұлына жеткізген. Бүгін сол мерейлі сәттің куәсі болдық. 

Ахмет Байтұрсынұлына сан алуан та­қырыпта арнаулар жазылған. Өнер атау­лының сан қырлы жанрынан Ахметті ұлық­таған туындылар көптен көп. Солай болуы заңды да. Өйткені ол – Ұлттың ұлы ұс­тазы емес пе?! Ғалымдар Ахметті толас­сыз зерттеуінен бөлек, суретшілер суреті­не, киношылар киноға, ақындар жырына, күйшілер күйіне арқау етуде. Ал Ұлт ұста­зы­ның көзі тірі кезінде-ақ жұрт құрме­тіне ие болып, талайлаған тұстас қалам­гер­лер­дің қаламына іліккені бір бөлек әңгіме. Ах­мет Байтұрсынұлына ақындардың тө­гіл­те жыр арнап, өлеңдеріне арқау етуі ға­лым ақталған 35 жылдан бері жиілей түс­ті. Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлы му­зей-үйі ұжымы ғалымға арналған өлең-жыр­лар топтамасын бір кітап ретінде жи­нап, баспадан шығаруды көздеп отыр. 

Ахметке арнау жазған қаламгерлердің қа­тарында Рахым Ырыскелді ақсақал бар. Рахым ағаның бір кереметі Ұлт ұстазына ар­нау дастанын 3 330 шумаққа, яғни 13 320 жолға жеткізе жырлапты. Кітаптың аты «Торғай толғауы: Ұлы Ахмет Байтұр­сын – ұлт ұстазы» деп аталады. 608 беттен тұратын көлемді дастан бүгін Ахмет Бай­тұрсынұлы музей-үйіне келді. 

Кітап авторы Рахым Рыскелді 1941 жы­лы Торғайда туған. Сексеннің сеңгіріне шық­қан ақынның кітабын бүгін Алма­ты­дағы ұрпақтары музей-үйге табыс етті. «Шақ­шақ Жәнібек – Ұлт қорғаны» атты кө­лемді дастаны 2010 жылы жарық көр­ген. Қалам иесі дастан жанрында мұнан да өзге еселі еңбек еткен. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті тарих пәні оқытушысы Роза Ра­хымқызы Жазықбаева әке қаламынан ту­ған көлемді еңбекті өзінің шәкірттерімен бірге әкеліп, музей-үй ұжымына сыйға ұсын­ды. Ата аманатын ғалым үйіне жет­кізуге автордың немерелері, мектептегі жас бүлдіршіндер Әлия Жазықбаева мен Да­на Жазықбаева да келіп, асқар тау ата қаламынан туған кесек еңбекті музей-үй жетекшісі Райхан Имаханбетке сыйлады. Кітап­ты жәдігерлер қатарына қосу ба­ры­сы танымдық дәріс деңгейінде өтті. Ша­ра­ға қатысушылар ұлтының бүгінгі жарық күні үшін тар есік, тас босағада азапты ғұ­мыр кеше жүріп, артына өшпес із қал­дырған Алаш көшбасшысы туралы сыр бөлісіп, ғалымға кітап арнаған өзге де белді қаламгерлерді атап, жас студенттерді ұлттың ұлы тұлғаларын ардақтауға ша­қырды. Музей-үй ұжымы кітап авторына ыс­тық ықыласты сәлемдерін айтып, ал­ғыс­тарын білдірді. Алыстан қорғасындай салмақты еңбегін арнайы жіберген Рахым Рыскелді ақсақалға Райхан Имаханбет өзі­нің Ұлт ұстазы туралы жазған «Ғасыр саң­лағы» кітабын келушілер арқылы тарту етті. 

Ақмарал БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

А.Байтұрсынұлы музей-үйінің экскурсоводы